Жаңалықтар

Партия бағдарламаларын іске асырудың жол картасы әзірленуде

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламалары негізінде облыста 2025 жылға дейін 14 аумақтық даму бағдарламасы бекітілген болатын. Осы орайда партияның депутаттық фракциясы сайлауалды уәделерін іске асыруға кірісті.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Ербол Данағұлов облыста, Ақтөбе қаласында және барлық аудандарда жаңа шақырылымдағы мәслихаттардың бірінші сессиясы өткенін хабарлады.

Оның айтуынша, Nur Otan фракциясы сайлау қорытындысы бойынша өкілді органдардың басым бөлігін қалыптастырып, облыс бойынша 202 мандаттың 81,2 пайызын құрады.

— Праймериз өткізу кезінде облыс бойынша партияның сайлауалды бағдарламасы халық арасында кеңінен талқыланып, 1,1 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары барысында өңірімізде, оның ішінде шалғайдағы елді мекендерге барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін сұрадық. Олардың 82 пайызы өңірлік бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Кездесуде болған тұрғындардың көбі елдің ішкі тұрақтылығы мен саяси бағытын құптады, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының артуын қалады. Сондықтан да басты мақсатымыз ретінде халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға ден қойып, 7 негізгі басым бағытты назарға алдық. Елбасы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз, Nur Otan партиясы депутаттары барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етеміз, — деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бағдарламаның әрбір бағыты бойынша нысаналы индикаторлар мен мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті жол картасы әзірленіп, жария түрде қарауға ұсынылады.

— Біз халық пен билікті байланыстыратын буын ретінде халықтың сенімі мен ақ-адал аманатын арқаладық. Сондықтан да сайлауалды бағдарламаларымыз арқылы еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін ұсынып отырмыз. Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде Nur Otan атқарылар оң істердің басында болып, өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қамтамасыз етеді, — деді Ербол Данағұлов.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button