Жаңалықтар

Едіге Елордада ұлықталды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы-термеші Алмасбек Алматов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен тарихшылар, жыршы-термешілер, Парламент Мәжілісінің депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы-термеші Алмасбек Алматовтың жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомын таныстыру, сондай-ақ «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклордағы, руханиятымыздағы алар орнын дәріптеу мақсатында өткізілді.

Аталған музыкалық жинаққа «Едіге батыр» эпосы, сондай-ақ Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқасы), т.б. енген. Жинақ 10 дыбыстық жазба дискіден тұрады. Жалпы саны 40-тан асатын жыршыдан 60 сағаттық жыр жазып алынған. Сондай-ақ жинақта қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Едіге батыр туралы ғылыми талдау, жырды бүгінгі күнге дейін жеткізген жыршылар туралы түсіндірмелер берілген. Музыкалық альбом 500 дана болып шыққан.

Шараны жүргізген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет бұл жоба ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынғанын, соңғы екі жылда облыс көлемінде «Едіге батыр» эпосын насихаттауда кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті.

— Бұған дейін өңірімізде «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференция өткізіліп, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында есімі ел есінде сақталып, қаһармандықтың символына айналған Едіге бабамызға көше беріліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ карантин кезінде жаңа форматта «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» айдарымен онлайн режимде бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтсақ, белгілі жыршылардың қатысуымен 7 мыңнан астам тыңдарманды қамтыған 20-ға жуық жыр кеші өтті.

Ал былтыр облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей басшылығы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын жарыққа шығару қолға алынды. Осылайша бүгінге дейін 150-ден аса шәкірт тәрбиелеген белгілі жыршы Алмасбек Алматовтың жетекшілігімен елі­міз­дің әр өңірінен шық­қан жыр­шы-жыраулардың орындауындағы аудиожазбалар жинақталып, «Ер Еді­ге» — Ноғайлы дәуірінің жыры»­ атты музыкалық альбом жарыққа шықты. Бұл жинаққа «Едіге» мен «Қырымның қырық батыры», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» қаһармандық дастандарын жырлаған Мұрын Сеңгірбайұлы, Нұртуған, Нұрпейіс Байғанин нұсқаларынан өзге ел ішінен әр кезеңде жинақталса да, бұрын-соңды жарыққа шықпаған жырлар енгізілді, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз сөзінде Мейрамбек Шермағанбет алдағы уақытта облыс көлемінде Едіге батыр мен оның ұрпақтарына қатысты тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып,  Ноғайлы дәуірін тереңірек зерттеуге бағытталған жұмыстарға Вадим Трепавлов, Амантай Исин сияқты жетекші ғалымдар жұмылдырылатынын жеткізді. Сондай-ақ Едіге батырдың жерлен­­ген жеріне байланысты бірқатар деректерді жан-жақты саралау, «Едіге» эпосының ұлттық нұсқасын ретке келтіру қолға алынатынын айтты.

Бұдан кейін конференцияда сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов халқымыздың басты құндылығына айналған, төл өнеріміз — жырды көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — бүгінгі аға буынға ортақ парыз, ал «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының жарық көруі ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға екенін атап өтті.

— Едіге батырдың өмірі мен ерлік жолдары — қазаққа ғана емес, түркі халықтарына ортақ мұра. Осы ретте атақты эпик жырау Мұрын Сеңгірбайұлының орындауындағы «Қырымның қырық батыры», Нұрпейіс Байғанин, Нұртуған Кенжеғұлұлы жырлаған жыр жолдарының осы жинаққа енгізілуі жобаның құнын арттыра түсіргені анық. Бұл музыкалық жинақтың бүгінгі және болашақ ұрпақты ізденістерге бастар жоба болатынына, алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім білдіремін. Осы шараны іске асырып, бастама көтерген облыс әкімі Оңдасын Оразалинге министрлік атынан ерекше алғысымды білдіремін, — деді вице-министр.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед, Германиядан шығыстанушы түркі халықтарының қаһармандық эпосын зерттеуші, профессор Карл Райхл, Ресейден У.Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Суюновалардың бейнежазба арқылы Едіге батыр туралы айтқан ой-пікірлері тыңдалды.

«Ер Едіге» дастандар циклінің еліміздегі танымал жыршылар мен орындаушылардың атсалысуымен алғаш рет жинақ болып жарыққа шығуы — үлкен қуаныш, ұлттық руханиятқа қосқан сүбелі үлес. «Ер Едіге» — түркі халықтары арасында ең көп тараған жырлардың бірі. Жинаққа енген жырларда көптеген тарихи тұлғалардың есімдері аталып, ерлік істері баяндалған. Сондықтан осы жинақты шығаруда еңбек еткен барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед лебізін жолдап.

Конференция барысында жоба авторы, белгілі жыршы-термеші Алмасбек Алматов аталған музыкалық жинақ көп уақыт ізденістің нәтижесінде жан-жақты зерттеліп барып қолға алынғанын, «Ер Едіге» жырының Нұртуған нұсқасында әлі де қалған дастандар бөлімі бар екенін, болашақта Едіге батырды түбегейлі зерттеп, жинақтағанда, осы деректер назарда болу керектігін атап өтті.

  • Бұрын «Ер Едіге», «Қырымның қырық батыры» дастандары том-том болып сөреде тұратын. Жыршы-жырауларымыз оны жырлауға дайын болмады. Сондықтан 1998 жылы елімізде «Дәстүрлі өнер, жыр» мамандығының мемлекеттік стандарты жасалып, жоғары оқу орындарында арнайы мамандық ретінде ашылды. Бүгінгі таңда осы мамандықты бітірген мамандарымыздың алды өнертану, педагогика ғылымдарының кандидаты болып, жоғары дәрежеге жетті. Соның нәтижесінде 30 жыл көлемінде дайындала келе, өз шәкірттеріміз арқылы осы жұмысты қолға алдық.

Бүгінгі таң­да аға буын жыраулар ішінде Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембековтің жасы жетпіске таяды. Орта буын жыршылардың жасы — отыз-қырықта болса, жас орын­дау­шыларымыз — 18-20 жас­тағы студенттер. Демек, «дәстүр­лі өнер, жыр» мамандығын жоғары оқу орындарында оқы­­ту, жастарды кәсіби маман ретін­де даярлау — 550-ден астам ба­тыр­лық жырымызды халыққа рухани байлық негізінде ұсыну деген сөз, — деді А.Алматов.
Өз сөзінде жоба авторы алдағы уақытта елордада, сондай-ақ Ақтөбе жерінде халықаралық деңгейде музыкалық-фольклорлық, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген ұсынысын білдірді.

Жиында сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бұл жинақтың ұлттық өнерімізге, руханиятымызға олжа салған үлкен қазына екенін айта келе, жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімі Оңдасын Оразалинге, сондай-ақ жобаның жетекшісі Алмасбек Алматовқа шынайы ризашылығын білдірді.

— Бүгінгі шараның ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналуының өзі — бір тарих. «Ер Едіге» жыры — бұл репрессияға ұшыраған, тек қана тәуелсіздік арқылы ғана бізбен қауышқан тағдырлы жыр. Кезінде «Едіге» жырына Мәскеу ресми түрде тыйым салған. Өткен жылы бұл жырға 600 жыл толды. Кезінде Әлкей Марғұлан 1940 жылы бұл жырға 560 жыл толғандығын айтып кеткен. Біздің пайымдауымызша, мысалы, Иолығ-тегіннің «Күлтегін» жыры оның қайтыс болған кезіндегі жоқтаудан басталса, Едігенің қайтыс болған кезінен бастасақ, бұл жырға 600 жыл толып отыр. Едігенің тірі кезінде бұл дастанның шықпағаны анық, — деді ол.

Ал едігетанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұма-Назар Асановтың айтуынша, Виктор Жирмунскийдің еңбектеріне сүйенсек, «Қырымның қырық батыры» — қазақтың эпикалық жыры. Оның алтын діңгегі — «Едіге» эпосы. Яғни, бұл — циклдық жыр. Онда Едігенің ата-бабалары мен ұрпақтары баяндалады.

— «Қырымның қырық батыры» циклдық жырының негізгі өзегі «Едіге» эпосы болса, онда Едігені бұл жырдан бөліп қарауға болмайды. Шоқан Уәлиханов: «Едіге» жыры — бұл қазақтың тарихи жыры», — деп бағалаған. Бұл жыр тек қазақта ғана сақталған. «Едіге» жырын Бұқар, Қазтуған, Доспамбет сияқты жыраулар шығарған. Себебі бұл жырда аталған жырауларда кездесетін астарлы сөздер бар. Мәселен, «Едіге» эпосының Шоқан Уәлиханов нұсқасын алып, оның астарына үңілсек, бұл жыр Алтын Орданы жоқтаудан тұрады. Бұл жырдың мен білетін 60 нұсқасы бар. Оның барлығында «Едіге деген ер еді, Елдің қамын жер еді»,— деген пікірге тіреледі. Бұл жырды 1944 жылға дейін Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан, Қажым Жұмалиев, Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, тағы басқа ғалымдар зерттеген. Алайда олардың еңбектері бүгінге дейін бізге жетпеді. Тіпті бұл жырды айтуға, насихаттауға тыйым салынғаны тарихтан мәлім, — деді Ж.Асанов.

Конференцияны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет халқымыздың аса құнды жыр мұраларының бірі — «Ер Едіге» жырын болашақ ұрпаққа насихаттауда әлі де бірқатар тың жобалар жүзеге асырылатынын жеткізіп, музыкалық жинақтың жарыққа шығуына атсалысқан Алмасбек Алматов бастаған жыршы-жырауларға, тарихшыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Шара соңы жыршы-термеші Қоныс Жүсіптің орындауындағы «Асау-Барақ» жырының үзіндісімен аяқталды.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button