Білім

Берік байланыс — үздік үлгерім негізі 

Жарты белесін еңсерген осы оқу жылында еліміздегі өзге білім беру мекемелері сынды №60 жалпы білім беретін орта мектеп те оқушыларды қашықтан оқытуға дайын болды. Біз отандық білім беру жүйесіндегі жаңа тәсілге қажетті деңгейде әзірлендік. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, кезекші сынып жұмысы ұйымдастырылды.

Төтенше жағдайға байланысты 2019-2020 оқу жылының 4-тоқсанынан бері қашықтан білім алып жатырмыз. Оқушыларымыз мұғалімдерімен әрдайым кері байланыста. Қашықтан оқу арқылы бұрынғыға қарағанда интернетті дұрыс қолдануды, жаңа бағдарламаларды игеріп, онымен жұмыс жасауды, камера алдында еркін сөйлеуді үйретіп жатыр. Білім ізденісті он есе талап ететінін түсіндік. Қашықтан оқыту заманауи білім беру жүйесінің болашағы екені сөзсіз.

Біз өз тарапымыздан әріптестерімізбен, ата-аналармен және оқушылармен үнемі байланыста болуға тырысамыз. Олармен кері байланыс орнату — біздің мектептің жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Олардың қойған сауалдарына жылдам әрі мазмұнды жауап беру маңызды. Төтенше жағдай кезінде ғана емес, бұрыннан да біз коммуникацияның түрлі құралдарын пайдаланып отырмыз. Олар — мектеп сайты, әлеуметтік желілердегі ютуб, инстаграм парақшаларымыз. Сонымен қатар біз Whatsapp-чаттарын және Telegram арналарын тиімді қолданамыз. Мұндай жұмыс форматы туындаған сұрақтарға дереу жауап, түсініктемелер беруге, қажетті ақпаратты тез арада алуға және жеткізуге мүмкіндік береді. Бізге жалпы білім мен тәрбие берудегі және мектебіміздің жұмыс жүйесінің тиімділігін үнемі арттырып отыру үшін әрдайым олармен байланыста болу, ұсыныстар мен пікірлерді, тілектер мен ескертулерді естіп-біліп отыру — өте маңызды. Сондықтан да сұрақ, өтініштері болса, біз тыңдаймыз, олармен бірлесе отырып дұрыс жолын табамыз.

Қандай қиын кезеңмен тұспа-тұс келсек те, жаңа оқу жылын мектебіміз жақсы жаңалықтармен бастады. Тамыз айында педагогтер мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің облыстық кеңесінің пленарлық отырысында біздің білім ордамыз үшін сүйіншілейтін жаңалықтың хабары естілді. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша орта білім беретін үздік ұйым анықталып, №60 жалпы білім беретін орта мектеп республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының грант жеңімпазы атанды. Сегіз миллион бес жүз мың теңге көлеміндегі грантқа ие болып, тағы бір жетістікті еңсердік. Кеше ғана бой көтерген мектебіміз үшін мұндай толағай табыстарға қол жеткіз — биік мәртебе.

Былтыр алғаш рет мектебіміздің жанынан «60 LIVE» телеарнасы өз жұмысын бастады. Бұл білікті де білімді тілшілерді дайындайтын орталық болмақ. Ана тілінің төл табиғатын жетік білетін, тіл байлығының бай қорын тиімді пайдалана білетін, дауыс ырғағы мен жылдамдығы үйлесім тапқан, құлаққа жағымды, түр-келбеті де келісті, көзге жылы, түсі игі, көрерменмен лайықты әрі сыпайы қарым-қатынас жасай білетін тележүргізуші деген мамандықтың қазір бүкіл салада ділгірлігі байқалады. Бұл күнде миллиардтан астам қолданушылары бар өте танымал әлеуметтік желі инстаграм мен ютуб каналы арқылы өз тікелей эфирін жүргізіп, өз саласы бойынша табыс шыңынан көрініп жүргендер қаншама. Міне, осыларды ескере келе, соған мектеп жасынан өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Қазіргі таңда мұғалімдердің өздеріне де тележүргізуші ретінде жаңа рөлге үйрену керек болып тұр. Дағдарысқа байланысты барлық сыныптар үшін видеосабақ дайындаған олар камера алдында өздерін біршама еркін сезініп, сабақты түсіндіруге арналған презентацияларын қалай дайындау керектігін меңгерді деп айта аламыз.

Оқушылардың қызығушылығын ояту, шығармашылығын дамыту мақсатын көздеген 12 беттен тұратын журнал да шығаруды бастамақпыз. Оны мектеп өмірінің айнасына айналады деп сенеміз.

Біздің №60 мектеп 3898 оқушымен үш ауысымды білім беру жүйесінде қызмет етуде. Осыған орай оқушыларымыздың шығармашылығын дамыту бағыттары бойынша жаңа бір шешімдер қабылдау қажеттілігі өз-өзінен сұранып тұрған мәселе болатын. Өткен жылдың 25 желтоқсаны күні осы мәселе шешімін тауып, мектеп жанынан «Талант» атты кезекті қосымша білім беру орталығын аштық. Бұған дейін мектебімізде фитнес залы және бокс пен күресті үйрететін «Жеңіс» спорт орталығы, би мен шахмат үйрететін «Жас дарын» шығармашылық орталығы жұмыс жасап келген болатын. «Талант» қосымша білім беру орталығы – «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 11 «В» үйдің жертөлесінде орналасқан.

Балаға жұмсалған қаржының болашақта 100 есе қайтатыны сөзсіз. Орталықта балалардың қызығушылықтарын қанағаттандыратын түрлі үйірмелер, атап айтқанда, автомодельдеу, кемемодельдеу, радиоэлектроника, кескіндеме, бисермен өру, би, сурет үйірмелері жұмыс жасайтын болады. «Талант» орталығы болашақта атына заты сай болып, талабы таудай оқушыларымыздың талантының дамуына ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Екінші жағынан, енді оқушыларымыз түрлі үйірмелерді іздеп қала орталығына сабылмайды. Барлығы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан табылады. Бұл — аудан тұрғындары үшін үлкен артықшылық, уақыт үнемдейтін болады.

Үйірмелерге тоқтала кетсек, автомодельдеу — өте қызықты сабақ, көп қырлы, сонымен қатар барлығына қолжетімді болып табылады. Егер оқушы уақытты мазмұнды өткізгісі келсе, оны автомобильдер мен техникалық шығармашылық қызықтырса, онда осы үйірмеге келуге болады. Оқушы мұнда автомодель бөлшектерін өз бетінше жасап, автомодельді жинап, өз жұмысын бояп, әрлеп үйренеді, көлік үлгісін сызбалар мен фотосуреттер бойынша немесе өз ойы мен жобасы бойынша жасай алады. Олар автомодель үйірмесінде практикалық дағдылар мен біліктерге ие болмақ. Сызбалармен, құрал-саймандармен және материалдармен жұмыс істейді, бояу жұмыстарын игереді, дайын бұйымдарды құрастыруды және өңдеуді үйренеді, модельдердің механикалық және электрлік бөлігін зерттейді, көлік құралдарын жылдам және мәнерлеп жүргізуге жаттығады. Болашақта көрмелерде өз жұмыстарын көрсететін болады, автомодельдеу бойынша жарыстарға, басқа үйірмелермен бірлескен іс-шараларға қатысады, қысқасы, біздің оқушыларымыз барлық жерде және барлығына үлгеретін болады.

Тағы бір жаңалығымыз — өткен жылдың 2 қазаны мен 5 қарашасы аралығында «Үздік Online Mektep 2020» республикалық байқауы өткен болатын. OnlineMektep.org порталында қашықтан оқытудың деңгейі мен сапасын арттыру  байқаудың басты мақсаты-тұғын. Бұл Қазақстанның барлық OnlineMektep платформасына қосылған кез келген мектебіне 15 BilimBook интерактивті панелдерін ұтып алу үшін ерекше мүмкіндік болған. Байқауға мектеп атынан мектепті басқару бөліміне кіру мүмкіндігі бар 1 өкіл қатыса алатын. Байқаудың қатысу шарттарының талаптарына сай келген мектебіміз интерактивті панельге ие болды.

«Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы аясында №60 мектеп ұжымы өз жұмысын бастады. Республикалық жоба мақсаты — мектеп кітапханаларын қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу. Мектеп кітапханаларындағы кітап қорына жаңартулар мен толықтырулар енгізудің аса маңызды екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқан еді. Мектептің демеушілік шоты есебінен 1 057 279,99 теңгеге 484 кітап сатып алынды. Енді біздің кітапханамыздан қазақ тіліндегі әлемдік классиканы, қазақ және орыс тілдеріндегі балалар әдебиетін, өзін-өзі жетілдіру және психология бойынша әдебиеттерді табуға болады.

Бәріміз тәрбиелеп отырған балалар — еліміздің болашағы. Осынау қиын уақытта біз қолымыздан келетін барлық жағдайды пайдаланамыз. Дегенмен әр оқушы да өз жауапкершілігін сезініп, ал ата-аналарымыз баласының сабағын қадағалауға уақыт бөлуі тиіс демекпіз. Негізгі міндет — қашықтан білім беруде балаларға жағдай жасау.

Абзал  ТӘЖІМІШЕВ,

№60 орта мектептің директоры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button