Басты жаңалықтарДенсаулық

Санитарлық талапты сақта!

Брифинг

7 қаңтарда облыста коронавиурс жұқтырған 12 адам тіркелді. Оның сегізі Ақтөбе қаласынан болса, қалғандары Мәртөк ауданының тұрғындары. Он бір адамда ауру белгісі байқалған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,3%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев аймақтағы  эпидемиологиялық жағдайды баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ соңғы кезде симптомды жағдаймен ауырған науқастар көбейген. Сондықтан тұрғындар қауіпсіздікке мән бергені жөн. Сондай-ақ Нұрсұлу Беркімбаева кәсіпкерлер санитарлық талапқа салғырт қарайтынын айтты. Айыппұл салынып, ескерту берілсе де нәтиже шығаратындар аз. Мәселен, мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша, заң бұзғандарға 173 824 371 теңге көлемінде  1285 айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы түскен хабарламалар негізінде жоспардан тыс  25 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 24 объектіге 5 556 000  теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал талапты орындамаған 19 объектінің жұмысын тоқтату туралы материал ауданаралық экономикалық және әкімшілік сотқа жіберілген.

Шекара бекеттері де бақылауда. Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы — 18 749, «Жайсаң» бекеті арқылы 38 159   адам өткен. Оның ішінде 47 адамнан коронавирус анықталды. 26 адам —транзиттік көліктердің жүргізушілері. Ал 21 адам — жолаушы.

Эпидемиологиялық ахуал бір күнде өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар алаңсыз жүрмеуі керек. Ертең сайлау өтеді. Учаскеге баратын әрбір тұрғын арақашықтықты сақтап,  медицналық бетперде киіп, антисептикалық сұйықтықты пайдаланғаны жөн, — деді департамент басшысы.

Сайлау учаскелерінің басым бөлігі  білім ордаларында орналасқан. Нұрсұлу Беркімбаева сайлаудан кейін дезинфекция жасалып, жұмыс  санитарлық талапқа сай жүретінін айтты.

Ал Рүстем Исаевтың  мәліметінше,  облыстың  инфекциялық ауруханаларында 74 адам, карантиндік стационарда  30 адам жатыр. Жансақтау бөлімінде он адам ем алуда. Бес зертхана жұмыс жасап тұр. Күніге 2400 ПТР-тест өткізуге  мүмкіндік бар.  Сондай-ақ соңғы бір аптада инфекциялық ауруханаға іші ауырып, қызуы көтерілген 79 бала түскен. Басқарма басшысы бұл мереке кезінде түрлі тағам мен тәттілер жегеннің әсері екенін айтты. Ата-аналар балаларды қол жууға, тазалық сақтап жүруге үйретуі керек екенін ескертті. Басқарма  басшылары ақтөбеліктерді санитарлық талапты сақтауға шақырды. Тікелей желіде тұрғындар да сұрақтарын қойды.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3741 адам  тіркелді, оның 49,7%-ы ауру белгілерімен  және  50,2%-ы симптомсыз  жағдай. 3716 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2663 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 102,  Байғанин — 58, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 59, Мәртөк — 138, Мұғалжар — 17, Темір — 191, Ойыл — 21, Хромтау — 130, Шалқар ауданында 114 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3741  науқастың 3,6%-ы сырттан келген.  555 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1035. Қазіргі таңда үй карантиніне 113 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button