Жаңалықтар

Ізберген іздері

Мерей

Көш Байғанинге тоқтады

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі  отыз жылға жуық уақыттың ішінде адамдардың жасының біраз ұзарғанын көреміз. Соның бір дәлелі — біз әңгімелесіп отырған Ізберген ақсақал. Құлағының сәл ауырлау еститіні болмаса, денсаулығында кінәрат жоқ сияқты. Ердің жасы елудемін десе, нанғандайсың.

— Әкем мен шешемнің айтуынша, ол кезде туыс куәлігі деген болмапты. Анық білетіндері — жылым тауық.  Ол тауығы 1935 жылға  келеді. Алған құжатым бойынша туған күнім — 15 желтоқсан. Туған жерім құжатта «Байғанин ауданы» деп көрсетілгенмен, әкем маңғыстаулық. Маңғыстауда кеңес өкіметіне қарсы көтерілген кезде, әкем оған қатыспаса да, қатты қудалау көрген. Себебі, Самарқанда оқыған молда екен. Ал кеңес өкіметінің молдаға дұрыс қарамайтыны белгілі ғой. Сондықтан қасына Мұқан деген ағайынын ерітіп, бері қарай  көшкен. Киіз үйді түйеге тиеп, оның үстіне отыруға қиындау деп, мені үлкен ағайым Айса мойнына мінгізіп алыпты. Сол тұрғыдан туған жерім сол жақта деп білемін, — дейді Ізберген Көшімұлы.

Содан көш қазіргі Байғанин ауданының аумағына кіргенде Қопа ауылдық кеңесінде колхоз ұйымдасыруға белсенді болып жүрген Шоқан деген азаматқа кездесіп, соның үгіттеуімен әкесі Көшім, шешесі Байсұлу, бірге келе жатқан ағайынымен, екі үй болып қалып қояды. Осында  ұйымдастырылған «Қызыл жұлдыз» ұжымшарына шешесі мүше болады да, әкесі кірмейді. Сағыз теміржол станциясына жақын, Қопа ауылына  таяу жаңа қоныс жайлы көрінеді.

Бала Ізберген осы мекенде  өсіп, 7 жасқа келгенде аталған  ұжымшардағы  бастауыш мектепке барады. 4-сыныпта оқып жүргенде соғыс басталып, мұғалімін әскерге алып кетеді. Содан 7-сынып бітірген бала сабақ береді. Балалардың оқығанынан, ұжымшарда жұмыс жасағаны көп болады. Жазғытұрым егіске шығады, ізінше шөп шабуға қатысады, егін піскесін тары мен бидай жинауға араласады. Сондай еңбектің ара-арасында мектепке белгіленген киіз  үйде он шақты бала ғана оқиды. Кейде сабақ үстінде шәкірттер мұғаліміне де бағынбай кетеді екен. Өйткені ол да өздері сынды бала еді.

Бастауыш мектепті бітіргесін оқуды Қопаның жетіжылдық мектебінде жалғастыруға тура келеді. Жеті шақырым жердегі  мектепке есегі бар балалар мінгесіп, қалғандары жаяу-жалпылап оқиды. Содан қар түскен уақытта қатынау қиындайды. Ізбергенді  соғыстан жаралы болып келген үлкен ағасы өзінің танысы, мектеп мұғалімі Ермекбайдың үйіне жатқызады.

— Сол үйде Нұрбаулы Есқазиев деген бала екеуміз жаттық. Үйі — от жағылатын қазан-ошағымен бір бөлме. Пештің түбінде Ермекбайдың әкесі мен шешесі жатады. Солардың қасына Нұрбаулы екеуміз де қыстырылып жайғастық. Ермекбай үйленген, өзі, әйелі мен бесіктегі баласы бар. Солай қар ерігенше оқыдық. Қар кетіп, жер аяғы кеңігесін ауылымызға оралып, баяғы жаяу-жалпылап оқуымызға қайтадан көштік, — дейді Ізберген сол күндерді еске алып.

Соғыс кезі ерте есейткен шәкірт әлгіндей қиындықпен 5-сыныпты бітіргесін ФЗО-ға (фабрика-зауыт оқуы), Ақтөбенің мектеп-интернатына оқуға талап қылады. Бірақ анасы рұқсат бермейді. Тағы бір жыл соғыстан жаралы болып келген Мұқан ағайынын сағалап, Сағыз станциясында оқып шығады. Ауылға қарағанда жақсы жабдықталған, мұғалімдері де білікті станцияның мектебінде алтыншыны тәуір бітірген бала Ақтөбеге бару мәселесін тағы көтереді. Себебі бұл кезде облыс орталығындағы интернатқа балаларын орналастырған бірен-саран таныстардың ауылға жақсы хабарлары жеткен еді. Солардың балалары сияқты оқысақ деген арман болады. Ақыры осыған анасын көндіріп, Мұқтасар, Қайдан үшеуі  Ақтөбе қаласындағы интернат-пансионға келеді. Директор кешігіп келгендерін, жоспарланған балалардың қабылданып қойғанын алға тартып, қабылдамайды.

Мәртөк интернатының түлегі

Сондай жағдайда тұрғанда бір ауылдастары Мәртөктегі  қазақ мектебі жанында интернат жұмыс істейтінін, өткен жылы Байғаниннен Қанша деген оқушының сонда орналасқанын айтады. Сол ақыл бойынша облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Мәртөкке келіп, үш бала  орта мектеп жанындағы интернатқа орналасады. Тамақ, киім тегін, мемлекеттің толық қамқорлығында болады.

Осы жерде төрт жыл оқып, Мәртөк қазақ орта мектеп-интернатының екінші кезектегі бітрушілері болып 1952 жылы аттестат алып шығады. Алтын медальға үміткер Ізберген Ақтөбе қаласында тапсырған емтихан кезінде екі  пәннен төрттік баға алып қалады. Бірақ сол мектеп бітірген жылы Алматының ауыл шаруашылығы институтының инженерлік факультетіне бір пәннен ғана емтихан тапсырып, түседі. Институт қабырғасында үздік оқиды. Техниканың жан-жақты маманы болумен бірге, осындағы әскери дайындық кафедрасынан лейтенант шешін және автокөлік жүргізушісі куәлігін алып шығады.

— Содан да мен көп уақытқа дейін қызмет көлігін өзім жүргіздім. Жеңіл көліктің түр-түрі болды менде. Соңғысын осы бір-екі жылдықта, енді үлкейдім, қояйын деп, балама бердім, — дейді инженер аға әңгімеміздің осы тұсында.

Тағы бір мақтанышпен айтқаны — диплом жұмысын қорғағанда жетекшісі  Дәулет Серікбаев болыпты. Ал оның қандай адам болғанын бүгінде күллі еліміз біледі. Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университеті соның есімімен аталады.

Әйтсе де еліміз орыстың боданы болып тұрғанда ұлт кадрларын тұқыртып кеісітудің небір құйтырқы әдістері де аз қолданылмаған. Соны Ізберген де бастан кешірді. Қызыл дипломмен бітірген жоғары білімді маманға Ақтөбе облысында орын болмайды. Оның мәнісі — инженер кадрлар даярлайтын республикада жалғыз оқу орны болғандықтан, маман жетіспейді деген сылтаумен, Ақтөбе облысына қажетті инженер кадрлар Ресейден жоспарланып келген. Оның үстіне 1954 жылы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерген кезде ішкі Ресейден көптеп келген білікті, біліксіз техника мамандары барлық  жерге орналасып алған.

Сондай себеппен Алматының жоғарғы техникалық оқу орнын бітірген  жас маманға жылына 400 трактор жөндейтін Қарауылкелдінің зауыт сынды шеберханасынан, Жарқамыстағы МТС-тан орын табылмайды. Отбасы жағдайына байланысты өзге өңірге бара алмайтынын айтып, 1957 жылы Қарауылкелді  МТС-ына инженер-механик болып шаққа табан тірейді. Үңіліп қараса, бас инженерлік, шеберхана меңгерушілік, бақылаушы инженерлік, цех бастықтарының орындарын түгел орыс кадрлары алып алған. Қалған орындарға да орыс мамандары жайғасқан. Зауыт сынды үкен шеберханада екі қазақ жұмысшысы бар екен, оның бірі темір жонады, екіншісі де сондай жай қызмет атқаратынын көреді.

Бірақ қазақ басшылар жас маманға, «орыс мамандары мұнда ұзақ тұрмайды, көп кешікпей елдеріне кейін қайтады» деген болжам айтады. Сонысы расқа шығып, ұзамай-ақ орындар босап, білікті инженер әуелі жөдеу шеберханасының меңгерушісі, сосын Қарауылкелді РТС-ның бас инженері, «Казсельхозтехника» бірлестігінің Байғанин аудандық бөлімінің бас иженері қызметтеріне өрлей береді.  1962-1966 жылдары аталған бірлестіктің Байғанин, Темір аудандарындағы бірлестігінің басқарушысы қызметін атқарады.

Осы салада істеп жүргенде облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы ауданда өткен салтанатты жиында алғаш рет омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалін тағады. Осы марапат лауазымдық жолын да ашады. Облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық  бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Әңгімелесу кезінде облыстық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Николай Иванович Журин жас маманды жоғары бағалайды. Өйткені оның ұлы да осы инженерлік мамандықты қалаған. Хатшы Ізбергеннің еңбек жолын, өзінің ұлына айтып жүргеніндей, өндірістен — ең төменгі қызметтен бастағанына  риза болады. Өзі зейнеткерлікке шыққанша назарында ұстап, қамқорлық көрсетіп бағады. Обкомға қызметке келген 1966 жылы күзде жаңа салынған үйден пәтер берді. Бір қызық жағдай болды, екі жылдан кейін «Казсельхозтехниканың» облыстық бірлестігі төрағасы өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Төраға өзге ұлттың өкілі еді. Соның алдында ол обкомға қызметке келерде теріс мінездеме берген болатын. Ізберген мұндай басшымен жұмыс істеуге құлықты болмады. Обком хатшысы бұл ойын білгеннен кейін өз орынында қалдырды.

«Казсельхозтехника» бірлестігінен — Қобдаға

Алайда екі жылдан кейін облыс басшылығына Василий Андреевич Левенцовтың келуімен жағдай өзгерді. Аталған бірлестік басшысының дегені болып, бірінші орынбасарлық қызметке ауыстырылды. Бірінші хатшының өзі бір кезде осы  басшының қарауында жай агроном болып істеген екен. Сол сыйластығын сақтайды. Есесіне бар жауапкершілікті бірінші орынбасардан сұрайды. Түске дейін, түсқайта — күніне екі мәрте бірінші хатшы өзіне шақырып, аудандардағы жағдайды жас басшыдан біліп отырады.

Ол бастықтың бірінші орынбасары болып келгенде «Казсельхозтехниканың» облыстық бірлестігінде қызмет атқаратын 70-80 маманның ішінде жалғыз қазақ, өзгесі өзге ұлт өкілдері болады. Бүгінде мұны:

— Кілең кемпір-шалдар. Мамандықтары да отырған орындарына сәйкес емес. Менің алдымда орынбасар болған адамның мамандығы тракторист екен. Тәжірибесі бар, қосалқы бөлшектердің атын біледі. Сонымен, амал қанша, жұмысты тақыр жерден бастауға, күллі ауыртпалықты өзім көтеруге мәжбүр болдым, — деп еске алады кейіпкеріміз.

Бұл жердегі жұмысты жолға қойып орнықтым-ау дегенде, 1987 жылы обкомның бірінші хатшысы шақырып:

— Мен қате жасаппын. Ірі аудан — Қобдаға екі бірдей педагогті басшылыққа қойыппын. Ол жерге ауыл шаруашылығы саласын жақсы білетін инженер керек екен. Сен соған аудандық атқару комитетінің төрағасы болып барасың, — дейді. Бармаймын деуге болмайды. Хатшы бұған дейін алдын орап, сөзінің басында: «Сенің қосалқы бөлшектерді бөліп болатын уақытың болды» деп қойған.

Сөйтіп, облыстың ірі ауданы Қобдаға келеді. Расында да, ауданның техникамен жарақтануы, оны сауатты пайдалануы төзгісіз жағдайда екен. Қолдың күші әлдеқашан техникаға ауып болған заманда кемшіліктерден аяқ сүрінеді. Тіпті бірінші орын алады дейтін мақтаулы «Қазақстанның 30 жылдығы» ұжымшарындағы  жағдай мәз болмай шығады.

Алғашқы кезде Ізберген Көшімұлын ауылдық Кеңестердің рөлінің жоқтығы таңғалдырады. Ауылдық кеңестердің төрағалары кеңшарлардың кеңселерінің бір бөлмесінде отырады. Кеңшардың директоры төрағаны өзіне шақырып алып, әкімдік жасайды. Ұжымшарда да, кеңшарда да осындай ахуал. Бұған қарсы тұратын ауылдық кеңестердің төрағаларының дәрмені тағы жоқ. Өйткені көпшілігінің сауаты аз, әншейін қойыла салған адамдар болып шығады.

Жаңа төраға бірінші кезекте осы жағдайларды жолға қояды. Ауылдық кеңеске жаңа кадрлар тартады. Аудандық атқару комитетінің бюджет қаржысынан кеңселер, тұрғын үйлер салады. Жергілікті жерде әлеуметтік құрылыстар өрістеп, жолдардың жағдайы жақсарады. Бұл жұмыстардың жандануы — ауданның экономикасының көтерілуіне әсер етеді. Ол қызмет істеген жылдары ауданның көрсеткіші облыс бойынша ұдайы екінші, үшінші орында болады. Жол мәселесін жақсартудағы ауданның үлгілі жұмысы облыстың назарын аударып, Қобдада аудандардың атқару комитеттерінің, жол бөлімдері басшыларының қатысуымен арнайы семинар өтеді.

Алайда осындай жақсы атақта тұрған ауданның басшысы республиканың басшылығына Колбиннің келуімен қатты шегеріледі. Қазақ кадрларына шабуыл жасалғанда ұзақ жылдар басшылықта болған қазақ кадрлары қызметтерінен  ауыстырылып, басшы жұмыстарға жіберілмесін деген нұсқауға ілігіп, қызметінен босайды. Дегенмен өз ісінің шебері, белгілі маман соның өзінде далада қалмайды. Облыс орталығында құрылған «Агропромтранс» өндірістік бірлестігі бастығының орынбасары, бас инженері қызметтерін атқарады. Осылай үлгілі қызмет істеген Ізекеңді табысты бірлестік ұжымы 1995 жылы қаланың жаңа ауданынан екі қабатты жеке тұрғын үйге кіргізіп, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салады. Халықтар достығы, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен  марапатталған азамат мұндай құрметке әбден лайық еді.

Әріптестері сыйға тартқан құтты мекенінде, бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында қызықты дәурен көрді. Алпыс жылдан астам бірге отасқан зайыбы Бижамал апаның биылғы шілде айында қайтыс болуы, тұңғыш ұлы Бақытжанның Ауғанстанда алған зардаптан өмірден ерте өтуі ғана көңіліне қаяу түсіреді.

Әулеттің атасы оқыған, тоқыған балаларына, немере, шөберелеріне риза. Медицина ғылымдарының кандидаттары, ұлы Бекежан мен келіні Дариғаның Ақтөбе медициналық университетінде, денсаулық сақтау саласында лайықты қызметтер атқарып жүргенін мақтаныш етеді. Қазіргі бағып отырған шөбересі  екенін, өзінің жағдайын қызы Шолпанның ұдайы бақылауда ұстайтынын айтады.

Кеңес өкіметінің саясатына мойынсынбай, ел ішінде емшілік жолды ұстанып өткен Көшім әулетінен тарайтын алты ағайынды азаматтың есімдері Байғанин ауданы мен облыс жұртшылығына жақсы таныс. Олардың үлкені Айса бес-алты жылдықта 84 жасында өмірден өткен. Одан кейінгі Ығылман биыл мамыр айында 95 жасқа толған. Қопа ауылында немересінің қолында тұрады. Содан соңғы, біз әңгімелеген — Ізберген. Ізбергеннің інілері Нұрберген, Оңберген, Бітімбай облыс көлемінде белгілі қызмет атқарған азаматтар еді, күні кеше олар да дүниеден өтті. Көшімовтердің өмірі, еңбек  жолдары, өсіп-өнген ұрпақтары — екінші бір мақаланың арқауы…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button