Жаңалықтар

Елеулі істердің ізі

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің Батыс аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбеновтің «Елім деп соққан жүрек бар» атты азаматтық қоғамда атқарған жұмыстары туралы есеп беру шарасы өтті.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшелері мен  ардагерлер жиналды.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

— Семей ядролық полигонын жабу — еліміз Тәуелсiздiк алар сәттегі ең басты жетістіктердің бірі. Сол жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын. Осыған қатысты қозғалыс белсенділерінің бірі, қоғам қайраткері Ізімғали Әбдірахманұлы медицина саласында да еңбек еткен білікті дәрігер. Сондай-ақ еліміздегі бірінші кәсіби Парламент сайланымының депутаты болған. Көптеген маңызды шешімдерді, қаулыларды шығаруға атсалысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған бастамалардың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі, — дей келіп ол І.Көбеновке тілектестік ықыласын білдірді.

Шара барысында Ізімғали Көбенов естелік әңгімелерімен бөлісіп, қоғамдық бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ Бөкенбай батыр, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова есімдерін ұлықтауға арналған шаралар, қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 30 жыл толуына орай конференциялар ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ізімғали Көбенов еліміздің астанасын қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіру туралы ҚР Жоғары Кеңесінің  тарихи қаулысын шығаруда белсенділік көрсеткен депутаттардың бірі. 2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. ҚР Жоғары депутаты бола жүріп, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде қаулылардың қабылдануына зор үлес қосты.  Алматы, Ақтөбе, Мәскеу қалаларында және Әлия ауылында Әлияның ескерткішін қоюға елеулі еңбек атқарғаны үшін Қобда ауданының «Әлия ауылының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Шара соңында Ізімғали Көбеновке Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хат табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button