Жаңалықтар

Басты мәселе — экология жағдайы

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті  отырысында өңірдің экологиялық ахуалы туралы айтылды.

Экология, ауыл шаруашылығы және жер қойнауын пайдалану комиссиясының төрағасы Келдібай Еспағамбетовтің төрағалық етуімен кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоршаған ортаны қорғау, атмосфераның ластану деңгейі, жерасты суларының жайы, орман шаруашылығын дамыту мәселелері көтерілген жиында экология департаменті мен табиғи  ресурстар және табиғатты пайдалану, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Алдымен облыстың ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстары мен  қысқы дайындығы жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай айтып өтті. Ол әлемді жайлаған пандемияның экономиканың барлық саласына теріс әсерін тигізгенімен, алға қойған нақты мақсаттардан айныта алмағанын айтты.

— Туындаған қиыншылықтарға қарамастан мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға қажетті шұғыл шаралар қолға алынды. Тиісті шаралар мен шаруалардың ерен еңбегінің арқасында облыстың ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткіздік, — деген басқарма басшысы 10 айдың қорытындысы бойынша барлық санаттағы мал басының өсімі байқалатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ақтөбелік шаруалар егін жинауда да жоғары көрсеткішке қол жеткізген.

Өз кезегінде облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл

бүгінгі таңда департамент тарапынан облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мен тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

—  Ақтөбе облысы өндірісі  дамыған аймақ ретінде белгілі. Облыс бойынша  І санаттағы 185 кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындардың қоршаған ортаға  біршама кері әсері бар екені де сөзсіз. Сондай-ақ аймақта су қоймаларының ластануы, жай-күйінің нашарлауы мен қалдықтардың қордалану мәселелері секілді бірқатар көне экологиялық проблемалар да бар. Бүгінде облыстың қоршаған орта жағдайын жақсарту мақсатында қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері әзірленіп бекітілді  және оларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары жасалып, жұмыстар атқарылуда, — деді департамент басшысы.

Кеңес отырысында Шалқар көлінің қазіргі жағдай мен келешегі жөнінде де сөз қозғалды. Қазіргі уақытта қамыс өсу мен батпақтану процестері салдарынан, көлдің су  қоймасы ретінде толық жоғалу қаупі барын айтқан Нұржан Аққұл облыс әкімдігі мен экология департаменті құны 25,5 миллион теңгені құрайтын техника-экономикалық негіздеме және 93,0 миллион теңгеге жобалық сметалық құжаттама әзірлеп,  «Шалқар ауданы Шалқар көлінің түбін тазарту» деп аталатын мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғандығын мәлімдеді.

«Орман шаруашылығын дамыту мәселелері» бойынша баяндама жасаған Жақсығали Иманқұлов облыс аумағында мемлекеттік орман қорының 1398,2 мың гектары орналасқанын, оның ішінде орманмен көмкерілгені 54,1 мың гектар екенін хабарлады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде мемлекеттік орман қорлары жерлеріне 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осыған орай, жоспардағы орман отырғызу көлемі 6 есеге артып, қадамдық жоспарға өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілу үстінде. Қадамдық жоспарға сәйкес, мемлекеттік орман қоры жерлеріне алдағы 5 жыл ішінде 30,7 мың гектар алқапқа 60,1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр, — деді Жақсығали Иманқұлов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button