Экономика

Мемлекеттік бағдарлама: кімге қалай көмек беріледі?

Биыл коронавирус індетінінің таралуына байланысты көптеген салалардағы нысандар өз жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Оның ішінде көпшілік тамақтанатын орындар, ойын-сауық, қонақүй, мейрамхана  бизнесі, яғни көпшілік жиі баратын жерлердің барлығы жабылып, жұмысын жүргізе алмай, өз қызметкерлерінің, қаржылық ұйымдар алдындағы міндеттемелерін орындай алмай қалған болатын.  Сол себепті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет кәсіпкерлік саласын қолдаудың бірқатар шараларын қабылдады. Осы шаралар аясында «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Бүгінде аталған бағдарламалар, негізінен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі ірі, шағын және орта бизнес өкілдері аталған қор арқылы үкіметтің қолдау шараларына ие болып отыр. Осы туралы «Даму» қорының облыстық филиалы басшысы  Берік Нұрғалиев айтып берді. 

 «Бизнестің жол картасы-2025»

«Даму» қоры «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Осы 10 жылдың ішінде мыңдаған кәсіпкер аталған қор арқылы мемлекеттің қолдауын көрді.

— Осы бағдарлама аясында, біріншіден, кәсіпкерлердің пайыздық шығындарын төмендету үшін субсидиялаймыз, екіншіден, несие бойынша ішінара кепілдік береміз. Биыл бағдарламаның осы тараптарына өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұрын бағдарлама екі бағытта жүзеге асырылатын: бірінші бағыт бойынша тек ауылдық жердегі, моноқалалардығы кәсіпкерлерді, екінші бағыт бойынша Ақтөбе қаласындағы кәсіпкерлерді қаржыландырып келдік. Енгізілген өзгерістерге сәйкес осы екі бағыт біріктіріліп,  кәсіпкерліктің түріне қойылатын шектеулердің барлығы алынып тасталды. Мәселен, бұрын қалада тек экономиканың басым бағытындағы жобаларға ғана қолдау көрсететін болсақ, енді кез келген саладағы жобаларға қолдау көрсетіледі. Және ол ауданда жүзеге асырыла ма, қалада жүзеге асырыла ма, ол маңызды емес. Бір ғана шектеу бар: сауда саласында инвестициялық мақсаттарға арналған жобалар бағдарламаға қатыса алмайды, ол дегеніміз —сауда нысандарын салу, сатып алу. Кәсіпкер тек сауда жасау үшін ғана несие ала алады, сонымен бірге сауда саласында да айналым қаражатын толықтыру үшін 100 миллион теңгеге дейінгі несиелерді субсидиялауға қол жеткізе алады.

Аталған бағдарламаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері дәл осылай шектеусіз қатыса алады, — дейді Б.Нұрғалиев.

Пандемия жағдайындағы қолдау

Алдағы жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына локдаунның енгізілуіне байланысты зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлік субъектілері, яғни толықтай өңдеуші өнеркәсіп, бөлшек сауда, мүліктерді жалға беру, туризм (адамдардың тұруын қамтамасыз ететін қонақүйлер, хостелдер), жүк тасымалдау сынды зардап шеккен салалардағы ірі кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.

— Бұрын бұл бағдарламаға тек шағын және орта бизнес субъектілері ғана қатысқан болатын. Барлық қатысушыларға қор тарапынан кепілдік беріледі және субсидия қарастырылады, — дейді Б.Нұрғалиев.

Қазіргі уақытта субсидиялау көлемі де өзгертілген: Бұрын бағдарламаның шарттары бойынша бір кәсіпкерге 2,5 млрд теңгеге дейін несие берілген болса, қазіргі таңда несие сомасы 7 млрд теңгеге дейін өсірілді. Несие «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша, біріншіден, инвестициялық мақсатта (құрылыс жүргізуге, кәсіпкерлік нысандарды сатып алуға, құрал-жабдықтар мен  техника сатып алуға) және  айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

—  Сонымен бірге кәсіпкерлердің банктерден соңғы 8 жылдың ішінде алған несиелерін субсидиялаймыз. Ол үшін банктер алдымен қайта қаржыландыру жүргізеді.  Субсидияланатын несиенің көлеміне де өзгеріс енгізілді. Банк несиені  14 пайызбен береді, соның тек 6 пайызын ғана кәсіпкердің өзі төлейді, қалған 8 пайызын «Даму» қоры кәсіпкерлер үшін өтеп береді.  Оған қоса банктерге кәсікперлердің өтінішін  қарағаны үшін комиссиялық ақы алуға тыйым салынады.

Инвестициялық мақсаттағы жобаларға алынған несиелерді  5 жылдың көлемінде,  айналым қаражатын толықтыруға берілгін несиені үш жыл көлемінде субсидиялаймыз. Субсидиялау тегін, ол қайтарымсыз негізде беріледі, — дейді Б.Нұрғалиев.

Кепілдік те береді

Кәсіпкерлердің несие алуы үшін көбіне кепілдігі жетпей жатады. Бұл ретте тағы да «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы -2025» бағдарламасы аясында қолдау көрсетеді.

—  Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің көп жағдайда кепілдігі болмайды. Жұмыс жасап тұрған бизнестің өзі бар мүлкін кепілдікке салып қоятындықтан, әрмен қарай даму үшін қаражат алайын десе, кепілдіктері жеткіліксіз болып тұрады. Тағы бір мәселе —  банктер ауылдық жердегі кәсіпкерлердің кепілдіктерін төмен бағалайды. Осы жағдайларда біз кәсіпкерлерге тегін кепілдік береміз. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, яғни заңды түрде тіркелгеніне 3 жылдан аспаған кәсіпкерлерге несиенің 85 пайызына дейін кепілдік береміз. Бұл сома қазіргі таңда өсті. Бұрын тек 20 миллион теңгеге дейінгі несиеге 85 пайыз кепілдік берсек, қазір ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Даму» қорының кепілдігіне берілетін несие сомасы 360 миллион теңгеге дейін көтерілді. Яғни 360 миллион теңге несие алса, соның 85 пайызы — «Даму» қорының кепілдігі, қалған 15 пайызына кәсіпкердің өзі банктің талабы бойынша мүлкін не ақшасын қояды.

Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге несиенің 50 пайызына дейін кепілдік береміз. Несие сомасы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңгеден аспауы керек, — дейді қор филиалы басшысы.

Портфельдік субсидиялау уақыт үнемдейді

Бағдарламағадағы тағы бір маңызды өзгеріс — портфельдік субсидиялау және кепілдендіру құралының енгізілуі. Бұл өзгеріс қыркүйек айының басынан бастап жүзеге асырылып жатыр.

— Портфельдік субсидиялау, кепілдік берудің жай кепілдік пен субсидиядан айырмашылығы қандай?  Жай кепілдік берген кезде, біріншіден, банк жобаны қарап, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды, содан кейін кәсіпкер бізге өтініш білдіреді. Өтініш білдіргеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде сол жобаларды қарап, шешім шығарамыз. Содан соң кәсіпкер, «Даму» қоры және банк ортасында кепілдендіру және субсидиялау шарттарына қол қойылады. Бұл белгілі бір уақыт алады. Ал портфельдік кепілдік беру кезінде жобаны «Даму» қоры қарамайды, оны банк өз деңгейінде қарап, тек қаржыландыру туралы ғана емес, сонымен бірге жобаны әрмен қарай кепілдендіру, субсидиялау шарттарына қатысты да шешім қабылдайды. Яғни біз бұл тетікті толықтай банктерге бердік. Банк шешім қабылдағаннан кейін бізге өздерінің хатын алып келеді. Сол хатты алып келгеннен кейін бір күннің ішінде банкке кепілдік міндеттемені береміз, бұл біздің кепілдігіміз болып есептеледі. Бұл кепілдік жұмыс жасап тұрған және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге — бәріне бірдей беріледі. Көлемі — 85 пайыз, — дейді Б.Нұрғалиев.

Оның айтуыша бағдарламаға микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады. Және қатысу үшін кәсіпкерлік түріне ешқандай шектеу қойылмаған, сауда саласындағы кәсіпкерлер де осы бағдарламаға қатысып, көмек ала алады.

Банк несиені 17,5 пайызбен береді. Сол 17,5 пайыздың 6 пайызын кәсіпкер өзі төлейді, қалғанын Үкімет «Даму» қоры арқылы өтеп береді. Бір кәсіпкерге берілетін несие сомасы 20 миллион теңгеден аспайды. Осының тек 5 миллион теңгесін ғана кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін жұмсай алады.

—  20 миллион теңгеге дейінгі жобаларды қазір банктер қарайды, себебі мұндай жобалар өте көп. Бұл кәсіпкерлерге несиені өте тез алу үшін тиімді, — дейді Б.Нұрғалиев.

«Қарапайым заттар экономикасы»

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы экономиканың басым салаларын, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларында жаңа нысандар салу және жұмыс істеп тұрған нысандарды жабдықтау үшін қолдау көрсетіледі.

— Қаржыландыру бағдарламада белгіленген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Биыл бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес қаржыландыру үшін тауарлар тізбесі кеңейтілді, «Даму» қоры арқылы ауыл шаруашылығы саласында екінші деңгейлі банктер беретін несиелерді кепілдендіру мүмкіндігі көзделген. Бұған дейін «Даму» арқылы тек өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына ғана кепілдік берілген болатын. Аталған бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несиелерге кепілдік беру сынды екі бағытта қолдау көрсетіледі. Бағдарлама аясында банктер  несиені жылдық 15%-бен береді, оның 6%-ын кәсіпкер төлейді, қалған 9%-ын «Даму» қоры төлейді, — дейді Б.Нұрғалиев.

Кәсіпкердің кепілдігі жетпеген жағдайда 3 млрд теңгеге дейінгі сомадағы несиелер — 50 пайызға дейін, 3-5 млрд теңгеге дейінгі сомадағы несиелер бойынша 30 пайызға дейінгі мөлшерде беріледі.

Б.Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бағдарлама «Бизнестің жол картасына» қарағанда, ірі жобалар үшін тиімді, себебі субсидиялау құралы бойынша берілетін кредиттер сомасына шектеу жоқ, инвестициялық жобалар бойынша субсидиялау мерзімі 10 жылға дейін (ал «Бизнестің жол картасы» бойынша субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі — 5 жыл).

10 жыл және 10 айдағы жетістіктер

«Даму» қоры «Бизнестің жол картасының» бағдарламасы қабылданғаннан бастап осы бағдарламаны жүзеге асырудың операторы болып белгіленді.

—  2010 жылдан бастап қор субсидия ретінде 12,7 миллиард теңге төледі. Көмек алған кәсіпкерлер мемлекетке 80 миллиард теңге салық төледі. Осылайша мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға салынған әр 1 теңге қазынаға 6 теңге болып қайтты. Бұл — Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми статистикасы, — дейді Берік Нұрғалиев.

Филиал басшысының айтуынша, жыл басынан бергі 10 айда осы екі бағдарлама шеңберінде өңірлік филиал жалпы сомасы 14,4 млрд теңге болатын 208 жобаға қолдау көрсеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға артық.

— Барлық жобалардың 22%-ы өңдеу өнеркәсібінде, 21%-ы көлік тасымалы мен логистикалық қызметтер саласында жүзеге асырылып отыр. 208 жобаның 93%-ы, яғни 193-і (10 миллиард теңгеге жуық несие сомасына) «Даму» қорының кепілдігімен қаржыландырылды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 71 пайызға өсті, — дейді ол.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button