Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбелік атбегілердің аты озатын күн алыс емес

Ұлттық спорт түрлері дегенде ойымызға әуелі ат спортының оралатыны рас. Өйтпегенде ше, «ат құлағында ойнайтын» ақтөбелік шабандоздармен қоса, өз арамыздан Алаш жұртына аты танылып келе жатқан атбегілер де жылдан-жылға көбею үстінде. Ең бастысы — желтабан жүйріктер санының артуының арқасында соңғы уақытта алақайлайтын асуларымыз аз болған жоқ. Алайда, қазақ халқының бұрыннан сенімді серігіне айналған жануармен байланысты спорт түрінің аяқ алысы Ақтөбеде бәрібір оңтүстік өңірлердегідей емес… Неліктен?

385 құлыншақтың қадамы

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аты айтып тұрғандай, төл спортымыздың дамуына ерекше мән береді. Мемлекеттік мекемеде ат спорты, қазақ күресі және тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді. Соның ішінде қылқұйрықты жануарды баптайтын жаттықтырушылардың саны — 8. Қазіргі кезде барлығы 385 жас осы спорт мектебіне барып жүр.

— Ат спорты бойынша балаларға аптасына 4 сабақтан өтеді. Әрқайсысының ұзақтығы — 1,5 сағат. Секцияға қатысу ақысыз, тек игеріп кетсе болғаны. Ал жас мөлшеріне тоқталсам, атқа мінетіндер 12-15 жас аралығында болуы керек, — дейді жоғарыда аталған мектептің директоры Бақтияр Төлеуов.

Оның айтуынша, келушілердің қатарында ат жалын тартып мінетін азаматтар да кездеседі. Олар көкпар сияқты ұлттық ойындарға қатысады екен.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай келеді. Әңгімелесушіміз өз сөзінде соңғы бірер жылда атқарушы билік тарапынан қамқорлықтың күшейгенін, бұның жарыстағы көрсеткіштерге де игі әсер етіп жатқанын атап өтті.

«Жылқыда да жылқы бар…»

Бүгінгі таңда спорт мектебінің аумағында барлығы 40 Қамбар ата тұқымы шауып жүр. Соның 15-і күнделікті сабақ барысына қолданылса, 14-і көкпарға түсетін сәйгүліктер, ал 6-уы аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға жұмылдырылады екен. Денсаулығы дімкәс балаларға — иппотерапияға жарайтын және 5 жылқы бар. Яғни әрқайсысы өзіндік «міндетке» ие. Сондай-ақ, бұл жерден ұзақ қашықтыққа шабатын тұлпарларды кезіктіруге болады. Бәйгеге түсетін арғымақтардың күтімі де алабөтен. Бәрінен бұрын, «Шабар аттың тоғы игі» демекші, бұлардың күнделікті азығы — мамандардың жіті бақылауында.

— Барлық аттар мемлекет бекіткен заңнама негізінде қоректендіріледі. Айталық, 1 төрт түлік малына күн сайын 1900 теңгенің азығы беріледі. Жем-шөбін есептемегенде, сәбіз, жұмыртқа, дәрумендері бар. Ауырып қалса, екпе салуымыз да мүмкін. Бұл бағытта жануарды күтіп-баптайтын атшылар, мал дәрігерлері, өзге де мамандар қызмет етеді, — дейді Бақтияр Төлеуов.

Спорт мектебін аралағанда мекеме басшысы Арғын атты жүйріктің жанында сәл аялдап, күрең айғырдың көкпарға арналғанын тілге тиек етті. Ақылды жануардың өзіне тән мінезі бар көрінеді, бірақ жан-жақты, икемі мықты, шабуылдау мен қорғануға бірдей. Тиісінше кермиық жануарды екінің бірі тақымдай алмайды, бұл тек ержүрек жігіттердің қолынан келеді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2005 жылы ашылды. Көпшілікке ат спорты мектебі ретінде жақсы таныс мекеме 2014 жылдан бері жаңа ғимаратта жұмыс істеп келеді. Мұнда ат спортын айтпағанда, қазақ күресі және тоғызқұмалақ секциялары бар.

Мейірлан — аударыспақтан Қазақстан чемпионы

Пандемияға байланысты оқушылардың баршасы бір мезгілде келе алмағанымен, сабақтар өз кезегімен өткізіліп жатыр. Біз барғанда да бір топ бозбаланың ат үстінде жаттығып, дайындығын пысықтап жатқанына куә болдық. Олардың арасында Мейірлан Әріпов те бар. Болашағынан үлкен үміт күттіретін шабандозды аз-кем әңгімеге тарттық.

— Ат спортымен айналысып жүргеніме 4 жылдан асып барады. Жаттықтырушым — Азамат Серғазин. Қатарластарымнан осы спорт мектебі туралы естіп, «неге келіп көрмеске?» деген ой туды. Бірден көңілімнен шықты, жылқыға жақындығымды түсіндім. «Аттың сыры иесіне мәлім» демей ме? Қазір 777 деген «досымның» жағдайын бір қарағаннан-ақ білемін. Екеуміз бір-бірімізге тез үйреністік. Мұнда өзім секілді жеткіншектер көп. Былтыр Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында аударыспақтан алтын медальға ие болдым. Карантин біткен соң да додаларға қатысып, шеберлігімді шыңдағым келеді. Болашақта ағайым секілді жаттықтырушы болсам деп армандаймын, — дейді 15 жастағы спортшы.

Ақтөбедегі колледждердің бірінде оқитын Мейірлан сықылды тай-құлындай тебісіп өсіп келе жатқандар мұнда баршылық. Сабақ кезінде барлығының ойы бір — атқа мініп, әйгілі әнде айтылатындай, жарықтың жылдамдығын жолда қалдыру…

Аударыспақтан облыстың атын асқақтатып жүргендердің арасында Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Арман Сағынбаев, Алтай Сүйеубаев, Бекарыс Тұрсынбаев, Аслан Есенғарин, Әділжан Жаналин, Ринат Смағұлов, Абай Тұрсынбаев, Оразғали Тұрсынбаев, Әлішер Сәлімжанов, Абылай Тұрсынбаев, Рамазан Ғалел, Нұрдәулет Жангелді, т.б. жігіттер бар. Алғашқы үшеуі — Азия чемпионы. Сол сияқты жамбы атудан Дәурен Кеңесбаев, Нұрхан Елжанов, Амангелді Өмірзақов жарқырай көрінсе, теңге ілуден Тимурхан Иманғалиев табысты өнер көрсетіп жүр. Аударыспақтан бір топ спортшының аты-жөнін бұлай тізіп жазуымыз тегіннен-тегін емес: Ақтөбе — ұлттық спорттың осы ойын түрінен командалық есеп бойынша елімізде бірнеше дүркін чемпион атанған өңір. Мұнымен бірге, біздің көкпаршыларымыз да Қазақстан чемпионттарында жүлделі орындарды иемденіп жүр. Сондықтан ат спортынан Ақтөбенің үмітін ақтар бір шоғыр өсіп келеді десек, қателесе қоймаспыз. «Ат тұяғын тай басады» деген…

Шабандоздар аудандардан да шығады…

Ат төбеліндей қазақ, әсіресе, ауылдағы халық ертеден жылқы шаруашылығымен етене айналысқаны белгілі. Дей тұрғанмен, қазір атты баптап, осы жолда кәсіби спортқа ден қойғандар соншалықты көп емес. Оған себеп — түрлі әлеуметтік мәселелер, бұқараның даладан қалаға қоныс аударуы. Осындай тіршілік түйткілдеріне қарамастан, облыс орталығындағы мамандандырылған спорт мектебі Байғанин мен Шалқар аудандарынан бөлімшелерін ашты. Ұлттық ат спортының сондағы жанкүйерлері өздері бастама көтеріп, атпен қамтып, кішкентай жерлестерін аталған спорт түріне баулып жүр. Ақтөбе қаласындағы спорт мектебіне әр ауданға тек бір-бір білікті маманнан тағайындау тапсырылыпты. Ауыл халқының төл өнерімізге деген жанашырлығы сеп болған игі іс жер-жерде жалғасын тапса, кәнекей. Мұндағылар жаттықтырушыны ұсынып, көрген-білгенімен бөлісуге даяр.

— Өзге аудандар бұны іліп әкетсе, ұлттық спортымыз дамитын еді. Әрі ауыл балаларының ынтасы жақсы. Алдағы мақсат — соларды облыс чемпионаттарына шақырып, қабілет-қарымын одан әрі жетілдіру. Рас, біздің облыста көкпар — кенже қалған спорттың бірі. Неге десеңіз, бір Шымкенттің өзінде 55 жаттықтырушы болса, бізде небәрі 8… Оларда ат жарыс, той ұйымдастырылған жағдайда мың аттың арасынан оны іріктеліп алынады. Ал бізде кімнің дайындығы жақсы, тіпті кімнің аты бар — сол шығады. Осыдан кейін, әрине, оңтүстік қазақстандықтар көкпар ойыны бойынша бірінші болады. Сондықтан ат спортының ауыл-аймақта да кеңінен дамығанын қалаймын, — деп ой-тілегін ортаға салды Бақтияр.

Осылайша, аудандарда ат спорты қайта жанданып жатыр. Ұлттық спортты ұлықтағандар бұл басы ғана екенін айтып, алдағы 5-10 жылда ел ішінен алуан-алуан жүйріктердің суырылып алға шығатынына сенімді. Себебі, бәрібір «ат айналып қазығын табады», қазақтардың жылқы малына жақындығы беки түседі.

АЙТПАҚШЫ…

Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне былай деп ерекше тоқталады:

«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі — батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр — жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі».

Тәжірибелі жаттықтырушы не дейді?

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, көкпардан облыстың аға жаттықтырушысы Абат Аймағанбетов ат спорты саласында 15 жылдан бері тер төгіп жүр. Жоғарыда аталған спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтөбеде мықты атбегілер мен жаттықтырушылардың аз еместігін алға тартады. Жақында ғана шәкірттерімен көкпардан жастар арасындағы ел чемпионатынан оралған ол:

— Бүгінге дейін жоғары жетістіктерге жеткен, ат спортында өзіндік атын қалыптастырған Нұрлан Додай, Мейрамбек Әлиев, Темірхан Иманғалиев сынды шәкірттерім бар. Олардың біразы қазір осы спорт мектебінде өзіммен бірге жұмыс істейді. Қызығушылық танытып, атқа мінемін, спортпен шұғылданамын деп келетін балалар көп. Бірақ барлығы бірдей мұнда қалмайды. Тек икемді, шеберлігі мықты жігіттер іріктелініп алынады. Солардың арасынан бағы мен бабы қатар жанатындар тіптен аз. Еңбексүйгіш, асқан төзімді, түрлі жағдайға денсаулығы шыдас берумен қатар, нағыз шабандоз астындағы атын да беске білуі тиіс. Көкпарда бұл өте маңызды, — деген Абат Аймағанбетов өзімізде тәжірибелі жаттықтырушылардың аз еместігін қосты. Солардың бірі — Амандық Қарабаев. Аттың сыны мен баланың жай-күйін қатар сезетін мамандар, әлгінде айтқанымыздай, саусақпен санарлық. Ал олардың жалақысы білімі, еңбек өтілі мен шәкірттерінің жетістігіне қарай тағайындалады екен. Орташа есеппен алғанда, жаттықтырушылар 60-120 мың теңгенің аралығында еңбекақы алады.

Бұрынғыдай емес, қазір ат спортымен айналысатындардың жағдайы жақсарып келеді. Соның бір көрінісі ретінде тәжірибелі жаттықтырушы спорт мектебі жанынан 2014 жылы салынған арнайы алаңды (жабық манеж) айтты. Ер балалардың, ауа райының қолайсыздығын елемей, қысы-жазы жаттығуына мүмкіндік мол. Жылы әрі жарық. Бұл жерде қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталған.

Атбегілер туралы бір ауыз сөз. Алыс-жақын аймақтардағы бәйгелерге қатысып, Ақтөбенің атын аспандатып жүргендер деп спорт мектебіндегілер Жұмаш Ізбасаров, Бекбол Байжарқынов, Амангелді Нұрсейіт, Марат Көшеровтерді атады.

Ат ізін суытпайды  

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақтияр Төлеуовтен ұлттық спортқа деген мемлекеттік қолдаудың жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын білдік. Мәселен, биылға бюджеттен спорт мектебіне 105 миллион теңге бөлініпті. Пандемия болмаса, жоспар бойынша ат спортынан облыс, ел чемпионаттары мен А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған бәйгені тамашалайтын ба едік?! Ақтөбеде қазақ күресінен республикалық жарыстар да өткізілу керек-ті…

— Өңірімізде ат спортының қарқыны көңіл қуантарлықтай. Ересектер арасында аударыспақ, теңге ілуден командалық есеп бойынша бірінші орынды алдық. Алматы, Жамбыл сияқты облыстарда климатқа байланысты қысы-жазы жаттығу мен жарыстардың үзілмейтінін ескерсек, бұл — жақсы көрсеткіш. Біз тек оңтүстік өңірлерге жол беріп келеміз…

Спортшылардан бөлек, тұрғындардың да ықыласы айтарлықтай. Ат ізін суытпай келіп тұратындар көп. Естелік суретке түсемін немесе атқа мінемін деушілерді айтамын. Биылдан бастап сол үшін ақылы қызметтерді ұсынуды жөн көрдік. Ересектер 1 сағат ат үстінде жүрсе, 4 мың теңге төлейді. Жарты сағат болса, соның жартысы дегендей. Ипподром қала аумағында, ешкім ат шаптырым жерге бармайды. Бұл жағынан да қолайлы, — деп жаңалықтарымен бөлісті Бақтияр.

P.S. Қазақ пен жылқы — егіз ұғым. Тайға таңба басқандай айқын аксиомаға спорт мектебінің басшысымен сәйгүлік үстінде сұхбат құрғанда кезекті рет көзіміз жетті: қарадомалақтар бірінен соң бірі келіп, ат спортына айрықша қызығушылық танытып жүр. «Соңғы жылдары бала саны тіптен көп. Оқушы санатына өте алмай, резервте тұрғаны қаншама!» деп күлді әңгіме арасында Бақтияр Төлеуов. Ендігі бір тілек — ат үстіндегі азаматтар, яки атымтай жомарттар ұлттық спортымызға қолдауды күшейтсе, Ақтөбенің аты аламан бәйгелерде одан сайын аспандайтын еді…  

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button