Басты жаңалықтарДенсаулық

Екінші толқын: коронавирустың қаупі қандай?

Еліміз бойынша коронавирусқа шалдыққандардың қатары артып барады. Соңғы аптада біздің облыста да індет жұқтырғандардың көбейгені байқалды. Дәрігерлер барынша сақтанып жүру керектігін ескертуде. Облыстың бас инфекционист дәрігері, гепатолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазиннің айтуынша, бұл жолы вирустың инкубациялық кезеңі қысқарған. Жалпы, екінші толқынның қаупі қандай? Вирус қалай әсер етуде? Бұл туралы бас инфекционистен сұрап, білдік.

— Қазір тұмаудың да өршитін кезеңі. Оның үстіне коронавирусқа шалдыққандардың саны көбейіп барады. Ахуал қалай?

— Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққандардың саны екі-үш есеге аз. Дегенмен тұмаумен ауырып жатқандар бар. Егер бұл коронавиурспен қосарланған жағдайда науқас адамға оңайға соқпасы анық. Тұмауға қарсы екпе алмағандар қазір алғаны жөн. Жалпы, бүгінгі күні облыста ахуал тұрақты болғанымен, алаңдайтын жағдайлар көп. Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүруі керек.

— Коронавиурс жұқтырып жатқандардың жағдайы қалай? Вирустың әсер ету күшінде өзгерістер бар ма?

— Тұмаумен қосарланып келгендіктен қазір аурудың ағымы жоғары, яғни ауыр түрде өтіп жатыр. Негізі, болжам бойынша, бірінші толқын кезіндегідей емес, аурушаңдықтың сексен пайызы жеңіл өтеді деген ойда болғанбыз. Өкінішке қарай, қазір вирустың инкубациялық кезеңі қысқарып барады. Бұрын қоздырғыш организмге түскеннен кейін ауру белгісі 14 күннің ішінде білінетін. Бірінші толқын кезінде  науқастардың көпшілігі алғашқы апта бойы иіс, дәм сезбейтінін айтып, шағымданды. Екінші аптада қызуы көтерілді. Содан кейін барып пневмонияға айналатын. Қазір вирус жұқтырып жатқандардың көпшілігінде қызу жоқ. Бірақ бес-алты күннің ішінде өкпесі зақымдалып жатыр. Сонымен бірге вирус жұқтырғандарда орталық жүйке жүйесі мен ми қан тамырларының тромбозы, яғни қан тамырларының бітеліп қалуы жиі кездесуде. Жазда бұндай жағдай көп болған жоқ. Негізінен, созылмалы ауруы бар адамдарда ғана кездесті. Ал қазір басым бөлігінде осындай ауру көріністері бар. Бұрын тамағы ауырып, жөтел пайда болатын.

— Демек, тұмаудың белгісі байқалса, бірден дәрігерге бару керек қой…

— Дәл солай. Әлгі айтқанымдай, қоздырғыш өкпені аз уақытта зақымдап жатыр. Сондықтан тұмаудың белгісі байқалса, дереу дәрігерге барып, ерте ем алу керек. Қызу көтеріліп, өкпенің қабынып, дем жетпей қалатын жағдайды күтіп отырудың қажеті жоқ. Әсіресе, қант диабеті, жоғары қан қысымы бар адамдар барынша сақтанып, дәрілерін уақытында ішіп жүргені жөн. Себебі осындай ауруы бар адамдар коронавирусқа шалдықса, бұрынғы аурулары өршіп, әл бермей кетеді. Бұндай жағдайлар жиі кездесіп жатыр.

Індет жұқтырғандар күннен-күнге көбеймесе, азаймай тұр. Осы кезде той жасап, түрлі басқосуларды ұйымдастырып жатқандар бар…

— Қазір қаулы бойынша отыз адамға дейін жиналуға рұқсат бар. Біз ешкімге той, садақа жасама деп айта алмаймыз. Бірақ тұрғындар бір нәрсені ескеруі керек. Қандай басқосу жасаса да арақашықтықты сақтағаны жөн. Себебі коронавирустың қоздырғышы тұмауға қарағанда ауыр. Адам түшкірген кезде қоздырғыш біржарым, екі метрге дейін ұшады да одан кейін төмен түседі. Дәрігерлердің екі метрге дейін арақашықтықты сақтау керек дегені — осы. Медициналық бетперде таққан адам қашықтықты сақтаса, вирустан қорғана алады. Тұрғындар арасында бетпердеге қатысты да жаңсақ пікір бар. Әрине,бетперде жүз пайыз аурудан  қорғамасы анық. Бірақ ол организмге қоздырғыш санының аз түсуіне ықпал етеді.

Өкінішке қарай, тұрғындар осындай ережелерді сақтай бермейді. Өткенде коронавирус  жұқтырған қария көз жұмды. Кейін ол кісінің досы, оның әйелі осы ауруға шалдықты. Әлгі адам бірге жүрген жолдасы көз жұмған соң оның садақасына барды. Өзі де вирус жұқтырды. Ол тағы біреулерге жұқтыруы мүмкін. Сөйтіп, вирус тарала береді.  Сондықтан тұрғындар той, садақа жасаған кезде ағайындары келмесе, ренжімегені жөн. «Бармасақ ұят болады» дегенді де қою керек. Келген жағдайда да арақашықтықты сақтасын. Қазақ болған соң бас қоспай отыра алмаймыз. Бірақ халық осыны ескерсе екен.

— Екінші толқын қай уақытқа дейін созылуы мүмкін? Болжам бар ма?

— Нақты айта алмаймын. Барлығы тұрғындардың өзіне байланысты. Егер тәртіпке бағынып, бейберекет жүрмей, басқосуларды азайтып, бетпердені тақсақ, аурушаңдық аз болады. Ал вирусқа мән бермесе, бірінші толқын кезіндегідей қиын жағдайдың болуы әбден мүмкін. Себебі көрші Ресейде науқастар ауруханаға сыймай жатыр. Өлім-жітім көп. Ал Ресейдебіріміздің ағайынымыз, енді біріміздіңқұдамыз, досымыз тұрады. Екі ел бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Егер қауіпсіздікті сақтамасақ, жағдайдың ушығып кетері анық.

— Қатаң карантин енгізіп, блок-бекеттер қойыла ма?

— Облыстың эпидемиологиялық жағдайын бақылап отырмыз. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов апта сайын бас дәрігерлерге тиісті тапсырмалар беріп, кеңес өткізіп отыр.Аймақтың ахуалы жан-жақты талқыланады. Аурушаңдық көрсеткіші 1 пайыз болған жағдайда, арнайы шара қабылданады. Қазір шекара бекеттерінде бақылау күшті. Ауру анықталған жағдайда бірден оқшаулап, ем жүргізіледі. Жалпы облыстың ауруханаларында екі айға жететін дәрі қоры бар.

— Рақмет!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button