Жаңалықтар

Дарабоз диктор Ақтөбеде

«Aqtobe» телеарнасының ұжымы 60 жылдық қарсаңында қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі,  Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Ләскер Сейітовпен кездесті. Кездесуге «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мен «Aqtobe» телеарнасының директоры Мирас Мұқаш қатысты. 

Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде дүниеге келген Ләскер Сейітов телеарна ұжымымен кездеспес бұрын, әуелі баяғы әдетіне салып, гример бөлмесінен бір-ақ шықты. Жасы сексеннен асса да, әлі тың, өзін барынша ширақ ұстайтын ардагер диктор тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланбаса да, айнаға қарап, шашын тарап, бетін әрлетіп барып кездесуге келді.  Алғашқы сөзінде   балалық шағы, жалпы өмір жолы туралы айтып,  сосын телевизияға қалай келгені жайында сыр шертті:

1961 жылы Қарағанды педагогика институтының филология факультетін тәмамдап, бір жылдай сондағы облыстық радиода диктор болып қызмет еттім. Содан өзімнің досым, атақты радио дикторы, бүгінде өмірден өткен Мырзабек Қуатбеков қазақ телевизиясында конкурстың жүріп жатқаны туралы маған хабарлады. Біз ол кезде жаспыз, албыртпыз, романтикпіз. Сөйтіп, Алматыға аттандым да, 1962 жылдың 12 қазанында қазақ телевизиясының есігін аштым. Содан бастап қалған ғұмырымның бәрі өзім тектес, өзімді көрген адамдардың жадында болар, бар өмірім теледидарда өтті. Ол кезде жасым небәрі 22-де еді. Конкурстан өтіп, 1994 жылға дейін телевизия саласында диктор болдым. Жалпы отыз төрт жыл дикторлық қызмет атқарыппын. Өздеріңіз білесіздер, кейін кеңес үкіметі құлап, заман өзгерді, басқа қоғам орнай бастаған ауыр кезеңдерде түбегейлі радиоға ауыстым. Диктор, жүргізуші, комментатор, аға редактор, бас редакторлық қызметтерді атқарып, 2002 жылы зейнет демалысына шықтым. Осылай бар ғұмырымды телерадио саласында еңбек етуге арнадым, —  дейді бүгінде сексеннен асқан ардагер диктор Ләскер Сейітов.

Алпысыншы жылдардың айшықты тұлғалары, қазақ телевизиясының қарлығаштары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері Ләскер Сейітов пен Мәриям Айымбетованы білмейтін адам кемде-кем. Өйткені олардың сол кезеңдердегі телевизиядағы сымбаты мен қоңыр үні бүтін бір қазақ баласының қызығушылығын туғызып, үлгі алуға үндеді. Ләскер Сейітовтің аяулы жары  Мәриям Айымбетованың туған жері — Ақтөбе облысының Мұғалжар (бұрынғы Ембі) ауданы. Ол еңбек жолын 1960 жылы Батыс Қазақстан аймақтық (Ақтөбе облысы) теледидарында диктор болып бастады. М.Айымбетова  1966-1994 жылдары  Қазақ КСР Мемлекеттік Телерадио хабарларын тарату комитетінде диктор болып қызмет істеді. Телевизия табыстырған ерлі-зайыпты дикторлар Ләскер Сейітов пен Мәриям Айымбетовалар — қазақ телевизиясының тарихынан орын алған тұлғалар.

Л.Сейітов саналы ғұмырында мұғалімдік қызметті де атқарып көрген, алайда бұл мамандықтың өзіне қол емес екенін байқайды. Облыстық телеарнаның қызметкерлерімен кездесу барысында ол:  «Мен мұғалім болып та көрдім. Бірақ мұғалім болу үшін әрбір адам бір мамандыққа жаратылуы қажет. Соған бейім болу керек. Бес жыл оқыдым, бірақ менен мықты мұғалім шықпасын білдім. Өзім жалпы сахнаны көбірек ұнаттым, биге қатыстым. Бағыма қарай дикторлық міндет тап келді де, барлық атақ-абыройды осы телевизиядан жинақтадым, қадыр-қасиетім осы саламен сабақтасып жатыр», — деді Ләскер Сейітов.

Кездесу барысында ардагер диктор қызмет еткен жылдарындағы қызықты сәттерді де еске алды. Студия қонағы болған қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актер Шәкен Айманов, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев, тіпті Бүкілодақтық радионың дикторы, КСРО халық әртісі Юрий Левитанмен тікелей эфир арқылы жүргізген сұхбаттарын жас әріптестері ұйып тыңдады.

Әлі есімде, желтоқсанда жазушы Сәбит Мұқановқа сөз беру керек болды. Ол кісі Кубаға барып келді. Сол кездері прожектор шамдардың күшімен эфирге шығатынбыз. Эфирде терлеп отыратынбыз. Бір кезде ол кісі : «Әй, мына шамдарың төбемді ойып бара жатыр ғой» демесі бар ма?! Қызыл шам жанып тұр, эфирдеміз. Не істеймін? Аяғыммен тізесін қағып қалдым. Ол кісі тапқыр, ойшыл адам ғой, бірден сезе қойып, «аа, иә» деді де, әңгімесін жалғастырып әкетті. Ертесіне қазақ телевизиясының төрағасы Кенжеболат Шалабаев ағамыз шақырады. «Ей, сен филологияны бітірдім дейсің, Сәбит Мұқанов кім?» деді. Мен: «Білеміз ғой, жазушы, «Ботагөзді» оқыдық былай» дегенім сол еді, ол кісі: «Әй, кешегі сенің тепкенің не?» деген кезде эфирде ол кісінің тізесінен қаққаным есіме сарт ете түсті. Міне, біз эфир мәдениетін, жалпы көп нәрсені экраннан үйрендік, — деп Ләскер Сейітов жас журналистерге, оның ішінде дикторлар мен тележүргізушілерге ақыл-кеңесін айтты.

Сөз арасында ол Қазақстандағы телевизияның жан-жақты дамуына зор үлес қосқан белгілі қайраткерлер —  Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайлов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев, қазақтың заңғар жазушысы Шерхан Мұртазалардан тәлім алғанын, олардың басқарушылық шеберліктері мен тәжірибелеріне де тоқталып өтті.

1939 жылы өмірге келген Ләскер Сейітовтің есімінің өзі тарихи оқиғаға байланысты қойылыпты. «Әкем марқұм шахматты қатты ұнататын. Ол кісі менің атымды  21 жыл әлем чемпионы болған неміс шахматшысы Эмануил Ласкердің құрметіне қойыпты. Ласкер — шахматшының фамилиясы. Аты — Эмануил. Әкем менен «шахматист» шығарамын деген оймен қойған ғой. Негізгі атым — Ласкер. Қазақша Ләскермін», — дейді ол.

Кездесуде Раукен Отыншин қазақ телевизиясының алғашқы жылдарында қазіргідей суфлердің болмағанын, яғни осыдан алпыс жыл бұрынғы телевизия мен бүгінгі контенттің арасында жер мен көктей айырмашылықтың болғанын айтып: «Аға буын дикторлары кадрда әдемі сөйлеп, халыққа ұнаудан басқа, ұзын сонар мәтіндерді жатқа айтып жаңылмаған қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол кездегі тар әрі суық студияда сағаттар бойы хабар жүргізудің тауқыметі көрген мен білгенге ғана аян. Жоқтан бар жасап, бағдарламаны жандандыру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Тосыннан сұрақ қою, кейіпкер тосылған сәттен іліп әкету, яғни халықтың көз алдында актерлік шеберлікті қоса білу де — дикторлардың басты міндеттерінің бірі еді. Бұл — Ләскер Сейітов пен Мәриям Айымбетованың халық сүйген негізгі қасиеттері», — деді.

Жылы жүздесудің соңы ардагер дикторға құрмет көрсетіліп, естелік суретке түсумен аяқталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button