Жаңалықтар

Қасымжан Байсадақовқа ескерткіш тақта орнатылды

Құтқарушылардың кәсіби мерекесінің 25 жылдығына орай Қонаев көшесіндегі өрт сөндіру-құтқару бекетінде белгілі журналист Қасымжан Байсадақовқа арналған мемориалдық тақта ашылды.

Аталған игі істің жүзеге асуына облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшылығы мұрындық болды. Саналы ғұмырында көптеген ізгі істің басы-қасында жүріп, көпшіліктің алғысына бөленген Қасымжан Тахауұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылуына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қатар зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова бастаған депутаттар мен өзінің отбасы-бауырлары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев сөз сөйледі.

— Күні кеше әріптестеріміз өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Еліміздің төтенше жағдайлар қызметіне өлшеусіз еңбегі сіңген, дамуына сүбелі үлес қосқан  азаматтардың бірі — Қасымжан Тахауұлы Байсадақов. Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай біздің департаменттің бастамасы, облыстық әкімдік пен мәслихаттың қолдауымен Қасымжан Тахауұлының өзі қызмет атқарған мекемеге мемориалдық тақта орнатуды жөн санадық. Қасымжан Байсадақовтың есімін ел жадында қалдыру мақсатында қаламыздағы бір көшеге оның есімін беру туралы ұсыныс білдіру ойымызда бар, — деді департамент бастығы.

Шараға арнайы келген қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова департамент ұжымының бұл ісіне ризашылығын білдіріп, Қасымжан Байсадақов туралы жарқын естеліктермен бөлісті.

— Қасымжан Тахауұлы туралы бүгін жақсы-жақсы әңгімелер мен естеліктер айтылып жатыр. Әрине, бұл — оның көзі тірісінде жасаған жұмыстарының жемісі. Ол жас болса да біздің өңірге үлкен еңбегі сіңген азаматтардың бірі болатын. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайын үнемі ойлап, кездесулерде көтеріп жүретін, — деді Сұлупан Шынтасова  

Жиын барысында сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, ҚР Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин өтіп жатқан шараның журналистер үшін де маңызды екенін тілге тиек етті.

— Қасымжан Байсадақов — облыс журналистикасының да дамуына үлкен үлесін қосқан азаматтардың бірі. Сондықтан бүгінгі еске алу шарасының біздің әріптестеріміз үшін де маңызы зор. Қасымжанмен әріптес болдық, сапарлас болдық. Хромтаудан келгеннен кейін біршама уақыт «Экономика Бизнес» газетінде бірге қызметтес болдық. Одан кейін ол салық комитетінде, облыс әкімдігінде, облыстық мәслихатта қызмет етті. Облыстық мәслихаттың хатшысы болған кезінде Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына айтарлықтай септігін тигізді.

Қасымжанның Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы болғанын да жақсы білесіздер. Өз кезегінде ол Одақ мүшелеріне ерекше құрмет көрсете білді. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарады. Көптеген журналистің әлеуметтік жағдайына ерекше түсіністікпен қарап, қамқор болды.  Әсіресе, ардагер журналистерге көп көңіл бөлді. Олардың кітаптарының жарыққа шығуына ұйытқы болып, шипажайларда демалуына мүмкіндік жасады. Әлі де талай игі істің басы-қасында жүретін әріптесіміздің өмірден ерте кеткені өкінішті, — деген Раукен Отыншин Қасымжан Байсадақовтың отбасы мен артында қалған балаларына ұзақ ғұмыр тілеп, құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Салтанатты жиынға қатысқан Қасымжан Байсадақовтың апасы Бекзада Байсадақова жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдіріп, отбасы мүшелері  атынан рақметін жеткізді.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының ақпарат саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан Қасымжан Байсадақов 2003-2017 жылдар аралығында суда құтқару қызметі, ал одан кейін департаменттің жедел құтқару жасағын басқарды. Өзі басшылық етіп тұрған тұста құтқару станцияларын жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында  заманауи талаптарға сай келетін екі ғимарат бой көтерді. Қасымжан Тахауұлының көп жылғы еңбегі ел басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, ҚР Президентінің 2016 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен №9376 «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button