Жаңалықтар

Құдіретті мамандық

Белгілі  журналист, публицист, жазушы Мақсат Рсалин 60 жасқа толып отыр. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ басылымдарында, соның ішінде «Дала мен қала», «Страна и мир», «Ана тілі», т.б. газеттерде жемісті еңбек етті, сондай-ақ «Сағыныш», «Тағдыр сыйы» атты  кітаптары жарыққа шықты. Биыл қаламгерге өзінің туған өңірі — Хромтау ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Біз әріптесіміз, жерлесіміз, ҚР мәдениет қайраткері Мақсат Рсалинді мерейлі жасымен құттықтап, оған шығармашылық табыстар тілейміз.

Оқырмандарымызға оның қаламынан туған «Құдіретті мамандық» атты әңгімені ұсынамыз.

«Осы бір мамандықты қайдан ғана таңдадым? Қайдан ғана мұғалім болдым?» — деп, мектепке жұмысқа тұрғалы өкінумен болып еді, бүгін соның бәрін ұмытып, үйге қуанып оралды. Бағана мектепке Алмагүлдің анасы келген екен. Директорды да, өзге мұғалімді де керек етпей, өзін іздепті.

— Айналайын, Айсаражан, Алмагүлімнің сабағы түзелді, бәрі сенің арқаң. Балама өзіңдей жақсы мұғалім тап болғанына қуанып жүрмін. Алмагүлімнің сабағы түзелгесін, әкесі де тіршілігіне кірісіп, тұрмысымыз оңала бастады. Рақмет, айналайын, — деп дауысы бұзылып, көзіне жас алды.

Айсараның мектептің қиындығына төзбей, торыққан көңіліне шуақ құйылып, шаттанып келе жатқан себебі содан. Мұғалім мамандығының көзге көрінбейтін көп қиындығын оқушы бала қайдан білсін? Айсара да жоғарғы сыныпқа көшкен жылы Талан апайы сияқты мұғалім болам деп армандай бастады. Олай деп кім кеңес бергені есінде жоқ, әйтеуір жатса-тұрса ойлайтыны сол болды да, ақыры педагогикалық институттан бір-ақ шықты. Бұны естіген сыныптастары мырс-мырс күлген-тұғын. Бірақ Айсара экономист, бухгалтер, заңгер мамандығын таңдаған олардың келекесіне мән де берген жоқ. Студенттік өмірдің қызығы көп ойлантпады да. Сөйтсе, мұғалімдік дегенің «модадан» қалған мамандық екен. «Мұғалім болып мектепке қызметке орналастым» десе, естіген жұрт «е-е» деседі де қояды. Тіпті, кейбіреуі бұған аяушылықпен қарағандай. Десе дегендей, Айсара мектептің өмірі түгесіліп болмайтын қиындығына сүңгіп жүре берсін. Басқасын былай қойшы, жоғарғы сыныптың  ересек балалары дәлізде кетіп бара жатқан бұны қағып-соғып өтетіні қандай қорлық? Бұл сонда қайтерін білмей, іштей ыза болып еді-ау. Өзінің де бойы он-он біріншіде оқитын оқушылардан асып бара жатқаны шамалы. Қайтеді, мына бір қағынған жүгірмектерді қалай ғана тәртіпке шақырады? Қас қылғандай алғашқы сабағы жоғарғы сыныпта екен, жаңағы өзін қағып өткен перілер көздері бақырайып-бақырайып, партаға сыймай осы сыныпта шулап отыр. Кіріп келген бұны көрген олар, «енді қайтер екен, көрейік» дегендей, әуестене қарай қалыпты. Айсара алғашқы әңгімені оқушылармен танысудан бастап еді, ә дегеннен қиындыққа тап болды. Оқушылардың аты-жөнін журналдан оқып, таныстықты бастағаннан-ақ соңғы партада серейген бойын қайда сыйғызарын білмей бұлғақтап отырған бала қосарлана сөйлеп ит жынын келтірсін. Тілі сумаң-сумаң етеді. Бұл «Жәлелов Мұрат» десе, ол дереу «Муха» деп қалады. «Таңжарықов Айдын» десе, «Лох» деп желімдей жабысады. Оның бұл қылығын қоштағаны ма, әр тұстан балалар жырқ-жырқ күледі. «Тыныш, кәне тынышталайық» деп, бұл үстелді қаламсаппен тарсылдатқанда ғана, қыбыр-жыбыр сәл толастайды да, журналға үңілсе болды, сыбыр-күбір қайта жанданады. Бәрін бүлдіріп отырған соңғы партадағы бала. Өзі шашын шаршылап қидырған. Түк жараспайды. Қайта өзін сондай сүйкімсіз етіп көрсетеді. Сонысын өзі тіпті де сезбейді-ау. Ол тағы да қосамжарланып сұңқылдай бергенде, Айсара өзін-өзі ұстай алмай жанына жетіп барды.

— Ал сенің атың кім? Айтшы, кәне, өзіңнің лақап атыңды? — деп түйіле қарады. — Тұр орныңнан!

Ол болса айылын жияр емес, созалаңдап орнынан көтерілді. «Мынау келіп тұрған мұғалім екен-ау» деместен иықтасып, бұлғақтап тұр.

— Бәрінде лақап ат бар да, сенде жоқ па? Айт қане?

— Ал сіздікі ше? Сіздің лақап атыңыз кім?

Сыныптағы оқушы біткен нақ бір адам айтқысыз қызыққа тап болғандай ду-у ете қалсын. Ал анау болса сойған түлкідей ыржалаң-ыржалаң етеді. Айсара мұндайды тіпті де күтпеген еді, жон арқасын суық тер басып, ызаға булықты. Қайтерін білмей тосылған. Бір қараса, сынып бөлмесінен өзі сытылып шығыпты. Жанарына жас үйіріле қалыпты, көз алды бұлдырап сала берген. «Қызым-ау» деген жып-жылы дауыс естілгенде жалт қараса, директор Ардақ Мырзатайұлы   екен.

— Бәлі, жылап тұрмысың? Алғашқы сабақты  осылай бастадың ба? Жылама, айналайын, өзіңді нық ұста, әйтпесе, басыңа шығып алады. Қазір мен барар болсам, олар сені сыйламай қояды. «Қит етсе, директорге жүгіріп барады» деп ойлайды. Мұғалімсің ғой, өзің барып бір амалын тап, — деді.

Директордың осы ақылы Айсараны сабасына түсірді. Іштей ширығып барып, ештеңе болмағандай сабағын бастады. Оқушылар да оның жан дүниесіндегі өзгерісті байқап қалған ба, тым-тырыс. Әлгі тәмпіш мұрынды бала да тұқшиып басын жерден көтермейді.

Арада екі ай уақыт зу-у етіп өте шығыпты. Мектептің көп шаруасына көндігіп қалған Айсара жұмысына төселе бастаған. Соны сезді ме, директор бұған жетіншіге сынып жетекшісі болуды ұсынды. Айсара алғашында жүрексінсе де, келіспеске амалы қалмады.

Жетінші сынып оқушылары оныншының балалары сияқты емес, көздері жәудіреп қарсы алды. Оның үстіне бұл кәдуілгі мұғалім сияқты біршама тәжірибе жинақтаған кезі ғой. Қорыққанды ит пен бала сезе қояды деген осы-ау. Бұл жолы жаңа оқушылармен тез тіл табысып кетті. Ата-аналар жиналысын өткізіп, олармен де танысып алды. Жұмысы осылайша жолға түсе бастады-ау дегенде аңғарды, сыныптағы Алмагүл деген қыздың оқуы нашар екен. Өзі сабақтан жиі қалады. Сабаққа келген күнде де жалғыз отырады, оқшау жүреді. Көзінде мұң бар. Досы жоқ, ешкім оның қасына отырғысы келмейді. Аңдап қараса, сыныптастары одан «сасық» деп мұрнын басып қашады екен. Өзінен сыр тартып көрсе, мандытып ештеңе айтпайды. Көзін алып қашып, тезірек кетіп қалғысы келеді. «Қап, енді қайттім? Осы қыздың кесірінен сөз естімесем етті» — деп ойлады Айсара. Бұл бір жұмбақ болды. Жұмбақты шеше алмай басы қатты. Бірі түзелсе, екіншісі бүлінген мектеп тіршілігіне қайдан тап болып едім деп налыды. Өстіп жанды жеп жүргенде жалақысы түспегірің де оңды болса екен-ау. Жарымаған бірдеңе. Жүйкеңді жұқартып оқушымен алысып жүріп тапқан ақшаңа бір көйлек сатып ала алмаған деген не сұмдық? Жас болып жарқырап киінбеген неткен өмір?

Айсара осылай налып алып, ертеңіне қайраттанып Алмагүлдің әке-шешесімен таныспақ болды. Бәлкім, жұмбақ сонда шешілер?!

Көрінген адамнан сұрап, үйін әрең тапты. Қабырғасының сылағы қақырай түскен жермен-жексен жер үй. Көптен адам қолы тимегені көрініп тұр. Аула іші ыбырсып жатыр. Тап жолға кірдің суын төгіпті. Алдынан шәу-шәу етіп сабалақ күшік жүгіріп шықты да, «осымен міндетім аяқталды» дегендей құйрығын қысып, қарасын батырды. Осыған қарағанда бұл үйде тірі жан тұрмайтындай көрініп еді, есікке таяу барғанда жылаған нәресте дауысы тірлік белгісін білдірді. Мынадай тірлікті көргесін өзінің де жүрегі шайлығып қалғандай, есікті жүрексіне ақырын қақты. Есік ашыла қоймаған соң, «қайтсем екен» деп абдырап тұрғанда, іштен шашы ұйпаланған бас көрінді де, біреуден тығылып отырған адамдай маңайына алақ-жұлақ қарады. Алдына кір-кір алжапқыш байлаған әйел екен. Шамасы Алмагүлдің шешесі. Ол бұны көре сала:

— Ту-у, тағы да квартплата ма, төлейміз, төлейміз. Күйеуім бір аптадан соң келеді айлығын алып, өзім апарып, төлеймін, – деп ызалана сөйлеп қоя берді.

— Жо-жоқ, апай, мен Алмагүлдің мұғалімімін, — деуін десе де, мына кісінің қылығынан өзі ұялып қалды. Кексе тартқан әйел сонда ғана бір пәледен құтылғандай, «уһ» деп демін терең алып, бұған үйді нұсқай берді.

Үйдің іші ауладан бетер, көптен сыпырғыш көрмепті. Қолаңса танауды қапты. Едені шырыштанып табаныңа жабысады. Енді аңғарса, үй ішінде жөні түзу мүлік те жоқ екен. Жуылмаған ыдыс-аяқ үстел үстінде үйіліп жатыр. Жүдеу тірлік Айсараның еңсесін езіп жіберді. «Мынадай үйде тұрған баланың оқуы қалай оңсын» деп ойлап үлгерген жоқ, қапталдағы бөлмеден екі-үш жасар бала шықты да «беші» деп салтақ-салтақ қолын созды. Бұл дереу сөмкесінің түбінде жүрген үш-төрт түйір кәмпитті баланың қолына ұстатты. Сол-ақ екен, әлгі әйел «әй, өзің жей бермей, ініңе де бер» деп, олжалы баланы қақпайлап бөлмеге кіргізіп жіберді.

— Алмагүл үш күн болды, сабаққа келген жоқ. Неге келмей жатқанын білейін деп…

— Барады, барады сабаққа. Бір жағдай болып… Жіберем, ертең барады, — деп, анасы ақтала бастады. Айсара оның сабағы нашар екенін айтпақ боп оқтала беріп еді, төргі бөлмеден: «Әй, — деген еркек адамның дөрекі дауысы естілді. — Су әкел». «Алмагүлдің әкесі болар, — деп ойлады. — Сірә, мас-ау өзі». Енді әңгіменің қиюы келмейтінін біліп, үйден шығып кетуге оңтайлана бастап еді, әйел байғұс дегбірі қашып, бұған жауап қатуға да мұршасы келмей, дауыс шыққан төргі бөлмеге кесемен су ала жүгірді.

Көшеге сытылып шыққан Айсара әлгі көріністен соң көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Автобусқа да отыруды ұмытып, ілбіп басып біраз жерге барып қалыпты. Базар маңында тізіліп тұрған машиналарды бес-алты бала жуып жүр екен. Ішінен Алмагүлді жазбай таныды.

— Алмагүл, — деп дауыстағанын өзі де байқамай қалған. Алмагүл суы сорғалаған шүберегін қайда тығарын білмей, қатты ыңғайсызданып қалды. Мұғалім апайы іздеп келеді деп кім ойлаған.

— Апай, ертең сабаққа барамын, — деп ақтала бастады.

Айсара қысылып-қымтырылып қалған оқушысын жүрегі езіле аяп кетті. «Байғұс қыз-ай, тиын-тебен тауып шешеңе көмектескің келген екен ғой, обалың маскүнем әкеңе». Сол арада мына өмірдің қиындығына көкірегі күйіп, өзі де жылап жібере жаздады.

— Иә, иә, Алмагүл, сабақтан қалмашы, — деді қаршадай қыздың мына жүрісіне өзін кінәлідей сезініп.

Ертеңіне айтқандай-ақ Алмагүл сабаққа келді. Өңі әдеттегідей сынық.

— Алмагүл, жағдайыңды неге жасырдың? Мынадай қара суықта машина жуамын деп ауырып қаласың ғой, — деді.

— Енді не істеймін, үйде жейтін тамақ жоқ, — деп, Алмагүл пышылдап жылап жіберді.

— Қой, жылама, анасына көмектескен қыз жылай ма екен? Көмектескенің дұрыс, тек жұмысты таңдай білу керек. Мен саған ыңғайлы жұмыс тауып қойдым. Көрші апай жалғыз тұрады, сол кісінің үйін аптасына үш рет барып қағып-сілкіп, тазалап беріп тұрсаң, апай ақшасын аямас еді. Әрі ол кісі бұрын мұғалім болған, сабақ даярлауыңа да септеседі.

Алмагүл бұған жалт қарады. Жанарынан ұшқын жылт еткен.

Болған оқиға осы еді, содан аз уақытта Алмагүл өзгере бастады. Киім киісі, тазалығы, ең бастысы, сабағы түзелді. Бұрын танауын шүйіріп менсінбей қарайтын сыныптастарын таң қалдырып, «бестік» баға ала бастады.

Бағана осы қуаныш үстінде Алмагүлдің анасы өзін іздеп келіпті. Ол кісінің де өңіне қан жүгіріп, жүзі шырайланып қалыпты.

— Қызының күнделігіндегі «бестік» бағаларды көргесін әкесі де жөнделді, арағын қойып жұмысқа шықты. Айналайын, Айсаражан-ай, сен бір біз үшін келген періште болдың ғой. Тіпті не дерімді білмеймін, — деп ағынан жарылды.

Айсара содан бері қуанулы. Ісі нәтижелі болды. Көңілі жайланды. Мұғалімдік мамандығының құдіретін жаңа түсінгендей. Енді бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button