Жаңалықтар

Мақсатына жеткен адам

Адам алдына мақсат қоя білуге тиіс деп жатады. Әрине, ол айтуға ғана оңай. Өмір көздегеніңнің бәріне қол жеткізе беруге мүмкіндік жасамайды. Ол үшін жасымайтын жігер, қайтпайтын қайрат, ең бастысы, ішкі ниетіңнің ұмтылыс-тазалығы керек.

Бүгінде сексен бес жасқа қол созып отырған Ғалымжан Байдербес аға туралы мақсатына жеткен адам деп тұжырым жасап жатсақ, оған ешкім қарсылық білдіре қоймас.

Әрине, бұл сол адамның ойлағанының бәрі орындалды, тағдыр маңдайына жазған ғұмырында бәрі ғаламат, жан-жағы жайнап тірлік кешіп келеді деген сөз емес. Егер осы тұрғыдан қарасақ, біздің кейіпкеріміз басынан өткерген қиындықтар да, мұңды сәттер де жеткілікті. Соның бәріне ол төзе білді, иығымен көтерді. Бірақ алғы күндерден жақсылық көре білді.

Бүгінде осы Ғалымжан Байдербес ағаны білмейтін жан жоқ секілді көрінеді бізге. Оның адам баласын алаламайтын ашықтығы, жайдары жарқын мінезі, кісіге болмасыны жоқ кеңдігі көптің ортасында дараландырып тұрады.

Кешегі кеңестік қоғамда облыстағы іргелі бір шаруашылықтың партия ұйымының жетекшісі болған Ғалымжан Ермағамбетұлы осы саяси қызметтегі қалыптасқан ұйымдастырушылық, іскерлік  қабілеттерін ұзақ уақыт бойы елдік мүдделерге жұмсап келеді. Оны халық, ең алдымен, қазақтың батыр қызы Әлияның іздеушісі деп біледі.
Бұл кісінің негізгі мамандығы — мұғалімдік. Ұстаздық қызметімен бірге жас уақытында мектеп директоры де болды. Жігерлі азаматты партия өз қатарына тартып, шаруашылық жұмысына жақындатты. Бұрын жас буынды азаматтар қатарына қосамын деп тәрбиелесе, енді еңбек етіп жүрген азаматтарға тәлім беретін болды.

1975 жыл оның өмір жолындағы есте сақталатын бір кезең болуы тиіс. Ол осы тұста Қобда ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы шаруашылықтың партия ұйымын басқаруға жіберіледі. Аудан басшысы болған соғыс ардагері, білікті басшы, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжановтың әрбір ағалық сөзін жадында берік ұстап, көрсеткен бағытына ұмтылумен тәжірибе де жинақтады, іс тетігін де таба бастады.

Шаруашылық басшысы, өзінен жастау болса да, ел басқаруда танылып қалған Сабыр Қаналиевпен алғашқы күннен тіл табысып, бірігіп еңбек етті. Сыйластықтары да тәуір болды. Ұстаздығы бойында атойлап тұратын Ғалекең бір күні директорға: «Бұл — қазақтың батыр қызы Әлияның ауылы, сондықтан өзгеше іс-қимыл жасауымыз керек, ерлікті насихаттап, жас буынды патриотизмге баулу үшін шаралар ұйымдастырайық», — деп ұсынысын алға тартады. Бұған ол да қолдау білдіріп, осылайша Әлпайсайдағы әлиятанудың әліппесі айқын ашылып еді.

Жеңістің отыз жылдығы тойланып жатқан тұста ел қорғаған майдангерлер қатары сирей қоймаған. Соғыс туралы естелік айтушылар да, Әлия батырдың замандастары да аз емес-ті. Бастапқыда музей ашу жоспарланып, оның алғашқы қойылымдарының өзі көз тартарлықтай дәрежеге жетті. Сексенінші жылы музейдің мемлекеттік негізде қызмет етуіне жағдай жасалды. Бастапқы тұстың өзінде жұртшылық алдына ұсынылған жәдігерлер саны бес жүзден асты. Батыр рухына тағзым етіп алыс-жақыннан келушілер қатары да күн санап көбейе түсті.

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Сол шындыққа айналды. Бұрынғы ізбен қалт-құлт етіп келе жатқан кеңшардың тірлігі жанданып, ауылдың ажары ашыла бастады. Мамандандырылған шаруашылық бірлестігі мемлекетке жылына 25 мың центнерге дейін ет тапсырды. Еңбеккерлердің табысы артып, орталықтан еңселі Мәдениет үйі, басқа да әлеуметтік құрылыстар бой көтерді.

Музей жұмысына басшылық етуді Париза Шәріпқызы қолға алды. Ол кездегі жұмыстың желісі жоқтан бар құрау, барды базарлап көрсету ауқымында ғана өрбіді бастапқыда. Бір ерекшелігі, осы шаруалар Байдербес әулетінің күнделікті тіршілігіне де айналып кетті. Париза апа күндіз жұмысында болса, үйге келгеннен кейін де Әлияға байланысты материалдарды реттеп, жинастырып, алдағы жоспарларымен бөлісіп отыруды әдетке айналдырады. Ал отағасы Ғалекең болса, бұл саланы парторг жұмысының бір бөлігі деп қарастырды.

Ғалымжан ағаның тәрбиесін көрген Бағдаш Төпенова кейін де ұстаз тәлімін лайықты жалғастырды. Ол музейге келгелі де қазіргі уақытта отыз жылдан асыпты. Басында жай қараушы болып қызмет атқарған ол кейін кіші, аға қызметкер, бөлім меңгерушісі лауазымына сатылап көтерілді. Шынын айтқанда, мұнда мәселе іске жанашырлығыңмен өлшенеді. Әлияға қатысты әрбір жәдігер аяулы. Соның қай-қайсысының да қадірін ұғынып, аялап ұстап, келушіге дұрыс түсінік беріп отыру қажет. Бағдаш кейін орталықтың директоры болған тұсында да осы ұстанымынан ауытқыған жоқ. Осының бәрі — Ғалымжан аға салып берген сара жолдың жемісі.

Бір кездері музейде қойылымдар саны мыңнан асқан кезде мұның өзі үлкен мақтанышқа айналған. Ал жылдар өте келе қор ауқымындағы түрлі фотосуреттер, ескерткіш болатындай құнды заттар, тағы да басқа сирек кездесетін игіліктер төрт мыңның үстіне шықты. Бұл да болса, толассыз жүргізілген ізденістердің, жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

— Ғалымжан ағай сонау қиын жылдарда музейді сенімді басқарушылыққа алып, сақтап қалды. Мұны үлкен ерлік деп бағалауға болады. Ол кісінің өмірлік серігі Париза Шәріпқызы ағамен қатар жүріп, Әлия батыр рухына аянбай қызмет етті. Мен көп нәрсені осы апайдан үйрендім.

Мен Ғалымжан ағаймен бірге Ресейдің Псков, Новосокольники, Мәскеуге бардым. Ол жерлерде талай әсерлі кездесулер болды. Ресейліктер ағайымызды әлиятанушы ретінде ерекше құрметтейді, мұның өзі біздер үшін айрықша мәртебе болды, — деп Бағдаш ілгеріректе айтқан жүрекжарды сөзді бүгінгі күні де қайталап айтуға болады.

Ал облыстық үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясы бірлестігінің президенті Айгүл Дүйсенованың «Ғалымжан Байдербес — қоғамдық ұйымдар жетекшілері арасындағы өз алдына қойған мақсатына адал, жанкештілікпен еңбек ететін, жігерлі адам. Ол батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүктің ерлігін кеңінен насихаттап, жас буынға жалықпастан үлгі етіп келеді. Қаншама кітаптар шығарды, кездесулер өткізді, мектеп оқушыларын батырлар елі — Қобда жеріне саяхатқа алып шықты, мұның барлығы өте әсерлі шаралар болды. Ағай қандай да қоғамдық шараларға белсенділікпен қатысады, өз пікірін білдіреді, жастарға ақылын айтады» деуі, шынын айтқанда, көпшіліктің көкейінде тұрған сөз десек, артық болмас.

Әлия музейі уақыт өте келе нағыз патриоттық тәрбие беру орталығына айналды. Ақтөбеге ат басын бұрғандар осында соқпай кетпейтін болды. Өткен күндерге үңіліп көрелік.

«Кеңестер Одағының Батыры, халқымыздың ардагер қызы Әлия Молдағұлованың ерекше ықыласпен, сүйіспеншілікпен жерлестері ұйымдастырған музейін терең оймен, тебіреніс үстінде қарап шықтық.

Әлияның жарқын өмірі, Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі, туған елге деген зор махаббаты — халқымызға, барлық ұрпаққа үлгі-өнеге. Бұл жастарды ерлікке, Отанын сүюге тәрбиелейді».

1984 жылдың 15 тамызында Әлпайсай ауылында болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев, сол кездегі республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев музейдің естелік кітабына қолдарын қойып, осындай ізгі тілектерін білдірген болатын. Шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқаратын Ғалекең қазақтың батыр қызы туралы тың деректерді келтіріп, қонақтарға көптеген мәліметтер берді.

Ол уақытта бұл жерге Одақтың түкпір-түкпірінен делегациялар, небір танымал тұлғалар жиі келетін. Олардың қай-қайсысы да осындағы кездесулерден үлкен әсермен қайтатын.

Бүгінде музей тарихына үңілсек, осында болған есімі қалың елге мәлім адамдар қатарынан халық әртісі Роза Бағланованың, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың, зерттеуші ғалым Мұрат Аджидің қолтаңбаларын көруге болады.

«Әлия» әнімен әлемге танылған Роза Рымбаева да батыр апасының аруағына тағзым ету үшін арнайы келіп кетті.

Көптеген жерлердегі мұражайлар ұзақ жылдар бойы Әлпайсай ауылымен берік байланыс орнатты. Олардың сапында Санкт-Петербургтегі №140 орта мектеп жанында Әлия Молдағұлова атындағы музей бар. Қазақтың батыр қызына арналған бұл тағылым орталығы 1964 жылы ашылған. Мектеп орналасқан көше 1980 жылдан Әлия атымен аталады.

Тарихи деректерге қарағанда, қазақ қызы Ленинградқа 1938 жылы келген. Нағашы ағасы Әубәкір әуелгіде Мәскеуде, сосын Ленинградта әскери-көлік академиясында білім алады. Осы отбасының қамқорлығында болған ол бүгінгі №140 мектептің ізіндегі білім ордасында дәріс алады. Орысшаны кешірек үйренгеніне қарамастан, Әлия қатарластарынан қалмайды, тіпті аз-кем уақыттан соң үздік оқушылар қатарынан табылады және белсенді пионер болады. Сондықтан да 1940 жылы Артектегі Бүкілодақтық жазғы лагерьге демалысқа жіберіледі.

Алпысыншы-жетпісінші жылдары Ленинградтағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Семен Синицкий басқарған қызыл ізшілер іздестіру жұмыстарымен шұғылданған. Олар Әлия батыр соғысқан Казачиха деревнясында болып, естеліктер жинаған. Кейінірек сол мектептің өкілдері Қазақстанға келіп, батыр қыз туған мекен — Бұлақта болған.

Осындай тығыз ынтымақтастықтың туын көтеріп жүруші де Ғалымжан ағамыз. Сырттан келген қонақтарды ықыласпен күтіп алып, бар жағдайын жасап, әбден шығарып салғанша тыным таппайды. Өзі де Санкт-Петербургке қаншама рет сапар шекті, ол жақтағылар да бұл кісіні өз туыстарындай қарсы алады.

Мәскеудегі №891 орта мектеп жанындағы музей де өзінің қойылымдарымен мәнді. Бұл жерде де Әлия апамыздың бүкіл өмір тарихы, майдан жолдары кеңінен таныстырылады. Осындай зерде орталықтары Новосокольникиде де, сол аудандағы Насва елді мекенінде де бар.

Бүкіл саналы ғұмырын ерлікті насихаттауға арнаған «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалымжан Байдербес қазақтың батыр қыздарын бір-бірін бөлмейді. Сондықтан Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова есімдерін де жас ұрпақ жадына бір кісідей сіңіріп келеді.

Осыдан бес жыл бұрын оның «Ржев шайқасының қаһармандары» атты кітабы жарық көрді. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарында Ржев түбінде жанқиярлықпен шайқасқан жауынгерлердің бейнесі жан-жақты көрсетіледі. Бригаданың құрамында болған майдангерлер мен командирлердің жазбалары, естеліктері негізінде жазылған бұл дүние Ғалекеңнің тынымсыз ізденісі мен жолсапарлары арқылы өмірге келді.

Қаншама шаруалар тындырылып жатыр, бұл кісі еңбегінің өтеуін сұрап, ешкімге қол жайған адам емес. Шүкір, мақтау-марапаты да жетерлік. Осыдан жиырма жылдай бұрын облыстың «Жыл адамы» атанды. Беріректе «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Кеудесіндегі «Құрмет» ордендері, көптеген медальдары оның ел үшін тынымсыз тірлігінің бағасы іспетті.

Шүкір, қазір Париза апаймен қол ұстасып, балаларының қызығын көруде. Ақмаралы мен Ғалиясы, сүйікті немересі Ақботасы, ізін жалғастырған Ізімғалиы, басқа да ұрпақтары сексен беске келген атаның тынысы іспетті. Солардың амандығы, жақсы тәлім-тәрбиесі көңілдерін орнықтырады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button