Экономика

Мал өсірсең, қой өсір

Мемлекеттік бағдарлама

Әйтеке би ауданы бойынша былтыр  73 адам несие алса, оның 53-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан, ал 20 адам «Әйтеке би»  несие серіктестігінен алды. Несиенің жалпы сомасы — 337 689 000 теңге. Биылғы жылдың сегіз  айында 42 адам барлығы 209 539 000 теңге несие алды. Оның 33-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан, ал 9-ы аудандық «Әйтеке би» несие серіктестігінен алды.

Несие алғандардың көпшілігі шаруасын дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр. Араларында жаңа жұмыс орнын ашқандар да бар. Солардың бірі — аралтоғайлық Бекболат Жолғұттыұлы. Ол орта мектепті тәмамдаған соң Орал қаласында жоғары білім алып, облыс, аудан деңгейінде түрлі қызметтер атқарды.  2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы туралы естіп, бағын сынап көруге бел буады. Кәсіпкерлік негіздері жөнінде білім алып, бизнес-жоспарын дайындайды. Жоба үздік деп танылып, маусым айында 505 000 теңге грантқа ие болады. Бұл қаржыға  14 саулық және 1 қошқар сатып алып, туған жері Аралтоғайда бағуға кіріседі. Қажетті жем-шөпті өз қаржысына сатып алады.  Қыстан қоңды шыққан мал көктемде төлдеп, саны  30-ға жетті. Қойдың саны өскен сайын Бекболат оны өсіруді мықтап қолға алады.  Ауылдастарынан қой сатып алып, санын 100-ге жеткізеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 8,5 миллион теңге несие алып, 50 мүйізді ірі қара, 2 асылтұқымды бұқа сатып алды. Қазіргі күні өзі ашқан «Қасым» шаруа қожалығын қарқынды дамытып келеді. Екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Мал қора салып жатыр. Сонымен бірге алдағы уақытта несиеге ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарында  бар. Азғантай грантты тиімді пайдаланған Бекболаттың ісі көпке үлгі.

 М.ИСАЕВ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button