Жаңалықтар

Облыс жылыту маусымына дайын

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айбек Қайыр мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыстың жылыту маусымына дайындығы — 100 пайыз.

Қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдар үшін алдағы жылыту маусымына қажетті 34 486,6 тонна көмір мен 2 011,2 тонна дизель отыны 100% тасымалданды. Алдағы жылыту маусымына халық қажеттілігі үшін 35 420 тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге 261 вагон, яғни 18 300 тонна көмір жеткізілді. Теміржол тұйықтарында 4 280 тонна көмір отыны жатыр. Қатты отынның құны тоннасына 15 600-16 500 теңгені құрайды, — деді басқарма басшысы.

Баспасөз мәслихаты барысында белгілі болғандай, биыл облыс аумағында 589 қазандыққа, 266,5 шақырым жылу желілеріне, 136,5 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, 146,6 шақырым электр желілеріне, 1 439 әлеуметтік нысандарға, 2 486 көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда күрделі жұмыстардың барлығы дерлік аяқталыпты. Ал ұсақ-түйек жұмыстар 1 қазанға дейін толығымен бітетін болады. Сөйтіп, жылдағы дәстүр бойынша 1 қазаннан бастап барлық әлеуметтік мекемелерге, ал 15 қазаннан бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріледі.

Айта кетейік, алдағы жылыту маусымына дайындық барысы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button