Жаңалықтар

Медициналық ұйымдарға  айыппұл салынды

Қызмет сапасы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары  тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС пакеті бойынша көрсетілетін  қызметтердің сапасына мониторинг жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері медициналық ұйымдардың қызметінен 97,5 мыңнан астам түрлі кемшілік анықталып, 270 миллион  307 мың теңгеден аса айыппұл салынған.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, анықталған кемшіліктің басым бөлігі консультациялық-диагностикалық қызметтерге қатысты болып отыр.  Қор филиалының сарапшылары жалпы құны 94,3 миллион теңгені құрайтын 82,7 мыңнан астам осындай кемшілікті тіркеді. Сондай-ақ амбулаториялық емханаларда 1,3 мыңнан астам,  тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 1,5 мың дерек, яғни кемшілік анықталды. Жыл басынан бері сарапшылар пациенттерге медициналық қызмет көрсетпеген, бірақ көрсетілді деп ақпараттық жүйеге енгізілген 13 жалған  деректі анықтады. Осындай заңбұзушылықтарға жол берген медициналық ұйымдарға  500 мың теңге көлемінде  айыппұл салынды.

Тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылау болса, түрлі заңбұзушылықтардың алдын алуға болады. Бұл медициналық ұйымдардың жұмысын тәртіпке келтіреді. Сондықтан біз тұрғындарды мобильді қосымшалар арқылы өзінің деректерін тексеріп тұруға шақырамыз. Егер сәйкессіздіктер анықталса, қордың филиалына хабарласу керек, — деді Батырбек Нұрғалиев.

Шағым немесе өтініш беру үшін 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button