Жаңалықтар

Ауыл шаруасы алға баса ма?

Тікелей желі

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде саланы дамыту және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Биылғы жылдың өткен сегіз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 169,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,7%-ды құрады. Мұндай тұрақтылық бір жағынан саланы дамытудың қалыпты ахуалын көрсетеді. Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 6,8%-ға артып отырғанын да тілге тиек етуге болады.

Бүгінгі күні саланы мемлекеттік қолдау көлемі 1,1 есеге артып, 18,5 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында ауқымды қаржы бөлініп отыр.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге 7519,6 миллион теңгеге 120 жобаға өтінім тіркелген, оның ішінде 81 жобаға несие берілді.

Егіс көлемі 778,3 мың га құрады, оның ішінде 445,4 мың га дәнді дақылдар, 46,2 мың га майлы, 103,7 мың га мал азығы дақылдары мен 12,2 мың га картоп пен көкөніс-бақша дақылдары алқаптарын жинау жұмыстары жүргізілуде. Егіс алқабының орташа өнімділігі гектарына 9,3 центнерді құрап отыр.

Келер жылдың егісіне 167,1 мың га алқапқа сүр, 5,6 мың га алқапқа сүдігер дайындалды. Сүдігер дайындау жұмыстары жалғасуда.

Ағымдағы жылы суармалы жерлерді қалпына келтіру  бағдарламасы аясында 10,6 мың га тұрақты суармалы және 24,7 мың га көлтабанды суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қобда, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарында белгіленген жобалардың аяқталуы көзделген.

Ауыл шаруашылығы саласында машина-трактор паркінің жаңа техникалармен жарақтануы — еңбек өнімділігін арттыруға себебін тигізетін факторлардың бірі. Қазіргі уақытқа дейін жалпы құны 7,1 миллиард теңге құрайтын  703 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, жаңару көрсеткіші 3,1%-ды құрады. Нақты айтатын болсақ, 224 трактор, 17 астық ору комбайны, 22 жер өңдейтін техника, 303 мал азығын дайындайтын техника жаңадан жұмысқа қосылды. Бұл бағытқа 1 045,0 миллион теңге субсидия төленді.

Облыс аумағында малдың барлық түрінде де өсім байқалады. Жалпы ілгерілеу көрсеткіші 6,6%-ды құрайды. Оның ішінде асылтұқымды ірі қара мен жылқының үлесі жоғары.

Мемлекет тарапынан қолдау шаралары жан-жақты көрсетілуде. Мәселен, мал шаруашылығын субсидиялауға 7 952,1 миллион теңге қарастырылса, өткен сегіз айдың ішінде 1 867 өтінім қабылданып, 4 046,1 миллион теңге шаруалар игілігіне берілді.

Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 13 000 ірі қара және 20 000 қой сатып алу жоспарланған болса, қазіргі уақытта қаржы институттары арқылы 6766 ірі қара және 8499 қой сатып алуға несие берілді.

Жыл басынан бері барлығы 767,0 тонна ет және ет өнімдері экспортталды, оның ішінде 375,7 тонна сиыр етін «АкТеп» ЖШС Қытай Халық Республикасына жөнелтті.

— Жалпы мал шаруашылығының индикативтері жылдың сонына дейін толық көлемде орындалады, — деп тұжырымдады сөзін Құсайын Сәрсембай.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button