Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданылды

Сейсенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық Әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті.

Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев пен кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында 4 мәселе қаралды. Оның біріншісі — Ақтөбе қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларының карантин немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімді қабылдамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданбаумен көрінген құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының басшысы, бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор Жанболат Сатыбалдинге қатысты қозғалған тәртіптік іс.

Департамент өкілдерінің айтуынша, биыл маусым айында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының ветеринарлық-санитарлық іс-шараларына жүргізілген тексерулердің нәтижесінде өкілетті орган мен ҚР Ветеринария туралы Заңының кейбір талаптарының орындалмауына байланысты қала аумағында жұқпалы аурулардың күрт көбею деректері анықталған. Сараптамаларға сүйенсек, қала аумағында 2017 жылы — 193, 2018 жылы — 188, 2019 жылы — 302, биылғы жылдың 5 айында 357 жұқпалы аурулар дерегі тіркелген. Атап айтсақ, қаланың бірқатар аудандарында құтыру, т.б. жұқпалы аурулар деректері анықталған. Алайда

тиісті органдар шектеу шараларын қабылдамаған, ауру ошақтарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілмеген.

Негізінен бұл бағыттағы жұмыстарға бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор мониторинг жасап, жергілікті билікпен бірге шектеу шараларын жүргізуі керек. Алайда Ж.Сатыбалдин аталған мәселенің туындауына байланысты қалалық әкімдікке тиісті шектеу іс-шараларын енгізіп, ветеринарлық режимді белгілеу туралы ұсынысты жолдағанмен, жауапты тұлғаларға ешқандай шара қолданбаған.

Отырыста кеңес мүшелері бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторға тәртіптік жаза қолданып, бірауыздан дауыс берді.

Бұдан кейін отырыста нақты орындалмаған жұмыс актілеріне қол қойып, бюджет қаражатын негізсіз аударған, заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткендері үшін Ойыл ауданы Ойыл ауылдық округінің әкімі Сандыбек Дәулетқалиевке, Хромтау аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәулет Әлиевке, Шалқар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Князбаевқа қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды.

Кеңес отырысында қаралған барлық мәселелер бойынша тәртіптік шаралар алынды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button