Пікір

Ықыласпен ынталандыру

Жадыра БАТЫРОВА,

Қобда аудандық ауруханасының дәрігері:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы Жолдауында да экономика, әлеуметтік, құқықтық, саяси салаларға қатысты нақты басымдықтарды айқындап берді.

Медицина саласының қызметкері ретінде мені денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жаңалықтар бір серпілтіп тастады.

Президенттің өзі  айтып өткендей, пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Көпшілік дәрігер еңбегін бағалай білетін болды. Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды екенін айтқан Мемлекет басшысы бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Әрине, бұл жағымды жаңалықты дәрігер ретінде қуанышпен қабылдадық.
Сонымен қоса медицина саласын дамыту, мамандар мәселесін шешу, жаңа технологияларды қолдану — кезек күттірмейтін іс. Өйткені пандемия басталған тұста бұл салаға да реформа мен жан-жақты қолдаулар қажет екендігі көрініп-ақ тұрды.
Індет басталған тұста халық әбігерге түсіп, дәрі-дәрмекке ұзын сонар кезекке тұрып, іздегенін таба алмай, дүрбелең болғанын білеміз. Президент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде мәселе туындамауы үшін фармацевтика саласын дамытуды қолға алу, өз елімізде өндіру, түптеп келгенде, ел азаматтарының саламатты ұлт болып қалыптасуына негіз болатынын айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз Жолдауында шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асыруды және үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды. Аталған жұмыстар дер кезінде атқарылса, шалғай ауылдарда тұратын ағайындардың бір мәселесі шешімін табар еді.

Сіз боп, біз боп алда атқаратын жұмыстар қыруар. Бұл да уақыт еншісінде болып, межелеген жоспарларымыз орындала бергей!

Басқа жаңалықтар

Back to top button