Мереке

Өркендеуіміздің кепілі

Қазақстан Конституциясына — 25 жыл

Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат
институтының директоры

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы мықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуының және жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік негізі болғанын төрткүл дүние біледі. Осының нәтижесінде елімізде маңыздылығы бойынша ауқымды конституциялық процестер мен Конституция нормалары және қағидаттарының тиімділігінің қарқынды ықпал етуімен әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қоғамдық-саяси жаңғырту бойынша кешендік шаралар қабылданды, ал олардың уақтылы орындалуы конституциялық құндылықтарды одан әрі жетілдіруге ықпал етуде. Қарқынды өрістеген қоғамдық қатынастар мен ел-жұрттың мүддесін өз деңгейінде іске асыру бағытында қолданыстағы Конституция уақыты ішінде жүргізілген үш конституциялық реформа елімізді осы бағытта айтарлықтай алға жылжытты. Егер 1998 жылы Негізгі заңға Парламентті нығайту және қоғамдағы саяси партиялардың рөлін күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, 2007 жылғы конституциялық реформа барысында басқарудың президенттік нысаны сақталған кезде мемлекетті басқару жүйесінде парламентаризмнің рөлі күшейтілді. Ел Конституциясының пәрменді әлеуеті кезекті рет 2017 жылғы конституциялық жаңғыру барысында байқалды, мұны қазақстандық қоғам мен Парламент жаппай мақұлдады. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жүргізілді. Нәтижесінде саяси жүйенің қарқындылығын қамтамасыз етті, барлық билік тармақтарының қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді және олардың заң шығару қызметін жандандырды. Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі айтарлықтай күшейтілді. Бұндай маңызды мәселелердің Конституция аясында шешілуі «Құқық арқылы демократия үшін» Еуропалық Комиссиясының оң қорытындысында көрініс тапты. Венеция комиссиясы Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаның жүйелілігін және логикасын ерекше атап, бұл Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген, құқықтық мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейіне қол жеткізгенін дәлелдейді деп дүниежүзіне жария етті.

2017 жылғы 10 наурызда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Президенттің, ол құрған Жұмыс тобы мүшелерінің, Парламент депутаттарының, еліміздің бүкіл өңірлерінде құжатты талқылауға қатысқан мыңдаған қазақстандықтардың қызу жұмысының нәтижесі болғанын ел-жұрт жақсы біледі. 2017 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №437 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру бойынша шаралар кешенін іске асыру мақсатында барлық  деңгейдегі  орталық  және жергілікті мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына Парламенттің, Үкіметтің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің кеңейтілген көлемі жағдайында мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. 2017 жылғы конституциялық жаңғыру қазақстандық қоғам мен мемлекет дамуының жүйелі кезеңі болып табылады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының іргелі негізі». Конституциялық тәртіптің негізі қазақ жерінде тұратын барлық азаматтардың этникалық, діни және өзге де қатыстылығына, әлеуметтік тегіне қарамастан, олардың теңдігі туралы ереже болып табылады. Конституция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты саяси-құқықтық тәртіпті жасады және Парламент пен оның палаталарының биліктің атқарушы тармағымен өзара қарым-қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, ұтымды парламентаризм тұжырымдамасын қалыптастырудың құқықтық негізін орнатты.

Конституцияның әлеуметтікэкономикалық әлеуетін ашудағы жаңа серпін заңнаманың дамуына, бизнес құрылымдардың қызметін жандандыруға және еліміздің Негізгі заңы нормаларының тиімділігін арттыруға оң ықпал еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да көрініс тапты. Конституциялық заңдылық пен Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде нормативтік шешімдері конституциялық-құқықтық сипаттағы дауларды шешуге, заңнамадағы олқылықтардың орнын толтыруға және Конституцияның нормаларын түсіндіруге бағытталған Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі маңызды рөл атқарады. Әлемдік қоғамдастық мойындаған елеулі жетістіктерге қарамастан, қабылданатын сот шешімдерінің сапасын көтеріп, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру және тағы басқа да мәселелерді жетілдіруді қажет ететіні белгілі. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шараларында іске асырылуы тиіс Конституцияның құқықтық идеялары мен қағидаттарын одан әрі іске асыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Заңнаманы жетілдіру процесінде Конституцияның үстемдігі қағидаттарын және төмен тұрған деңгейдегі актілердің жоғары тұрған деңгейдегі актілерге сәйкестігін бұлжытпай ұстану қажеттігі ескертілді. Конституцияның әлеуетін толыққанды іске асыру құралдарының бірі ретінде Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы Жолдауында ұсынылған жан-жақты қамтылатын конституциялық мониторинг деп айтуға болады. Конституцияның әлеуметтік-экономикалық нормаларын (меншік нысандарының теңдігін, кәсіпкерлік еркіндігін, ар-ождан және сөз бостандығын және де басқа маңызды жағдайларды қамтамасыз ету) іске асыруда қиындықтар бар екенін практика көрсетіп отыр. Заң шығарудағы тетіктердің жеткілікті еместігі, соттардың, прокуратура органдарының және өзге де билік органдарының шешімдерінің әлі де болса жетілдіруді қажет ететіндігін мойындау қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, конституциялық мониторинг мемлекеттік билік органдарының қызметін, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен конституциялық ойлау деңгейін жетілдіруге, сондай-ақ заңдар мен өзге де құқықтық актілерді қабылдау кезінде тәуекелдерді азайту тетіктерін тәртіпке келтіруге тиімді құрал болуы мүмкін. Конституцияның әлеуетін дұрыс және тиімді қолдану мақсатында Конституциялық Кеңес 2018 жылғы Жолдауында конституционализм идеяларын одан әрі нығайту бойынша өте орынды ұсыныстарын жария етті. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес заң үстемдігін және жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, әділеттілік пен кемсітпеушілік қағидаттарын, билікті бөлу және азаматтардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз етпестен, Конституцияның әлеуетін толыққанды іске асыру мүмкін еместігін де атап өткені белгілі. Конституциялық Кеңестің құқық шығару қызметіне «жасанды интеллект» құралдарын енгізуге байланысты заң шығару жұмысының деңгейін арттыруға, нормативтік актілерді дайындаудың пакеттік қағидатын іске асыруға, «Құқықтық актілер туралы» заңда көзделген бірқатар топтастырылған заңдарды қабылдауға бағытталған ұсыныстарының тиімді екендігі мақұлданып келеді. Осылайша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жүйелі негізде жетілдіру ғана емес, сонымен қатар Конституцияның нормаларына нақты құқықтық мән бере отырып және оның жасампаздық әлеуетін аша отырып, саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени қозғайтын жаңа заңдар әзірлеуге қол жеткізуге мүмкіндік туады. Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметі заң шығару процесіне қатысумен тығыз байланысты. Институт қызметінің маңызды және басым бағыты Қазақстан Республикасының заңнамасын дамыту тұжырымдамаларын әзірлеу болып табылады. Сонымен қатар институт жыл сайын жүздеген сараптамалық қорытынды мен талдамалық материалдарды дайындайды. Экономикалық өсудің жаңа моделін құру бойынша Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру шеңберінде Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, қоғамдық келісімді нығайтады және біртұтас болашақ ұлтты қалыптастырады, бұл Қазақстанға әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге мүмкіндік береді деп сеніммен айтқым келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button