Мереке

Мемлекеттілік дамуының бағдаршысы

Әбдіхат МЫРЗАЛИН,

облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарманың басшысы, Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі.

Осы жылы еліміздің тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі — Ата Заңымыз — Конституцияға 25 жыл толып отыр. Біз, Қазақстан халқы, елімізде заң үстемдігін орнатамыз десек, ең алдымен, Конституцияны және оған негізделінген барлық заңдар мен өзге де құқықтық актілерді орындап, сақтай білуіміз керек.

Қазақ халқының тарихына жүгінсек, сөздің қадіріне жеткен халқымыз ежелден-ақ заңды сыйлаған, тәртіпке бағынған, қағидаттарды тайға таңба басқандай жазып, қолданып отырған, оған куә «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» сияқты тарихи құжаттар.

Қазақстанда Конституция 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы — Ата Заң өз бойына мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыз биік бағалаған ар мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын сіңірді. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция кеңестік қағидаларға негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Сондықтан 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды және ол еліміздің  негізгі мемлекеттік-құқықтық актісі болып табылады. Ол адамның және азаматтың кең ауқымды әмбебап құқықтарына, еркін сайлау өткізуге, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және биліктің үш тармаққа бөлінуі принципінің жүзеге асырылуына, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару жүйесінің қызмет істеуіне кепілдік береді. Ол, шындығында да, Қазақстан қоғамы өмірінің негізгі Заңы және оның қуатты жасампаздық әлеуеті болып табылады.

Конституция — жай ғана құқықтық акт емес. Негізгі Заңның кіріспесі мен баптарында ұлттық қоғам мен мемлекет өмірінің басты рухани діңгектері айқындалған.

Ол Қазақстан Республикасының бүкіл нормативтік-құқықтық актілерінің иерархиясында ең жоғары деңгейді иеленеді, сондықтан елімізде қабылданатын барлық заңдар мен заңға тәуелді кез келген актілер Қазақстан Конституциясына қайшы келмеуге тиіс және қайшы келе алмайды да. Республика Конституциясына сай Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы деп танылған.

Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Президенттің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып, ел Президенті мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететіндіктен, Мемлекет басшысының осындай құқығы бар. Еліміздің Конституциясында адамның және азаматтың, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың мәртебесі ғана емес, түбегейлі құқықтық қағидаттар да айқындалған. Бұл, мысалы, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деген конституциялық ережеден білінеді.

Өткен жиырма бес жыл ішінде еліміз жаңа қоғам құру жолында көптеген, бұрын-соңды шықпаған қияндарға қол жеткізді. Сонымен бірге Конституция осы Қазақстан мемлекеттілігі дамуының жаңа көкжиегін ашып береді.

Осыған орай құқық тәртібінің, заңдылықтың, адам құқықтары мен бостандықтары жүзеге асырылуының, өмір сапасы одан әрі артуының, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнығуының негізі ретінде, еліміздің барлық азаматтарының, мемлекеттік органдарының, лауазымды тұлғаларының және қоғамдық бірлестіктерінің Конституцияны қалтқысыз сақтауы, оның нормаларын, принциптері мен идеяларын қолдануы Қазақстанның одан әрі қалыптасуының бірден-бір шарты болып табылады.

1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда және 2011 жылғы 2 ақпанда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданған болатын. Аталған заңдардың әрбірі Конституцияны реформалау кезеңін сипаттайды. Конституцияға 1998 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар халықтың мемлекетті басқаруға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталды. Саяси партиялардың тізімдері бойынша парапар сайлау жүйесін енгізу осы бағыттағы маңызды қадам болды. Бұл мақсатта Парламент палаталарының бірі — Мәжіліс депутаттарының саны сайлауда жеңген саяси партияларға партиялық тізімдер бойынша парапар өкілдік негізінде берілетін 10 мандатқа ұлғайтылды.

Конституциялық өзгерістерге сәйкес 1999 жылғы 10 қазанда Парламент Мәжілісіне сайлау өтіп, оған 10 саяси партия қатысты. Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, Үкімет мүшелерінің депутаттық корпус алдындағы жауапкершілігін бекіту, Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімін Мәжіліс депутаттары үшін төрт жылдан бес жылға және Сенат депутаттары үшін алты жылға дейін ұлғайту, алқабилер институтын енгізу және т.б. Конституцияға енгізілген елеулі толықтырулар болды.

2007 жылғы конституциялық новеллалар қоғамдық және мемлекеттік институттардың қосылып кетуін, өлім жазасын қолдану аясының шектелуін, тұтқындауға және қамауда ұстауға санкцияны соттың ғана беруін белгілейді. Конституцияға сондай-ақ Президенттің сайлану мерзімін, Парламенттің өкілеттік мерзімі мен оның депутаттарының санын, оларды сайлау тәртібі мен өкілеттіктерін тоқтату негіздерін, Үкіметті, Конституциялық Кеңесті және өзге де бірқатар мемлекеттік органдарды құру рәсімдерін өзгертетін түзетулер енгізілген болатын. Негізгі Заңның сот және құқық қорғау жүйелерінің, жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың қызметін регламенттейтін және т.б. нормалары өзгертілді. Конституциялық реформа негізгі қоғамдық-саяси институттарды және олардың даму болашағын түсінудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастарға жол ашты.

Конституцияға енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар өзара байланыса келе, мемлекеттік биліктің мақсатын, мемлекет функцияларының мазмұнын жаңаша түсіндіруге, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың өзара қарым-қатынасының принциптерін айқындауға, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге кеңінен қатыстыруға, өзгеріп отыратын қоғамдық қатынастарға парапар заңдық нормалар белгілеуге мүмкіндік береді.

Мен заңгер ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясының демократиялық жолмен еліміздің бүкіл халқының талдауынан, талқылауынан, референдумынан өтіп, аса зор жауапкершілікпен қабылданғанына куәмін және осы Ата Заңның жазылуына зор үлестерін қосқан ұстаздарым — заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі М.Баймаханов, заң ғылымдарының докторы, профессор В.Малиновский, академик С.Сартаев, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері И.Роговтардан кезінде С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алғанымды мақтаныш етемін.

Ата Заңның 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деп көрсетілген. Сондықтан Конституциямыздың ел игілігіне жұмыс жасайтынына зор сенімдеміз. Өйткені елдің жеткен биігі — біздің жетістігіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button