Рухани жаңғыру

Алты жоба жалғасын тапты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары өткен жылы біздің облыс аумағында бес бағыт бойынша ірі жобаларды бастаған еді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты.

Биыл аталмыш институт мамандары Ақтөбе аймағында алты жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл зерттеулер ерте тас дәуірінен бастап, орта ғасырлардың бергі бөлігіне дейінгі аралықтағы ескерткіштерді қамтиды. Соның ішінде Мұғалжар тауындағы Төлеубұлақ үңгірінен табылған петроглифтер, Мұғалжар баурайы мен Темір жеріндегі көне металлургия ошақтары және ерте көшпенділер дәуіріне тән ақсүйектер қорымдары, Байғаниндегі ортағасырлық Жезді қаласының орны, т.б. ескерткіштер зерттеліп жатыр.

Естеріңізде болса, өткен жылы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары Темір ауданындағы І Тасқопа қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде қабірлердің бірінен, 5,7 метр тереңдіктен алтынмен әшекейленген бұйымдар тапқан еді. Зерттеушілер қорғанды б.з.д. V ғасырға тән ескерткіш санайды. Тарихшылардың болжауынша, бұл тұста біздің жерімізді сарматтар мекендеген және әдетте, негізінен, билеуші әулет өкілдері алтын әшекеймен жерленетін болған. Сондықтан қабірде сармат көсемі жерленген және табылған бұйымдардың бірі салтанатты жағдайда киілетін баскиім болса керек деген болжам айтылып еді. Табылған заттардың облыстық тарихи-өлкетану музейіне жеткізіліп, сол жерде зерттеліп-сақталатынын бұрын да жаздық. Қазіргі күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан арнайы шақырылған маман зерттеу жүргізіп жатыр.

Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен кездесуде аталмыш институттың бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев айтты.

— Ең алдымен, бұл үлкен олжа екенін тағы да айта кеткім келеді. Сарматтар — Алтайдан Карпатқа дейінгі аралыққа таралған мәдениеттің өкілдері. Тасқопадан жерленген сүйек табылған жоқ. Өйткені бұрынырақта қабір қазылып, тоналған. Қызыл матаның, алтын бұйымдардың қалдығына қарап, біз баскиім табылды ма деп жорып отырмыз. Бірақ мұндай жәдігерлер туралы нақты айту үшін көп зерттеу, яғни ұзақ уақыт керек. Әзірге зерттеулер жүріп жатыр, — деді ғалым.

Айта кетейік, зерттеушілер болжауы бойынша, мұнда жерленген адам Есік қорғанынан табылған сақтардың билеуші әулетінің өкілі саналатын «Алтын адамның» замандасы болуы мүмкін.

Санкт-Петербургтен келген зерттеушіге тоқталсақ, Ресей Ғылым Академиясына қарасты материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми қызметкері Николай Курганов — қалпына келтіру (реставрация) ісінің маманы. Ол Қазақстанда бұған дейін де көне жәдігерлермен жұмыс істеген. Тасқопа қорғанынан қазып алынып, облыстық музейге топырағымен бірге жеткізілген бұйымдарды ол өз заманындағы ең озық әдістермен жасалған болса керек деп болжайды.

Ал нақты қорытындылар жарияланатын уақыт әлі алда…

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button