Жаңалықтар

Шілде: шапағат күткен шақ

Шолу

Бұл айда бұрын жазғы демалысын алып, кең тыныстайтын тойшыл қауым тым-тырыс, томаға-тұйық күй кешуге мәжбүр болды. Бұған маусымдағы елде өкпе қабынуы деп аталатын сырқаттың өршіп кетуі себеп туындатты.

Алайда мемлекеттік деңгейде жедел қабылданған шаралар белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін берді. Алда бірте-бірте халыққа қызмет көрсету орындарының жұмысын жандандыру, басқа да жеңілдіктерді қарастыру ойластырылуда.  

Бес кәсіпорын ашылады

Ақтөбеде жыл соңына дейін жалпы құны 21,8 миллиард теңге болатын 5 кәсіпорын ашу көзделуде. Бұл 315 жұмыс орны ашылуына септігін тигізбекші.

«Ақтөбе» индустриялық аймағындағы «LucrumStar» ЖШС зауыты қағаз өнімдерін шығарумен айналысатын болады.Бұл құрылысқа салынған инвестиция құны 300 миллион теңге құрайды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жылына 3,335 тонна негізгі қағаз немесе 23 миллион орама дәретхана қағазын, 3 миллион орам қағаз сүлгілерін, 7,5 миллион пакет майлықтарын өндіреді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ аталған компания макулатураны жинайды, өндірістік цехтың жанында сұрыптауға және сақтауға арналған қойма бар. Мұнда толық өндірістік циклды құру және елдің ішкі нарығын сапалы өніммен қамтамасыз ету басты бағдар ретінде белгіленді.

Құны 10,8 миллиард теңге болатын тағы бір жоба — «Aktobe Smart Tech» деректерді өңдеу орталығы толық іске қосылғаннан кейін мұнда көлемі 5 петабайтқа дейінгі деректерді сақтауға болады.

«Halyq Sauda»— халыққа пайда 

Облыс орталығында ашылған «Halyq Sauda» шағын көтерме сауда орталығындағы азық-түлік өнімдері өнім өндірушілерден тікелей алынады. Сондықтан да нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан.  

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастамасымен ашылған сауда орталығының ерекшелігінің өзі осында.

«Halyqsauda» жобасы аясында Ақтөбе қаласында барлығы 17 дүкен ашу жоспарланып отыр.

«Halyq sauda» жобасының басты мақсаты — тұрғындарды қолжетімді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Дүкен-қойма үлгісінде жұмыс істейтін сауда орнында 100 түрлі тауар сатылады.

«Halyqsauda» жобасы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен оныңсеріктестері — «Пригородный» ЖШС, «Бриг» ЖШС және «SMART TRADE» сауда үйімен бірігіп жүзеге асырылуда.

Бағдарлама 1700 ақтөбелікті жұмысқа қосты

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды, өзін-өзі қамтушыларды, оның ішінде уақытша тіркеуде тұрғандарды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын мердігер жұмыс берушілерге жібереді.

Ақтөбе қаласына 109 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 29,3 миллиард теңге бөлінді. Осы ауқымда 7340 жаңа жұмыс орнын құрып, 3671 жұмыссызды жұмысқа бағыттау белгіленді.

Бүгінгі күні «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына сәйкес 1700 ақтөбелік жұмысқа орналасты. Олардың жалақы мөлшері 85 мың теңгеден басталып, жоғары көтеріле береді.

 «Бастаумен» кәсіп бастаңыз!

Тұрғындарды кәсіпке тартуды көздейтін «Бастау» жобасы бойынша биыл 1400 адамды оқыту жоспарланған. Талапкерлерді оқыту, жаттығулар қашықтан «Atameken Academy» алаңында өтеді. Оқу барысында аралық онлайн тестілеу өткізіледі.

Тыңдаушылар «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының бағасы бойынша бизнес-жоспарларын дайындайды.

Әзірге 331 үміткер оқуды аяқтағаны туралы сертификат алды.

Ырғыз ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Бану Сарина сүт бағытындағы аруана тұқымынан мал сатып алып, шұбат өндіруді жоспарлауда.

Мұғалжарлық Маусымжан Жұмабаева монша мен азық-түлік дүкенін ашуға жеңілдетілген несие алуды көздеуде.

Азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға тегін оқытуға, бизнес-жобаларды қолдауға бағытталған«Бастау» жобасына қатысушылар сертификат алғаннан кейін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін грант, сондай-ақ жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады. 

Жанашырлық —жақсыдан

Қауіпті індеттен халықты құтқару жолында өздері де құрбан болған дәрігерлер еңбегі жоғары бағаланды. Ақтөбедегі инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозбағаровқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілсе, Байғанин аудандық ауруханасының медицина қызметкері Күләй Егеубай«Құрмет» орденімен марапатталды. Басқа да ақ халатты абзал жандардың қызметтері құрметтелуде.

Елге төнген ауыртпалықты азайту, қиындықты бөлісуге көпшіліктің қолын созып жатқаны жан сүйсінтеді.

Мәселен, Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектептің түлектері аудандық орталық ауруханаға өкпені жасанды желдетуге арналған 2 оттегі концентраторын табыс етті.

Қарғалы ауданы кәсіпкерлері мен қайырымды азаматтары оттегімен демалатын құрылғыларды жеткізді.

Хромтаулық кәсіпкерлердің көмегімен аудандық орталық ауруханаға жасанды тыныс алу аппараты алынды.

Шалқар ауданының Қуанышбек Зинешов, Әділбек Өсеров, Динара Алшора, Әлішер Дәулен, Айдана Әмитова бастаған ерікті жастары 260 мың теңге қаржы жинап, аудандық ауруханаға тыныс алу аппаратын табыс етті.

Қиын сәтте қанатымен су сепкен қарлығаштай болып көмегін көрсетіп жатқан басқа да кең жүректі абзал жандарға ел алғысы шексіз.

 

* * *

…Шілденің соңғы күндері ілгері күнге үмітімізді оятты. Айналамыздың амандығы айқындалып, дауасыз дерттің беті әрі қарағандай сыңай танытты.

Тамыз айы тыныштығын ала келсін дейік.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button