Жаңалықтар

Жолдар жөнделіп, мектеп құрылыстары жүргізілуде

Шалқар ауданында жол жөндеу жұмыстары мен білім беру нысандарын салу қарқынды жүргізілуде.

Солардың бірі — Шалқар қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар №5 мектеп-лицейі жаңа ғимаратының құрылысы.

Шалқар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жалпы ауданы 5358,1 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты жаңа мектеп ғимараты 320 орынға шақталған. Бас мердігер — «Атамекен» ЖШС.

Біз осы құрылыстың басы-қасында жүрген аталған ЖШС бас директоры Жаңабай Мұсахановқа жолығып, жұмыс барысы жөнінде сұраған едік:

— Білім ордасының бастауыш сынып оқушылары оқыған бұрынғы оқу ғимараты бұзылды. Оның орнына жаңа типтегі, заманауи, зәулім мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Қазір іргетасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған қажетті материалдар толық жеткізілді. Құрылыс басында 25 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі— жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар қажетті арнайы техникалар жұмылдырылуда. Жаңадан бой көтеретін білім ордасының жобасында спортзал мен асхана қарастырылған, — дейді ол.

Сондай-ақ Кішіқұм ауылдық округі Қарашоқат стансасында да Қарашоқат орта мектебі жаңа ғимаратының құрылысы басталды.

Жалпы ауданы 2471,3 шаршы метрді құрайтын мектеп 120 орынға арналған. Бас мердігер — «SCS Инжиниринг» ЖШС.

Шалғайда орналасқан Бозой ауылының электр желілерін қайта жарақтау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, жалпы электр желісінің ұзындығы 19,577 шақырымды құрайды. Өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп басталған құрылыс жұмысы биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына енгізіліп отыр. Оған республикалық бюджеттен 154 002,0 теңге, облыстық бюджеттен 17 112,0 теңге қаржы бөлінген. Қазір объекті бойынша жобаланған электр желілері толығымен жүргізіліп, ескі желіден ажыратылып, жаңа желіге қосу (демонтаж) жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ биыл қаладағы Әйтеке би (Ахмет Жұбанов көшесінен Шалқар көлі жағалауына дейін) және Есет Көтібарұлы көшелерінің (Ахмет Жұбанов көшесінен Шалқар көлі жағалауына дейін) автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button