Жаңалықтар

Респираторлар мен қорғаныс костюмдерін сыйға тартты

Жақыныңа жанашыр бол!

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша Алқа мүшесі (министр) Серік Жұманғарин ақтөбелік дәрігерлерге респираторлар мен қорғаныс костюмдерін сыйға тартты.

Жерлестеріне осылайша сый жасаған Серік Жұманғариннің сәлемдемесін облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қарсы алды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Альмира Бисекенованың айтуынша, 3500 дана КН95 респираторлары, 500 дана қорғаныс костюмдері Ақтөбе медициналық орталығына берілді. Максималды деңгейде қорғайтын арнайы киімдер мен жабдықтар «қызыл аймақтарда» жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне арналған.

Өз хатында Серік Жұманғарин осы қауіпті аурумен күресіп жүрген облыстың барлық дәрігерлеріне алғысын білдіріп, оларға сәттілік, денсаулық және амандық тілеген.

«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі өткен аптада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Жақсылық жаршысы» республикалық қайырымдылық акциясын бастаған болатын. Оның мақсаты —  қаражат, дәрі-дәрмек, сондай-ақ коронавируспен күреске жұмылдырылған медициналық мекемелерге қажетті жабдықтар жинау.

Акцияны ұйымдастырушылар мұқтаж жандар, медициналық мекемелер мен көмектескісі келетін азаматтар арасын байланыстырып отыр. Көмек бергісі келетіндер atamekenim.kz сайтына кіріп, «Мен көмектескім келеді» бөлімінде көрсетілген реквизиттер бойынша қаржы аудара алады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button