Жаңалықтар

Алматыдан көмек келді

Жақыныңа жанашыр бол!

Ойыл аудандық ауруханасына Алматыдағы жерлестердің жіберген көмегі келді. Орынбасар Сатаев бастаған жырақтағы жерлестер қазіргі таңдағы жағдайға байланысты әлеуметтік желі арқылы бір-біріне үн қосып, ауылдағы ағайындарына көмек қолын созуды ұйғарған.

Жырақта жүрсек те туған жердегі жақсылыққа сүйсініп, сәтсіздіктерге күйініп отырамыз. Мынадай жаппай індет белең алып отырғанда онымен күресетін ең бірінші дәрігерлер. Туған жердегі ақ халаттылардың саулығы — науқастардың амандығы. Осындай мақсатпен басталған іске жерлестер құлшына кірісті. Екі-ақ күннің ішінде қаражаттың 80 пайызы жиналып болды. Олардың ішінде зейнеткерлерге дейін бар. Бұл деген  — туған жерге үлкен құрмет, ыстық ықылас, — дейді Жәрдем Ақбисенов.

Бас-аяғы бір аптада жиналған 1 миллион 700 мың теңгеге жерлестеріміз аудандық ауруханаға 75 дана 1-ші типтік медицина қызметкерлерінің қорғаныш киімдерін жіберді. Оның әрқайсысы 22 мың теңге тұрады. Бұл сырқаттардың қасында жүрген дәрігерлер мен кіші буын қызметкерлердің қауіпті аурудан сақтануына мүмкіндік береді. Жерлестердің бағалы сәлемдемесін қабылдаған аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев Алматыдағы ағайынға алғысын жеткізді.

Қазір Ойылда қауіп сейілген. Өкпе қабынуымен дәрігердің көмегіне жүгінетіндер азайды. Ауруханада небәрі 12 науқас қана жатыр. Олардың жағдайы жақсы. Дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтылған ауруханада 6 оттегі концентраторы және 3 жасанды дем алдыру құрылғысы бар. Бірақ оларды қажет ететін сырқаттар жоқ.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button