Пікір

Әр азаматтың амандығы қымбат

Зияш ТЕЛЕУОВА,

баспасөз саласының ардагері.

«Бірінші байлық  — денсаулық» деп ата-бабаның айқындап, нықтап айтып кеткен сөзі болғанымен, қазіргі күні біздің көпшілігіміз денсаулық мәселесіне жүрдім-бардым қарайтын болдық. Енді тосыннан келген мына індет тұсында соның зардабын шекпеудің амалын барынша ойлауымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Үндеуінде: «Әр азаматтың амандығы үшін күресейік» — деп, қазір ең алдымен амандықтың қымбат екенін тағы бір атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның қашан аяқталатынын болжау мүмкін еместігін жария етті. Яғни бұл індеттің қашан жеңілетіні әзірге мүлде беймәлім. Сондықтан одан сақтану жолдарын баршамыз күнделікті өмір салтына айналдыруымыз керек. Індетпен күрестің нәтижелі болуы барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екені сөзсіз.

Бұл күресте билік пен ақ халатты дәрігерлер қауымы халықтың басты тірегіне айналуы тиіс. Билік дәрі-дәрмектің жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, ауырып қалған жандарға дер уақытында көмек көрсетілуін ұйымдастыруы керек. Президент дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қиын жағдайды өз қалтасын қампайтуға пайдаланғысы келген алыпсатарларды жауапқа тартуға тапсырма берді. Бұл тапсырма орындалып, оның нәтижесін тезірек көрсек дейміз.

Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дертке қарсы күресте әр адамды ажалдан арашалап қалу жолында тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жандарға сәттілік тілейміз. Ендігі жерде дерттің жеңіл түрімен үйде емделіп жатқан жандарға ақыл-кеңес беру ісі жүйелі түрде жолға қойылуын күтеміз. Әйтпесе бірінің ұсынған емін екіншісі жоққа шығарып жатқан «ақыл-кеңестерден» халық не істерге білмей қап отыр…

Басқа жаңалықтар

Back to top button