Басты жаңалықтарДенсаулық

Облыс әкімі өкпесі қабынған науқастарға барып,  жағдайын білді

«Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық фтизиопульмонологиялық оңалту орталығында болды. Ондағы дәрігерлермен кездесіп, ауруханадағы науқастардың жағдайын білді», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Фтизиопульмонологиялық оңалту орталығының директоры Ерлан Тәтімов өңір басшысына жағдайды баяндады. «Орталықта 500 орындық кереует болса, оның 438-інде пневмонияға шалдыққан азаматтар ем қабылдап жатыр. Науқастар денсаулық жағдайларына — орташа, күрделі және өте күрделілігіне қарай бөлініп жатқызылды. Ем алушыларға 4 мезгіл ыстық тамақпен бірге сүт өнімдері де беріліп жатыр», — деді орталық басшысы. Алғашқы күндері ауруханаға түскен 43 науқас жазылып, үйлеріне шығарылған.

Облыс әкімі барлық санаттағы науқастармен кездесіп, тезірек сауығып кетулерін тіледі. «Аурухана дәрі-дәрмек, медициналық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Ең бастысы,  уайымға салынбай, осы дертті жеңіп шығыңыздар. Сіздердің денсаулықтарыңыздың жақсаруы үшін ақтөбелік дәрігерлер барын салып жатыр», — деп атап өтті өңір басшысы. Әр палатаға 3-4 адамнан жатқызылған. Жасанды желдету аппараты мен науқастарды оттегімен қамтамасыз ету жеткілікті деңгейде. Дәрігерлер үш ауысымда жұмыс жасайды. Естеріңізге салып өтейік, облыста тәулік бойы ем көрсетуге арналған 3183 орын бар. Оның 2846-сы провизорлық, 337-сі инфекциялық, 725-і күндізгі стационарлық орындарға арналған. Жалпы, осы індетпен күрес басталғалы кереует саны үш есеге артты. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен 3 шілдеден бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті студенттер жатақханасынан 600 орын бөлініп, пневмонияға шалдыққандарды қабылдауға әзір. Сондай-ақ «Дару» медициналық сауықтыру орталығында 274 орын әзірленді. 12 шілдеден бастап клиникалық балалар ауруханасынан қосымша провизорлық 100 орын іске қосылады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button