Пікір

Бос дақпыртқа ермей, сақтанып жүрейік

Гүлімай Әбішқызы,

ақын,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жақыныңа жанашыр бол!

Бүгінгі күні басқа түспей,көз көрмей,дақпыртқа еріп, айтқан сөзіміз біреулерге теріс бағыт сілтеп жатқаны рас. Сондықтан өз арымыздың алдында адал,қазағымызға қорған болып, дерексіз хабар таратпайық, ағайын!

Тәңір басқа сынақ салды,Ақтөбедегі провизорлық орталықтарға күнде барып жүрмін.Қазір әр әулет бірнеше адамын дәрігерлердің алақанына салып, Алладан тілек тілеп отыр.Сондықтан сәл сырқаттана бастасаңыз, дәрігерге жүгініңіз. Себебі бұл  — жұмбақ кесел.Ем болады деген антибиотиктер кері әсерін тигізуі мүмкін. Дәріханадан жанталасып алған дәріміз жарар-жарамасын білмейміз,зиян шекпейік.

Қазіргі таңда өңіріміздегі дәріханаларда құлағымызға аты сіңісті болған дәрілер болмай тұр. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» деп,кейбіріміз үйімізге дәрі-дәрмекті артық жиып та отырған шығармыз. Бір нәрсеге күмәнсіз сендіргім келеді.Ақтөбедегі провизорлық орталықтар барған адамды міндетті түрде қабылдап жатыр. Мұны көзім көріп,қолыммен ұстап,бірнеше сырқатты өз көлігімізбен апарып жатқызған соң сіздерге жеткізіп отырмын. Себебі дем жетпей қалғанда еш антибиотик те,еш шара да көмектесе алмайды.Ал ауруханаларда жақындарым жатқан соң күнде жүк көліктерімен оттегі баллондарын,матрац,кереуеттерді тынымсыз тасып, дәрігерлердің ентігіп,алқынып келгендердің әрқайсысын тез палаталарға орналастырып, қажет ем-дәрісін жедел беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан адаспай,бос дақпыртқа ермей, таптырмаған дәрінітабанымыз тозып іздемей,дәрігерлерге көрінейік.

Қазір мен облыстағы дәрігерлерге аналық жүрегіммен дән риза боп,жандарына қуат тілеумен отырмын. Себебі ауруханаға барғанда, өрімдей жап-жас дәрігерлердің  келушілердің бірін жетектеп,бірін арбаға салып,жан ұшыра жүгіріп, сабырға шақырып, дем беріп жүргендерін көрдім.Жасаған емдерін,екпе дәрілерінің атын естігенде бес күн бойы кері ем жасап,сырқат адамды өзім және қинағанымды түсіндім. Сондықтан ауырсаңыз, учаскелік дәрігерге хабарласыңыз,не бірден өз көлігіңізбен ауруханаға барыңыз.

Дәл осындай ел басына қатер төнген шақта өзгелерге кінә артып, жел сөз таратпай, жақындарымызға жанашыр бола білейік!Дәрігерлер айтқан ескертулерге құлақ асып, сақтық шараларын сақтайық. Мен ақтөбелік дәрігерлерге сенемін.Әлі-ақ олардың арқаларынан қағып,бәріміз ортаға алып,қуана құттықтайтын кез келеді! Жақсыны айтып, жақсылықты көбейтейік! Болашағымыз үшін бекем болайық, халқым!

Басқа жаңалықтар

Back to top button