Ресми

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарының сайлауы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалды. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.

2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. 2020 жылдың 12 тамызында республиканың 17 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғарғы палатасына бір-бірден депутат сайланады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Сенатты Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар —  мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Республикасының азаматтары сайлайды.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады.

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиялары Парламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі яғни 13 маусымнан басталды және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.

Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсыну облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың сессияларында да, өзін-өзі ұсыну тәртібінде де жүзеге асырылады.

Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, Қазақстан Республикасында соңғы он жылда, сондай-ақ облыс аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды.

Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы құжаттар келіп түскен кезде облыстық сайлау комиссиясы:

1) үш күн ішінде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

2) тексеру аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде таңдаушылардың қолдарын жинау үшін оған қол қою парақтарын береді.

Сенат депутаттығына Кандидатты облыстың барлық мәслихаттарының атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он проценті, бірақ бір мәслихаттан таңдаушылар дауысының кемінде жиырма бес процентінен аспайтын дауыспен қолдауға тиіс.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күніне жиырма күн қалғанда яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып түсуге келісім беру туралы өтініші; таңдаушылардың кандидатты қолдап қойған қолдарын тексеру нәтижелері туралы облыстық сайлау комиссиясының хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың 637 500 теңге сомасында сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат болған жағдайда облыстық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта, яғни 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.

Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау нәтижелерi облыстық сайлау комиссиясының дауыс беру пунктiнде өткiзiлетiн отырысында анықталады.

Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыс санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзім ішінде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.

Облыстық сайлау комиссиясы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button