ДенсаулықМереке

Хирург

«Адам организмі ғарыш тәрізді. Құпиясы мол. Кейде күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Сырқаты әбден асқынып, ауруханаға түскен науқасқа ота жасайсың. Бірақ оның операциядан кейінгі жағдайын көргенде үміттің соңғы шырағы сөніп, күдеріңді үзесің. Іштей қиналып жүргенде науқас көзін ашады. Сондай сәтте көңіліңе қуаныш ұялайды», —дейді Ақтөбе медицина орталығы шұғыл хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер, хирург Ғалымжан Әубәкіров. Орталық хирургтері тек облыс бойынша ғана емес, еліміздің тұтас батыс өңірі бойынша қызмет көрсетеді. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары аса күрделі операциялар жасалуға тиіс науқастарды осында жібереді. Бұл — ақтөбелік хирургтерге деген сенім.

«Хирург тез шешім қабылдай алуы керек»

Қазір еліміздегі шектеу шараларына байланысты жоспарлы операциялар тоқтап тұр. Дәрігерлер шұғыл көмекке мұқтаж науқастарға ғана көмек көрсетіп жатыр.  Бүгінгі күні бөлімшеде 42  науқас ем алуда. Хирургтер уақытқа қарамай еңбек етеді. Ғалымжан Байжанұлы кейде бір күнде беc-алты науқасқа ота жасайды. Таң алдында, түнде, яғни кез келген уақытта операцияға кірісе береді. Себебі бұл —оның қызметі. Мамандығына салғырттық танытқан емес.

Қазір бұрынғыдай емес, хирургия саласында оң өзгерістер көп. Мамандар дәстүрлі ашық тәсілмен емес, операцияны пышақ тигізбей,  яғни науқасты жарақаттамай, кесіп-тілмей лапараскопиялық тәсілмен жасайды. Бөлімшеде операциялардың тоқсан пайызына осы әдіс қолданылады. Бұндай тәсілден кейін науқастың оңалып кетуі тез. Екі күннен кейін ауруханадан шығатындар бар. Бөлімшеде кеуде қуысы жарығы, өт қабы, өттен тас алу және түрлі жарақатқа шалдыққан қала мен аудандардан келген науқастарға ота жасалады. Мәселен, өттен тас алғаннан кейін, оңалту шарасы дұрыс болмаса,іш-құрсақ  қуысында жарық пайда болып, кеуде қысылады. Өкініштісі, науқастардың басым бөлігі ауруын асқындырып келеді. Шұғыл отаданжоспарлы түрде жасалатын ота тиімді. Нәтижесі де жақсы болады. Сондықтан тұрғындар сырқаты мазалай бастағаннан емхана дәрігерлеріне қаралып, кеңес алғаны жөн, —дейді хирург.

Ғалымжан Байжанұлы құрсақ және кеуде қуысы ауруларының барлық түріне  операция жасайды. Хирургтің айтуынша, қан шығарып, кесіп-тіліп жасалатын отаның барлығы күрделі саналады.

«Мынау жеңіл ота» деген түсінік жоқ. Адам өмірімен күресіп жатқандықтан әрбір операцияға үлкен жауапкершілікпен қарайсың. Жоспарлы түрде жасалатын күрделі оталарды өңірге белгілі хирург, профессор Базылбек Жақиевпен бірге жасаймыз. Оның ішінде  өт жолдарының жарақаттануы, өңештен ас өтпей қалатын жағдайларда жасалатын оталар бар, — дейді хирург

Кейде  хирургтер адам денесін пышақпен оңай кесе салатын қатыгез адам сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде олар қандай?

Өзімді қатыгез адамдардың қатарына қоспаймын. Бірақ хирург тез шешім қабылдай алуы керек. Жарақаты ауыр науқас келді. Сен ойланып, үрейленіп тұрғанда жағдай күрделеніп кетуі мүмкін. Сондықтан тез әрі дұрыс шешім шығарып, бірден іске кірісу керек. Осы саланы таңдағаннан кейін барлық жағдайға дайын болуға тиіссің. Кейде қайғылы сәттер болады. Отадан кейін науқас көз жұмуы мүмкін. Бұған ауруын әбден асқындырып алған адамдар ұшырайды. Іштей бір қиналыс болады. «Мүмкін бір жерден қате кетті ме?» деп ойлайсың. Оқиғадан сабақ алуға тырысасың.

Хирург қандай жағдай болмасын науқастың өмірі үшін күреседі. Тіпті халі нашар, отадан кейін өмір сүріп кетуі қиын науқастарды көрген кезде «нәтиже болмас» деп салғырттық танытуға болмайды. Сен оны қалайда құтқаруға тырысасың. «Үміт соңынан өледі» деген. Адам организмі ғарыш тәрізді. Құпиясы мол. Кейде күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Сырқаты  әбден асқынып, ауруханаға түскен науқасқа ота жасайсың. Бірақ оның операциядан кейінгі жағдайын көргенде  үміттің соңғы шырағы сөніп, күдеріңді үзесің. Іштей қиналғанда науқас көзін ашады. Сондай сәтте көңіліңе қуаныш ұялайды.

Қолымызға пышақ алып, адам денесін оңай кесетіндіктен сырт көзге қатты болып көрінуіміз мүмкін. Бірақ хирургтер де жоғарыда бір тылсымның барына сенеді.  Әр операцияны бастамас бұрын іштей «біссімілламды» айтамын, — дейді білікті маман.

Үміт пен сенім

Ғалымжан Байжанұлы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында туған. Мектеп бітірген соң Қарағанды қаласындағы медициналық институттың емдеу ісі факультетіне түсіп, бітіріп шығады. Ал интернатураны М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқиды. Алғашқы еңбек жолы да Ақтөбеде басталды.Қала сыртындағы онкологиялық орталыққа хирург болып жұмысқа орналасты. Студент кезінен операцияларға қатысып, қолын жаттықтырған жас маман үшін еңбекке бірден араласу қиын болмады. Тынымсыз еңбек етті. 2014 жылы Ақтөбе медициналық орталығы ашылғанда шұғыл хирургия бөлімшесіне меңгеруші болып келді. Дәрігерді туған жерінен іздеп келетіндер де көп.

Қай адамның болмасын туған жерге бүйрегі бұрып тұрады. Оның ішінде дәрігер болғаннан кейін көпшілік жиі іздейді. Атырау облысынан келетіндер көп. Олардан көмегімді, кеңесімді аяған емеспін. Маған арқа сүйеп, соңғы үмітпен келген жандардың жолы тіпті ауыр. Оларға барынша көмектесіп, ауруынан айығып кетуіне ықпал жасаймын, — дейді хирург.

Білікті маманды жұртшылық жақсы біледі. Оны іздеп жүреді. Ал науқастың сенімін ақтап, ауру азабынан айықтыра алса, дәрігер үшін бұдан артық құрмет жоқ. Ғалымжан Байжанұлы осы сенімді ақтауға, Гиппократ антына адал болуға тырысып жүр.

Хирург үнемі ізденіп жүруі керек. Бұл ретте Ғалымжан Байжанұлы Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталық мамандарымен тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп отырады.

Хирург зайыбы екеуі бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Зайыбы педагог. Ал балалары мектепте оқиды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button