Жаңалықтар

Судың қасы — маусымның басы

 Жаз

Қазір күн жылып, жұрттың жаппай су жағасына демалатын кезі басталды. Бос уақытын қала сыртындағы жағажайларда өткізгісі келетін қала тұрғындарын ұстап тұру мүмкін емес. Бірақ суға шомылу маусымында сақтық шаралары ең алдымен адамдардың өзіне тәуелді.

Өткен жылы 6 адам суға кеткен. Соңғы 5 жылда қаламыздың суға түсу аймақтарында  барлығы 36 адам судың құрбаны болса, 10 баланың өмірі қиылды.  Бұл тек Ақтөбе қаласы бойынша орын алған жағдай. Бұған кінәлі кім?

Деректерге сүйенсек, адам өлімі көп жағдайда ішімдіктің салдарынан болады. 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің су жағасына сау келіп, масаң күйде кетуі көп.

Сонымен қатар тыйым салынған аймақта суға түсу де тыйылмай келеді.

Бұл жағдайда жасөспірімдердің ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 айлық есептік  көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бір жылдың ішінде қайталанса,айыппұл екі есеге өседі немесе 5 тәулікке қамалады.

Өткен жылы  рейдтер мен патрульдеу барысында 145 жеке тұлға осындай себептермен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Адамдардың қауіпсіздігі үшін суға түсу маусымы басталғанға дейін қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жағажайлардың дайындығын жергілікті атқарушы  органдарымен бірге аралап, қызмет көрсету сапаларын тексерді.

Әзірге суға шомылуға болатын 20 орын анықталып, бақылауға алынды. Дегенмен суға түсуге болмайтын жерлерге ескерту белгілері толықтай қойылмаған. 33 тыйым салынған белгі мен 10 баннер  керек. Бұл туралы қалалық әкімдікке ескертілген.

Әрине, көптің көкейінде Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдай біздің қаламызда да орын алуы мүмкін бе деген сауал да жоқ емес.

Қала аумағында 6 өзен өткен жылы тазартылып, арнасы кеңейтілді. Саяжайларды аралап өтетін өзендердің ернеуі биіктетілді. Ал Ақтөбе су қоймасы 245 миллион текше метр су қабылдай алады. Қарғалы су қоймасы  280 миллион текше метр су жинай алса,  Сазды су қоймасының жобалық су қабылдау мөлшері — 7,5 миллион текше метр. Алайда биылғы жылдың қоры өте төмен. «Казводхоз» РМК-ның 5 мамырға дейінгі берген мәліметі бойынша қазіргі таңда  Ақтөбе су қоймасында 81,34 миллион текше метр, Қарғалы су қоймасында 80,07 миллион текше метр және Сазды су қоймасында 2,40 миллион текше метр су бар. Демек су қоры өте аз болғандықтан қаланы су басу қаупі жоқ.

Адамдардың суға кетуі тыйылмай отыр. Әсіресе ішімдік ішіп суға түсу, өзін жарға итергенмен бірдей. Адамдардың қаза болуы көбінесе сағат 15.00-20.00 аралығында +28С белсенді ауа температурасында болады. Бұл уақытта демалушылар ағыны едәуір артады. Сол кезде құтқарушылар санын көбейтіп, құтқару бекеттері арасындағы тығыздықты ұлғайтамыз. Сондай-ақ маршрутты барынша жақындатамыз. Жағажайларда суға батудың себептері де белгілі ғой. Жүзе алмау және шомылушылардың тереңге баруы, ересектердің немқұрайлылығы, балаларды қараусыз қалдыру және жағажайлық құтқарушылардың қырағылығының жеткіліксіздігі де бар, — дейді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов. Оның айтуынша, жағажай иелеріне қоятын талаптар күшейген. Қоғамдық бақылау жағажай иелерінің демалысын ұйымдастыруын ғана емес, сонымен қатар демалушылардың өз ережелерін сақтауын қамтамасыз етуге арналған.

Ал суға түсу маусымы карантин  бітіп жатса 1 маусымда басталады. Оған дейін су жағасына барып, тыйым салынған жерге демалам десеңіз, айыппұл арқалап қайтуыңыз әбден мүмкін.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button