Жаңалықтар

Шалқарлықтар Мақтааралға  азық-түлік апарды

Мақтааралдағы апатты жағдай туралы хабар алысымен шалқарлық ерікті жастар аудан орталығындағы теміржол вокзалы маңына қайырымдылық жәшіктерін қойып, тасқыннан жапа шеккен отандастарға көмектерін жеткізуге асықты. Жәшіктерге екі күннің ішінде 1 млн 500 мың теңге салынған. Одан бөлек 3 тонна жүк көлігі толған азық-түліктер мен киім-кешектер жиналған.

— Жерлестер бұл жолы да ұйымшылдық танытты. Осының арқасында біздің де ыждағаттап жолға шығуымызға мүмкіндік болды. Оңтүстікке табан тіресімен, алдымен Жетісайдағы №119 орта мектепке аялдадық, біздің су тасқынынан жапа шеккен Өргебас ауылына баратынымыз сол жерде нақтыланды. Су ортасында қалған ауылдың кейпін көрдік, тұрғындары түгел қауіпсіз аумаққа көшірілген. Жапа шеккендермен тілдестік, апарған қаражатымызды 8 отбасыға бөліп бердік. Азық-түлік, киім-кешектер де осылай үлестірілді. Бұл ретте осы өңірдің тумасы Нағима есімді апаның көмегін айта кеткен жөн. Апатты жағдайға душар болғандардың Шалқар жұртшылығына айтар алғысы шексіз. Осы орайда Әділбек Өсеров, Әлішер Дәулен, Аслан Жүгінісов сынды жанашыр достарыма, тамшыдай болса да ақ ниетімен көмектескен барша шалқарлықтарға, жүк көлігімізге жанар-жағармаймен көмектескен кәсіпкер ағаларға алғысымызды айтамыз. Еліміз тосын жағдайлардан енді лайым ада болсын! — дейді игі іске мұрындық болған белсенді жас Қуанышбек Дінішев.

Мақтаралға шалқарлықтардың көмегі бұнымен шектелмеді. Кеше Шалқардағы №2 мектеп-гимназиясы мен №5 мектеп-лицейінен шыққан түлектер де бұл аймаққа қайырымдылық көмегін жеткізді. Олар жинаған 838 мың теңгені зардап шеккен бес отбасыға үлестіріп, бір жүк көлігі толған киім-кешек, жаюлар мен көрпе-төсектерді таратып мақтаралдықтардың алғысын алып қайтты .

                 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button