Мереке

Санаулы әскери маманның бірі

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

Ахмет Момын — карантин кезінде Ақтөбеде дезинфекция жасаған әскерилерге жетекшілік еткен  майор. Өңірде Қарулы күштер саласында тек 2 инженер-эколог еңбек етсе, соның бірі — біздің кейіпкер. Сирек мамандықтың иесі әр қалада жұмыс істеудің ешқандай қиындығы жоқтығын, 7 мамырдағы атаулы күнді айрықша сән-салтанатпен атап өтпейтінін айтады.

Ресей Федерациясы Кострома қаласындағы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының түлегі бүгінге дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарындағы гарнизонда жұмыс істеген.

Былтыр осында ауысып келген Ахмет Қорғаныс министрлігі тарапынан барлық жағдайдың жасалғанын, тек қызметін ойдағыдай атқару — басты міндеті екені жөнінде әңгіме тиегін ағытты.

— Нағашы атам мен ағам — әскери адамдар. Екеуі де Алматыдағы әскери академияны тәмамдаған. Кішкентайымнан солардың жолын қууды мақсат тұттым. Бірақ көршілес елде білім алғанды тәуір көрдім. Көпшілігі неліктен дәл осы мамандықты таңдағанымды сұрап жатады. Инженер-экологқа көптеген мекемелерде жұмыс табылады, бұның сыры осында жатса керек (күліп).  

Осындағы әскери институтта әріптесім бар, екеуміз сирек кездесетін мамандықтың иесіміз. Мен Ақтөбедегі кадрлық жағдай бойынша айтып отырмын. Өз басым жалақыны есептемегенде, пәтерақымен де қамтыламын. Одан артық не керек? Қызметіме көңілім толады, — дейді Ақтөбе гарнизонының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы А.Момынов.

Оның күнделікті қызметтік міндетіне әскерилерді һәм олар орналасқан аумақты түрлі зиянды заттардан қорғап, тазалық жұмыстарының талапқа сай жүргізілуін қадағалау кіреді. Апта сайын жеке құрамдармен түрлі техниканың жай-күйін тексеру, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу де кәсіби дағдыларының бірі. Арасында жоспардан тыс шаруалар да болып жатады. Айталық, наурыз айының ортасында елімізді коронавирус инфекциясы жайлағанда, әңгімелесушіміздің әскерилерді дезинфекция жұмыстарына жұмылдыруына тура келген.

— Мамандығыма сәйкес, дезинфектор да бола аламын. Вирусқа байланысты қалада зарарсыздандыру жұмыстарын жасауға бұйрық алдық. Күніне 24 әскери қызметкер мен курсанттар, барлығы жүзден астам адам ұзындығы 3 шақырым жолға арнайы сұйықтық шаштық. Оларға өзім жетекшілік еттім. Аталған жұмыс 25 наурыздан 10 сәуірге дейін созылды. Кейін бұл әскери  жиындарға шақырылғандарға  жүктелді.

Дезинфекция жасау анау айтқандай ауыр болды деп айта алмаймын. Тек басында күн суықта ұзақ уақыт далада жүру қиынға соқты. Қасымдағы жігіттер бар, олардың денсаулығына алаңдайсың. Дегенмен, бұйрықтың аты — бұйрық, орындауға міндеттіміз. Оны ойдағыдай атқарып шықтық деп ойлаймын, вирустың таралмауына аз да болса үлесімізді қостық. Кейіннен блок-бекеттерде де осындай жұмыстар жалғасын тапты. Осы орайда еңбегіміз ескеріліп, басшылық тарапынан сыйақы алғанымызды айта кеткім келеді, — деп ағынан жарылады Ахмет.

Жұмысын міндетті түрде қорғаныс киімімен, өзге де қажетті жабдықтардың көмегімен атқаратын инженер-эколог қауіпсіздік ережелерін сақтауға баса мән берілу керектігіне ерекше тоқталды. Және мұндай шаралар ол үшін таңсық емес. Ахмет — Ресейде ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарына тартылған қазақстандық әскери мамандардың бірі. Яғни оның Ақтөбедегі осынау жұмыстарға таңдалып алынуы кездейсоқтық емес…

Оның ойынша, мамандығын жан-тәнімен сүйген адам кез келген қиындықтарды еңсере алады. Жалақының аздығы, қоғам арасында белгілі бір саланың қадірінің болмауы, т.б. жайттар бұған кедергі емес. Артынша Ахметтің өзі көзі ашық адамдар әскерилердің қызметінің қиын екенін бұрыннан-ақ білетінін қосты. Халық арасындағы «Пандемия кезінде мұғалімдер, дәрігерлер мен полицейлерге деген құрмет еселенді» деген пікір туралы:

— Әскери қызметкерлер — бұйрықты орындаушылар ғана, яғни полицейлердегі сияқты оларда белгілі бір құзырет жоқ. Бұны қарапайым халық та біледі. Мысалы, төтенше жағдай кезінде бізге зарарсыздандыру жұмыстарына қатысыңдар деді, біз соны атқардық. Әсіресе, үлкендер жағы бұны жақсы

түсініп, көрген сайын жылы сөзін аямайды. Еңбегімізді бағалайды. Көшедегі тәртіпті де қадағалайтын біздің жігіттер — әскери бөлімдегі сарбаздар. Оларда ешқандай қару жоқ, бұзақылықты байқаса, алдымен сақшыларды шақырады. Мақтағаным емес, шынымен солай. Осы тұрғыдан келгенде, дәл осы салада еңбек еткеніме ешқашан өкінгенім жоқ. Бұқара мен билік те бізді қадірлейді, — дейді.

АХМЕТ АЙТАДЫ…

— Әскери қызметкер болу үшін ең алдымен төзімді болу керек. Сосын шыншыл және кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қараса жеткілікті. Бойында осы үш қасиеті бар адам біздің салада тұрақтап, жақсы нәтижеге жетеді деп ойлаймын.

Құрметті демалысқа енді он жылдан кейін шығатын  майор, әрине, барлық қызметтестері сынды генерал болуды армандайды. Оған дейін әскери білімін жетілдіру — алға қойған мақсаты. Ол үшін арнайы іріктеуден өтіп, бірнеше талапты жоғары деңгейде орындау қажет. «Академияда тағы екі жыл оқысам, әскери шенім өседі. Лауазымым да соған сай өзгереді. Сондықтан биыл жаз айларында бағым мен бабымды сынап көрмекпін. Біздің жұмысымыз онсыз да әрдайым дайындықты, кез келген істі тосырқамай орындауды талап етеді ғой. Күн сайын өзіндік емтихан тапсырғандай боламыз. Алдағы сын қиын бола қоймас», — деп сыр бөліседі 35 жастағы әскери маман.

Айтпақшы, зайыбымен екі қыз баланы өсіріп отырған Қарулы күштер саласының өкілінен 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнін әдеттегідей әскери бөлімде қарсы алатынын білдік. Атаулы күнде ешкімнен сыйлық күтпейтінін, мереке күнгі көңіл күйдің өзі ерекше әсер сыйлайтынын тілге тиек еткен Ахмет жыл сайын тосын сыйлардың бәрібір болатынын жасырмады. Оны ұйымдастыратын, әлбетте, қосағы.

— Жылда дәл сол күні кешқұрым келіншегім сыйлығын дайындап, күтіп отырады. Азын-аулық болса да соның өзі ұзаққа дейін ұмытылмайды. Жылы сөздер де жан семіртеді. Әйтпесе, мерекенің басқа күндерден айырмашылығы жоқ, — дейді Ахмет Момын.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button