Пікір

Санитарлық талаптар қатаң сақталады

Мәдина МҰРАТОВА,

 «Mama Boss» сұлулық салонының директоры:

Облыс әкімдігі жанындағы Жедел штаб қызметі бизнес субъектілерінің жекелеген түрлеріне карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Осы ретте өзім басқаратын сұлулық салонының шаш қию қызметі 4 мамырдан бастап өз жұмысын бастайды. Әрине, кез келген халыққа қызмет көрсету орны бірінші кезекте тазалыққа ерекше мән беретіні белгілі. Қазіргі карантин режимінде санитарлық талаптарды сақтау нормалары қатаң қадағалануда.

Бүгінгі таңда салонға толықтай дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Тұтынушылар шаш қидырту үшін алдын ала жазылу арқылы келе алады.

Әр келушінің арасында 15 минуттан үзіліс уақыты сақталады. Сонымен қатарміндетті түрде медициналық бетпердемен келулері тиіс. Егер тұтынушыда болмаған жағдайда, қызмет көрсету орны бетпердемен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ салонға кіреберісте антисептик қойылды. Жұмыс барысында пайдаланылған тарақ, қайшы секілді басқа да құралдар жіті тазаланады. Еден жуушы және тазалық қызметкерлері бір сағат сайын салонның ішін ылғалдандырып, тиісті шараларды жүргізіп отырады. Сәйкесінше, олардың бұрынғыға қарағанда жалақылары да көтерілмек.

Жалпы салонда маникюр, педикюр, массаж қызметтері де бар. Қазіргі жағдайға байланысты әзірге тек шаш қию қызметі іске қосылмақ. Тұтынушыларға 16 шаш қию шебері қызмет көрсетеді. Олардың барлығы арнайы қорғаныс құралдарымен қамтылды. Төтенше жағдай кезінде ұжымдағы барлық қызметкерлер мемлекет тарапынан берілген 42 500 теңгелік әлеуметтік көмекті алды. Осындай жағдайда кәсіпкерлерлерге, жұмыссыз қалған азаматтарға жедел көмек көрсетілгені үшін ризашылығымызды білдіреміз.

                                                                                                               Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button