Пікір

Уәделер орындалып жатыр

Асылхан САДУОВ,

 №2 Бадамша орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
Төрткүл дүниені шарпыған індет біздің мемлекетті де айналып өтпеді. Бір жарым айдан бері аты жаман дертпен тұтас бір ел болып күресіп келеміз. Бірлігіміздің жарасқандығы мен ел көшін бастап тұрған саяси тұлғаларымыздың ұтымды шешімдерінің арқасында коронавирустың халық арасында жаппай таралуына тосқауыл қойылды. Дегенмен, қауіп толық сейілді деуге болмайды. Әлем алпауыттары жабылып COVID-19 дертіне дауа іздеп жатқанда, біздің қосар үлесіміз — бекітілген сақтық шараларын қатаң ұстану ғана.
Ел басына күн туған шақта Мемлекет басшысының иығына артылар жүктің еселеп ауырлайтыны анық. Аталған пандемияның салдарын жеңілдету мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың ахуалын тұрақты ұстап тұру үшін бар күш-жігерін салып жатыр. Сөзімнің айқын дәлелі — Мемлекет басшысының төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері бірнеше рет Үндеу жариялап, халыққа берілген уәдесінің барлығының орындалуы. 27 сәуірде Қ. Тоқаев шартарапты шарлаған вирус пен дағдарыс мәселесіне қатысты Қазақстан халқына кезекті Мәлімдемесін жариялады. Президент халықтың амандығын бірінші кезекке қойып, төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартты. Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға аса ден қойылды. Табысынан айырылған азаматтарға арналған ай сайынғы 42 500 теңге көлеміндегі төлемдердің жалғасатындығы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар азық-түлік пакеттерімен түгел қамтылып, оларға коммуналдық төлемдер үшін жәрдемақы төленетіндігін тілге тиек етті. Төтенше жағдай салдарынан жапа шеккен салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында 11 мамырға дейін экономикалық өсімнің кешенді жоспарын жасақтау қажеттігін атап өтті. Яғни табыссыз қалған кіші және шағын кәсіп иелері де мемлекеттің көмегінен тысқары қалмайды. Сонымен қатар халықты тағы бір алаңдатып отырған мәселе — азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуі қатаң қадағаланатыны айтылды. Бұлар — бүгіні мен ертеңіне алаңдаулы елдің көңіліне медеу болатындай дүниелер.
Бұдан бөлек мемлекет пен халықтың хал-ахуалын жақсартуға қатысты бірқатар шешім айтылып, тынбай тер төгіп, нәтижелі еңбек етіп жатқан бірнеше сала өкілдеріне алғыс айтылды. Мұның барлығы осындай үлкен тайталаста халықтың күш-жігерін арттыруға себеп болады деп сенемін. Біз біргеміз!

                                                                                                            Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button