Мереке

«Дипломды қазақ тілінде қорғадым…»

21 жастағы Ваид Магамадовтың мемлекеттік тілді жетік меңгергені сонша, ол қазақша ән де салады. Ақтөбе қаласындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін жігіттің ойынша, қазақ пен шешен халықтарының ұқсастықтары аз емес.

Алға ауданында туып-өскен кейіпкеріміз қазақ тілін қалай, қашан үйренгенін дөп басып айта алмайды. Өйткені ес білгелі қазақтардың арасында өмір сүріп келе жатыр. Әке-шешесі де  мемлекеттік тілде таза сөйлейді екен. Күнделікті тіршілікте бұның, әлбетте, әсері бар. Мәселен, олар үшін мереке сайын үйде қазақша ет асу дәстүрге айналған.

— Мектепті орыс тілінде оқығаныммен, арнаулы білімді қазақ тобында игердім. Дипломдық жұмысымды да мемлекеттік тілде қорғадым. Қазақшамның қалай екені осыдан-ақ белгілі шығар (күліп). Кішкентай кезімнен қазақ достарым көп. Шынымды айтсам, осы өңірден болғандықтан, Ақтөбесіз, қазақтарсыз өмірімді елестете алмаймын.

Кәсіби деңгейде болмаса да, гитара мен пианино сияқты музыкалық аспаптарда ойнаймын. Ән айту — сүйікті ісім. Соның ішінде қазақ тіліндегі танымал, жастардың арасында көптеп айтылатын әндерді орындағанды жаным сүйеді. Көше әндері де репертуарымда бар. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ұйымдастырған шараларға белсенді қатысып, өз өнерімді көрсетіп тұрамын. Ақтөбедегі этномәдени бірлестіктің жұмысына әрдайым атсалысуға тырысамын, — дейді Ваид.

Оның ойынша, қазақ пен шешен халықтарына ортақ салт-дәстүрлер көп. Мысалы, қонақжайлылық, қыз тәрбиесіне ерекше мән беруі, үлкен адамға құрмет-ізет танытуы, т.б.

— Қазақтар сияқты шешендер де қыздардың ашық-шашық жүруіне қарсы. Егер сондай жағдай болса, тәртіп бұзуға жол берген ата-ана сынға алынады. Сосын біз тек өз ұлтымыздың өкілдеріне ғана қосыламыз. Салт-дәстүрді ұстанған нағыз қазақтар да солай ғой, бұған қатты мән береді.

Осы орайда кезінде Қазақстанды паналауға мәжбүр болған шешендерге кеңпейіл  достық көңіл танытқан қазақтарға алғысым шексіз. Бұл жақсылықты біз, шешендер, ешқашан ұмытпаймыз, — дейді шешен ұлтының өкілі.

Қазіргі таңда анасымен облыс орталығында тұратын Ваид — панкратион мен грэпплингтен Қазақстан чемпионы. Бүгінде жас спортшы өзінің шәкірттерін тәрбиелеп жүр. «28 балаға жаттығу өткіземін. Олардың арасында қазақтар да көп. Жұмыс барысында, басқалай жағдайда мемлекеттік тілді жетік білуімнің пайдасын ылғи сезінемін», — деп ағынан жарылады әңгімелесушіміз.

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнінде Ваид Магамадов барлығына мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен татулық тілейді.

Айта кетейік, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен білгеніміздей, облыста 1237 шешен ұлтының өкілі тіршілік кешіп жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button