Мереке

«Жаңғыру жолы» бірлікті насихаттайды

Анастасия Шейко — облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі.

  • Жалпы Ассамблея жастар жұмысына ерекше назар аударады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққаннан кейін, облыстық филиал жанынан «Жаңғыру жолы» деген жастардан құралған қозғалыс құрылды. Негізгі мақсат — жастарды қоғамдық жұмыстарға бейімдеу, ұлтаралық келісімді нығайту. Бүгінде құрамында орыс, украин, әзірбайжан, шешен, неміс ұлтының өкілдері бар. Сондай-ақ биылғы Еріктілер жылында Волонтерлер ассоциациясы құрылды. Бүгінде Ассамблея жастарының қатысуымен бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жиындар, спорттық, қайырымдылық шаралары, «Шаңырақ» интеллектуалды ойыны тәрізді шаралар ұйымдастырылды, — дейді ол.

Анастасия өткен жылы Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына қатысып келді.

  • Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық, бірлік пен жасампаздық — Елбасының саясаты. Татулықты ту еткен осындай жиындарға қатысу ақылы болашағымыздың жарқын екеніне сенімің арта түседі. Сессияда елімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілдері басқосып, Ассамблея жұмыстары талқыланды.Елбасымен кездескен сол сәт ерекше есімде қалды, — дейді ол.

Сондай-ақ ол 2015 жылдан бері «Славяне»орыс ұлттық-мәдени бірлестігінің өкілі.

Бүгінде құрылғанына 23 жыл болған аталған бірлестік татулық пен ынтымақтың символы саналатын 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі мерекесін ерекше атап өтетіндерін айтады.

  • Жыл сайын еліміздегі атаулы мерекелер ескерусіз қалмайды. Сондай-ақ славяндардың дәстүрлі мерекелері Масленица, Рождество күндерін атап өтуге болады. Этномәдени бірлестіктің құрамындағы «Русская песня» халықтық хоры, «Сударушки» вокалды тобы, «Радуга престиж» би ансамблі, «Коляда» фольклорлық ансамблі тәрізді өнер ұжымдары кез келген мерекелік шараларға белсене қатысады. Бірлестіктің көркемдік жетекшісі — Виктория Сурайдың еңбегін де атап өткен жөн,дейді ол.

Қазақ тілін еркін меңгерген Анастасия бүгінде Ақтөбе мұнай және газ колледжінің 3-курсында оқып жүр. Алдағы уақытта білікті маман иесі атанып, Қазақстанның дамуы жолына өз үлесін қосуды парызы санайды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button