Мереке

Ойылдың Викторы

Өткен ғасырдың ірі саяси оқиғалары көптеген адамдарды жер аударып жібергені тарихтан мәлім. Ілкіде Ойыл уезі Оралға қараған уақытта дала көтерілісшілерін басу үшін әскери бекініс салынған. Ал жылына екі рет болатын Көкжар жәрмеңкесі талай ұлт пен елдің басын қосқаны және мәлім.

Сол кезде келген өзге ұлттың саудагерлері мен көпестері «түгін тартсаң, майы шығатын» Ойыл топырағында егін салып қалып қойды. Ең бастысы, ол жер — ебін таба білген жанға пайданың отаны еді. Оның бер жағында тың игеру науқаны кезінде біраз ұлттарға Ойылдың жері бұйырды. Сондықтан өзге ұлттарының көптігімен ерекшеленетін ойдағы елдің тірлігі қызып жататын.

Бертін келе, ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардағы тоқырауда басқа ұлттар жаппай ірі қалаларға, өздерінің тарихи  отандарына көше бастады. Бәрі бірдей емес,  әрине. Көбі туған жеріндей боп кеткен өлкеде қалып қойды. Солардың бірі — Филимон Хитрук.

Ол 1966 жылы Украинадан көшіп келді де, бір жылдан соң, 1967 жылы Виктор өмір есігін ашты. Виктор кіндік қаны тамған Ойылда өсіп, ержетті. Қазақ отбасынан шыққан қыз Әлиямен тіл табысып, отау құрды. Дүниеге Татьяна есімді қыз, Владимир атты ұл келді. Одан әрі олардың өмірі  Ойылдың ар жағындағы Амангелді дейтін шағын ауылда жалғасты. Өзге ұлт өкілдері өз отандарына немесе ірі қалаларға көшсе, Виктор керісінше аудан орталығынан елді мекенге келді. Жолдасы Әлия өзінің туған жері Амангелді ауылына мектепке жұмысқа орналасты. Содан бері сол ауылдан ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Одан кейін тағы екі баланы өмірге әкелді.  Үлкен қызы Татьяна тұрмысқа шығып, жиен  сүйгізіп отырса, одан кейінгі ұлы Владимир шаңырақ құрып, ата-анасымен бірге тұрады. Бұдан соңғы ұлы Самат — студент. Кенже бала Қанат мектепте оқиды. Балаларының барлығы да оқу озаты болды.

Бұрын ауылда өзге ұлт тұрып көрмегендіктен амангелділіктер Викторды аздап тосырқағаны рас. Бірақ ол қазақшаға судай болып шықты.

Ауыл адамдарына «Витя» атанып кеткен ол қазір сол жердің байырғы тұрғынына айналды. Емін-еркін араласып, оның өзге ұлт екені де білінбей кеткен. Елгезек,  қолы ашық, әзілқойлығы бар ол туралы ешкім жағымсыз пікір айтпайды. Досқа адал, уәдеге берік, аңқылдақ мінезін жақсы көреді.

Сонымен бірге  жастар Виктордың қайсарлығына қызығады. Ол ауылдағы жалғыз Ауған соғысының ардагері. Әскер қатарында нағыз қақтығыстың ортасы Герат қаласы мен Шындант жерінде болған. Ерлігі үшін берілген бірнеше медальдардың иегері. Бірақ ол жақта болғанын абырой санап, ешқашан мақтанған емес. Бірде ауылға ит атушылар келіп, ит ұстауға көмектесуін сұрайды. Бірақ бұл бас тартады. Жалпы итті өлтіруге қарсы екенін айтады. Себебін сұрағандарға:

Ауғанстанда  душмандардың қай жерден тап беретінін білмейсің. Алдыңда неше түрлі тұзақ тұрады. Сонда «ит — адамның досы» деп бекер айтылмағанына көзім талай жетті. Әскерде жүргенде ит алдымда жатқан минаны тауып, қаншама рет ажалдан құтқарды. Сондықтан мен итті өлтіре алмаймын, — дейді.

Украинадағы туысқандарына барып тұратын Виктор ол жаққа көшу туралы ойлаған да емес. Ол жаққа барса, туған жерге асығып, кеткісі келіп тұратынын айтады.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button