Экономика

Коронавирус кезіндегі кәсіпкерлік

Әлемді жайлаған індет кәсіпкерлік саласын да айналып өткен жоқ, көптеген шағын және орта бизнес субъектілері жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Тиісінше олардың шығыны да аз емес. Осы орайда біз «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанованы әңгімеге тартып, іскер жандарға нақтылы қандай көмектің жасалып жатқанын, оларды осы уақытта не толғандыратынын,сондай-ақ жалпы аталған саланың ахуалын білген едік.

— Төтенше жағдай кезінде палата жанынан құрылған штабқа шағымданып жатқандардың көп екенін білеміз. Оларды негізінен не мазалайды?

— Иә, пандемияның салдарынан кейбір кәсіпкерлік субъектілеріне белгілі бір шектеу салынып, арасында жұмысын уақытша тоқтатқандары да бар. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының шешімімен барлық өңірлерде штабтар құрылды. Негізгі мақсат — кәсіпкерлік субъектілері мен өкілдерінің мәселелерін жедел түрде шешу.

​20 сәуірдегі жағдай бойынша еліміздегі барлық өңірлік кәсіпкерлер палаталарына 10353 өтініш түскен. Сұрақтардың негізгі мазмұны келесідей: қаржы институттарындағы несиелерін төлеуді кейінге шегеру, жүк тасымалдаудағы туындайтын мәселелер, яғни рұқсатнама алу, келісімшарттар мен арендалық төлемдер, сырттан келетін шикізаттарды жеткізуге қатысты, тағы да басқа. Әсіресе несие төлемдерін кейінге қалдыру жөнінде хабарласушылар көп. Аталмыш бағытта палата облыстық кәсіпкерлік басқармасының қолдауыменбизнес субъектілерінің банктер мен басқа да қаржылық ұйымдарға берген өтінімдеріне апта сайын арнайы мониторинг жасап жатыр. Нәтижесінде бүгінге дейін өңіріміздегі 756 кәсіпкерден өтінім түскен болса, соның 659-ның мәселесі оң шешілді. Мақұлданған өтінімдер бойынша несие көлемі 11 миллиард теңгені құрап отыр.

​Арендалық төлемдерге жеңілдік жасау мәселесі де сауда, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтандыру салаларындағы кәсіпкерлер үшін аса маңызды болып тұр. ​Сауда саласының өңір экономикасындағы үлесін (15,3 пайыз) ескере отырып, мәселені жүйелі шешу мақсатында палатаның жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына облыстық мәслихаттың хатшысы, мемлекеттік кіріс департаменті мен бірнеше басқарманың өкілдері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің, басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелері енді. Көп ұзамай облыс орталығындағы ірі сауда орындары басшылары мен олардың жалға алушыларымен келіссөздер ұйымдастырылып, төтенше жағдайда туындаған мәселелер қаралды. Нәтижесінде әрбір сауда орындары арендалық төлемдердің көлемін азайту мен демалыс беруге қатысты келісім жасалды. Орта есеппен алғанда, 30-70 пайыз аралығындағы жеңілдіктер беріледі деп келісілді.

​Сонымен қатар қызметкерлер шұғыл желі арқылы кеңестер беріп жатыр.

— Блок-бекеттерде ауыл-аймақтарға азық-түліктер тасып, саудалаумен айналысатындардың қалаға кіру жағынан қиындықтарға тап болып жатқанын естідік…

​—  Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы аясында азық-түлік тасымалдаушылар мен сатушылардың қызметі сағат 10.00-ден кешкі 20.00 аралығында болып бекітілді. Олардың қала ішіндегі немесе қалааралық қозғалысына ешқандай кедергі жоқ. Рұқсатнама алу мәселесіне келетін болсақ, осы саладағы бизнес субъектілер көлік құралдары мен қызметкерлерін «Сергек» базасына енгізу керек. Бұл жағынан мекемеміздің сарапшылары туындаған мәселелерге қатысты күнделікті қолдау көрсетіп жатыр.

Ақтөбе қаласы маңындағы блок-бекеттерге де жауапты мамандар бекітілді. Егер қозғалыс бойынша белгілі бір мәселе болса, біздің штабқа қоңырау шалсын.

— Дей тұрғанмен,қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлердің жұмысының тоқтап тұрғаны жасырын емес. Оларға, салықтан уақытша босатудан басқа, мемлекеттен қандай көмек қарастырылған?

— Ел ​Президентінің тапсырмасы бойынша бизнес субъектілері үшін «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламаларының шарттары мейлінше жеңілдетілді. ​Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бөлінетін қаражат көлемі 1 триллион теңгеге дейін ұлғайтылып, оның ішінде көктемгі егістік жұмыстарына 100 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар қосымша азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын біршама тауар тізбесі артты. Ауылшаруашылығы өндірісіне және ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қажетті 100 пайыз айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік туып отыр. Несиенің негізгі қаражаты мен пайыздық үстемесін қайтаруға жеңілдік несие мерзімінің жартысынан аспайтын мерзімге ұзартылды. Онымен қоса бағдарламаның бірден-бір қаржылай операторы —Аграрлық несиелік корпорациясы өзінің серіктестіктеріне тікелей қаражат бөлуге мүмкіндік алды. Бұл —аудан мен ауылдық елдімекендердегі кәсіпкерлер облыс орталығына келмей-ақ, тұрғылықты жердегі несиелік серіктестіктерге қаражат алуға өтінім тапсыра алады деген сөз.

​«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына да 22 сәуірде өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді ірі кәсіпорындар қолдау ала алады, ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 180 миллион теңгеге жетті, толықтай айналым қаражатына берілетін несие 360 миллион теңгеге дейін өсті. Ең бастысы — енді мемлекеттік қолдау экономиканың барлық салаларында қызмет жасайтын кәсіпкерлерге көрсетіледі. Тиімді өзгеріс деп кәсіпкерлер үшін пайыздық мөлшерлеменің 6 пайызға дейін төмендетілгенін айтуға болады. Міне, осы қабылданған шаралардың кәсіпкерлерге оң ықпал ететініне сенімдіміз.

— Қызметі тоқтамаған, қайта одан сайын күшейген кәсіпкерлік субъектілері де бар ғой. Бұған да аз-кем тоқталсаңыз…

​— Бұл жағынан нақты талдау жасап, қорытынды шығаруға әлі ерте. Себебі облысымызда пандемияға байланысты шектеу, кейіннен карантин наурыз айының соңы мен сәуір айының басында жарияланған болатын. Ал талдау ай немесе тоқсан сайын шығатын статистикалық ақпараттар мен іріктеліп өткізілетін анкета жүргізу арқылы жасалады. Бір анығы, облысымызда 1-тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерін өндіру бойынша оң нәтиже бар. Мәселен, тамақ өнеркәсібінде, оның ішінде ұн өнімдері, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5 мың тоннаға артқан, сондай-ақ макарон өнімдері 146 тоннаға, сүт өндірісі 755 тоннаға, минералды сусындар 822 тоннаға, ірі қара еті 120 тоннаға, шұжық өнімдері 67 тоннаға өскен.

Сұхбаттасқан Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button