Жаңалықтар

Жеңілдіктер категориялар бойынша аударылады

Сейсенбі күні тұрғындар сауалына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өтеген Үркімбаев жауап берді.

Бағдарлама барысында сөз алған Бұлбұл Елеусінова алдымен облыс аумағында төленіп жатқан  әлеуметтік төлемдердің жүзеге асырылу барысына тоқталды.

—Әлеуметтік төлемдерді халыққа дер кезінде төлеу — мемлекеттің алға қойып отырған басты мәселесінің  бірі. Облыс бойынша бұл бағытта нақты жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, бүгінгі күні облыста тұратын қоғамның барлық әлжуаз топтарына тиесілі төлемдер толықтай жасалды. Сондай-ақ төтенше жағдай аясында жергілікті бюджеттен 890 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Бұл 7 категория бойынша 44 500 адамға тиесілі. Бүгінгі таңда бұл қаражат тиесілі топтағы аудан азаматтарына аударылды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының тұрғындары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 7 категория бойынша республикалық бюджеттен бөлініп отырған 5567 теңге көлеміндегі ақшаны да айдың аяғына дейін толық аударып боламыз.

Және бір айта кететін жайт, Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарға, сол санаттағы мүгедектерге, тылда еңбек еткендерге жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлем қарастырылған. Биылғы төлем өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 3 есеге артып отыр. Өткен жылы Жеңісті жақындатқандар 300 мың теңгеден алған болса, биыл әрқайсысына 1 миллион теңгеден аударылды, — деген Бұлбұл Елеусінова бүгінде облыста 29 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектері тұратынын айтты.

Сауалдардың көбі бұл жолы мүгедектерге тиесілі жәрдемақыға байланысты болды. Басқарма басшысы жергілікті бюджеттен аударылған қаражаттың 1,2,3 топтағы мүгедектерге толықтай аударылып болғанын айтқанымен, аталған жәрдемақыны алмағандар көп болып шықты. Сондай-ақ әдеттегідей тұрғындардың көпшілігі 42 500 теңгеге берген өтініштерінен әлі хабар жоқтығын айтса, енді бір тобы коммуналдық төлемдер үшін беріліп жатқан 15 мың теңгенің кімдерге тиесілі екенін сұрап хабарласты.

— Бүгінгі күнге дейін Nur Otan партиясы тарапынан берілген 50 мың теңге, жергілікті бюджеттен бөлінген 20 мың теңге, сондай-ақ 5567 теңге  тиесілі деген азаматтарға толықтай аударылды. Осы жерде мүгедектігін айтып хабарласқан тұрғындардың  зейнетақысын қалай алып отырғандығын анықтауын сұраймыз. Егер алып отырған зейнетақылары мүгедектігіне байланысты болса, төлемдер міндетті түрде түсуі тиіс. Ал 42 500 теңге төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан азаматтарға тиесілі. Бұл жерде әрбір азаматтың мәселесі әртүрлі болуы мүмкін.

Ал коммуналдық төлемдер үшін берілетін 15 мың теңге 8 категория бойынша қарастырылған. Айта кетейік, бұл тек карантин енгізілген қалаларда тұратын 8 категорияға жататын азаматтарға беріледі. Ал біздің облыста тек Ақтөбе қаласы ғана карантинге жабылды. Сондықтан бұл қаражатты тек облыс орталығының тұрғындары ғана ала алады, — деді басқарма басшысы.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button