Жаңалықтар

Мәскеуден автобуспен 222 студент келді

22 сәуір күні Ақтөбеге «Теңізшевройл» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін 432 жұмысшы мен Ресейдің Мәскеу қаласынан 222 студент келді. Студенттер автобуспен жетті. Оларды шекара бекеттерінде тексеруден өткізді. Қазір сырттан келгендердің барлығы қаладағы карантиндік орталықтарға жатқызылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша,сырттан келген адамдардың барлығынан сынама алынған.

Олар карантиндік орталықта екі күн болады. Егер сынама нәтижесі жақсы болып шықса, үйлеріне жіберіледі, яғнион төрт күн үй карантинінде болады. Вахталық әдіспен келген жұмысшыларды аудан әкімдіктері арнайы автобуспен алып кетеді. Жалпы мамырға дейін вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 1847 адам келіп болады. Ал студенттердің басым бөлігі өзге өңірлерден. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларының жастары бар. Сынама нәтижесі жақсы болса,  оларды да өздері тұратын облыстың әкімдіктері алып кетеді, —деді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ басқарма басшысы індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің жағдайын айтты. Қазір инфекциялық, провизорлық госпитальдің 73 қызметкері қала сыртындағы «ГринЛэнд» демалыс кешеніне орналасқан. Олар жұмыстан кейін сол жерде тынығады. Карантиндік орталықта жұмыс жасайтын мамандарға жақын күндері «Дастан» қонақүйінен орын беріледі.

Жалпы облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Барлығы 27 адам індет жұқтырса, оның он бірі емделіп, үйіне шыққан. Қазір он алты адам инфекциялық ауруханада ем алып жатыр. Жағдайлары бірқалыпты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button