Жаңалықтар

«Сергек» қалай қадағалайды?

Тәртіп

Қазір өңірімізде «Сергек» бағдарламасы енгізілді. Бұл — Ішкі істер министрлігі іске қосқан ақпараттық база.

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, «Сергек» бағдарламасы екіге бөлінеді. Оның бірі — сергек карантин қосымшасы. Бұл Ақтөбе қаласының аумағында орналасқан 7 блок-бекетте жұмыс істейді. Ал сергек патруль қосымшасы қаланың ішіндегі қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

  • «Сергек» бағдарламасы арнайы планшетке енгізілді. Тәртіп сақшылары азаматтардың жеке сәйкестендіру және мемлекеттік автокөлік нөмірлері арқылы тексеріп, рұқсатнама құжатын қарайды. Тіршілік көзін қамтамасыз етуші мекемелер мен ұйымдар облыстық жедел штаб қызметі бекіткен тізімге енгізілді. Осы тізім бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Жұмысқа жеке көліктерімен баратын тұрғындардың жұмыс орны берген анықтама қағазы арқылы жүруіне рұқсат етілген. «Сергек патруль қосымшасы» қаланың ішінде жаяу және автопатрульдерде қолданылады. Ал, аудандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек тасушы көліктер блок-бекеттерде «Сергек карантин қосымшасы» арқылы бақыланады. «Сергекке» тіркелу мәселесіне келсек, кез келген кәсіпке, кәсіпкерлік басқармасына өтініш жолдайды. Өтініштерді облыстық әкімдіктегі арнайы жұмыс тобы зерделеп, облыстық полиция департаментіне жібереді. Біз деректерді «Сергек» базасына енгіземіз, — дейді Ардана Саймағамбетов.

Сондай-ақ басқарма бастығы бүгінде облыс бойынша 28 блок-бекет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп тұрғанын айтады. Оның ішінде Ақтөбе қаласының аумағында 7 блок-бекет бар.

  • Қазіргі таңда карантин режимі күшейтіліп, қалаға кіру және шығу мәселелері қатаң қадағалануда. Барлық блок-бекеттерде полиция қызметкерлері, әскери сарбаздар тәулік бойы жұмыс жасауда. Ал қаланың ішінде автопатрульдер автокөліктердің қозғалысын, жаяу патрульдер тұрғын үйлерді аралап, жаяу жүргіншілерді тексереді.

Атап айтсақ, Ақтөбе қаласы бойынша 563 адам қоғамдық қауіпсіздіктіқамтамасыз етеді. Жол қауіпсіздігін 363 полиция және 90 Ұлттық ұлан қызметкерлері  бақылайды, — дейді ол.

Оның айтуынша, қатаң тәртіп бұзушыларға бірден шара қолданылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, бұл мәселе бойынша құжаттар сотқа жолданады.

  • Қазір карантин режиміне байланысты сотқа жолданған құжаттар онлайн түрде қаралуда. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Сондай-ақ Әкімшілік кодекстің 478-бабына сәйкес сот арқылы шешім қабылданады, — дейді Ардана Саймағамбетов.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, карантин кезінде 600-ден астам тәртіпбұзушылық дерегі тіркелген.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button