Мәдениет

Аудандар: өнерпаздар үн қосты 

Облыстық халық шығармашылығы орталығының «Жайнай бер, өнер, жаңаша!» атты онлайн-концерттері күн сайын сағат 11.00 мен 18.00-де жалғасып жатыр. Тікелей эфирде өтетін мәдени шараларды тамашалайтындар күн санап көбею үстінде. Соған сай, өнерпаздар әртүрлі бағдарламасын ұсынуда. Олардың дені ауданның мәдениет қызметкерлері. 

«Жыр жауһары» деп аталған ендігі дәстүрге айналған өнер мерекесіне Байғанин ауданынан әкелі-балалы Құрал мен Иманжүсіп Беркалиндер және Медет Қалмұрат қатысып, игі бастаманы іліп әкетті. Олар Ақтанның «Жайық деген жанды су», Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек туралы жыры» секілді рухани байлық, адамгершілікті насихаттайтын термелерді орындады. Осылайша, байғаниндік өнерпаздар бір сағат бойы тікелей эфирде көрермендерге естен кетпес кеш сыйлады. Ұмыт болып бара жатқан байырғы музыкалық шығармалар да орындалды.

Келесі кезекте қарғалылық белгілі композитор Дабыл Даурбаевтың кеші өтті. Кеште өнер иесі өз туындыларын қызы Жансаямен әуелетті.

Сондай-ақ жаhандық желі арқылы ақтөбеліктер отбасы құндылықтарын насихаттап, ел-жұртты ән-күймен сусындатып жүрген халықтық Темір ауданындағы Шылмурзиндердің «Гүлсана», Ойыл ауданындағы Ешпановтардың «Шапағат», Ырғыз ауданындағы Ұзақбаевтардың, Хромтау ауданы Бөгетсай ауылындағы Мырзахметовтердің «Ор толқыны» және Алға ауданындағы «Ақжол» халықтық вокалдық тобының сан қырлы өнеріне тәнті болды. Тікелей эфирде жергілікті композиторлардың шығармаларымен қатар, ел арасында кеңінен танымал  әндер шырқалды.

Күндізгі тікелей эфирді  күй құдіретін танытқан Мұғалжар ауданынан белгілі күйші, сазгер, ұлағатты ұстаз Балымбет Күзенбаев жалғастырды. Бұл кеш сұхбат түрінде өткізілді. Ерекше форматтағы кештің иесі күйлерінің шығу тарихын да баяндап берді. Атап айтсақ, үкілі домбырамен өнерсүйер қауымға «Толғаныс», «Сағыныш», «Үш таған», «Жолаушы», «Қимас ғұмыр», т.б. күйлерін тарту етті.

Ал орталықтың жанындағы жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Марат Ахметовтің «Ой толғам» онлайн кездесуіне ақын-сазгерлер Оралбай Кәметия, Сайлаубек Елманов, Талғат Тілеулесов, Шыңберген Сүлейменовтер қатысты. Сыр-сұхбатқа құрылған кездесудің негізгі контенті — үйде отырған көптеген көрермендер. Тікелей эфирде олар пікір жаза отырып, қонақтармен әңгіме өрбітіп, сұрақ қойды.

Сонымен қатар, аудандық Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда көптеген үйірмелер мен «халықтық» (үлгілі) атақтары бар көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істейтіні белгілі. Бүгінгі таңда олар да өз мүшелерімен бірігіп, қашықтан жұмысын жалғастырып жатыр. Соның бірі — Қобда аудандық Мәдениет үйінің «Қарлығаш» би ансамблі. Аталған би ұжымы халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген.

Би ұжымының көркемдік жетекшісі Гүлназ Таңжарықова мен хореографы Алтынгүл Тұрарова сюжеттік, тақырыптық, жеке орындаушыларға арналған билерді қоюмен де айналысып келеді. Репертуарында көптеген хореографиялық қойылым бар. Қазіргі уақытта би ұжымының мүшелері дайындығын шыңдап, үйде жаттығуда.

Ән айта білу де өнер. Ал өнеріңді жеткізе білу – шеберлік. Осы орайда аудан өнерпаздары жергілікті композиторлардың әндерін бірге шырқап, тікелей эфирде өнерін ортаға салып жатыр. Бұл төтенше жағдай уақытында халықтың көңілін көтерудің бір амалы. Және аталған бастамамыздың баянды болғаны бізге зор қуаныш сыйлайды. Оған дәлел әлеуметтік желілер арқылы жазылған ақжарма тілектер, көрермендер қатарының күн санап артуы, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button