Жаңалықтар

Індетке қарсы ілкімді істер

Жарты әлемді жаулаған коронавируспен күресте Темір ауданында бірқатар игі істер атқарылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Елдегі төтенше жағдайға байланысты мұқтаж отбасыларға «Біз біргеміз» акциясы аясында азық-түлік себеттері берілді. Оған «Ар-Амир» сауда үйінің иелері Алтынбек пен Гүлнұр Мұстафиндер атсалысып, аудандағы 100 мұқтаж отбасыға осындай қолдау көрсетті.

Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы М.Бекетаев Алтықарасу және Қайыңды ауылдарына барып, пандемия кезінде қабылданып жатқан шаралардың орындалу барысымен танысты. Сапар барысында ауыл аумағына сырттан келген адамдардың кіргізілмеуі, жергілікті тұрғындардың сыртқа шықпауы, азық-түлік дүкендерінің талаптарды орындауы және оқушыларды қашықтан оқытуға жағдай жасау сынды мәселелер талқыланды. Осы орайда аудан әкімі де құзырлы орган өкілдеріне төтенше жағдайдың ережелерін сақтай отырып, ауылды көркейтуге бағытталған жұмыстардың уақтылы іске асуын қамтамасыз етуді де тапсырғанын айта кету керек.

Мәдениет мекемелері де қарап отырған жоқ. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері бетперде тігіп, оны тұрғындарға таратып жатыр.

Өз кезегінде аудан әкімі мемлекет тарапынан 42500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік төлемдерді  алу үшін тұрғындарға«Бір терезе» қағидатымен қызмет ететін мекемелердің жұмысын пысықтады. Кейін өтінішпен келген тұрғындарға төтенше жағдай кезінде тағайындалатын жәрдемақы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін көрсетіп отыр. Тұрғындар шектеулердің мақсатын түсініп, бетперделерін киіп, сақтық шараларын қолға алғандығы байқалады,дейді аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ, 

Темір ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button