Жаңалықтар

Инфекция жұқтырған үш адам тіркелді

Бүгін, 4 сәуірде, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам тіркелді.
4 сәуір күні таңғы сағат 08.19-да Қобда ауданындағы блок-бекетте екі ел азаматы, атап айтсақ, Москва-Воронеж-Түркістан бағытындағы транзиттік көлік жүргізушілерінің ауырып келе жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Жүргізушілердің бірінің жолда қызуы көтеріліп, тамағы қышып, бойынан әл кеткен.
Осы хабар түскен бойда блок-бекетке жедел жәрдем бригадасы шақырылып, науқас жүргізуші мен оның серігі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Коронавирус инфекциясына қарсы алынған вирусологиялық талдаулар олардың қауіпті індетті жұқтырғанын растады.
Ал үшінші азамат коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған. Ол да дереу жұқпалы аурулар стационарына жатқызылып, қазіргі таңда қажетті емдік шараларды қабылдап жатыр.
Дезинфекциялық қызмет мамандары науқас тұрған подъезде дезинфекциялау және санитарлық шараларын өткізді.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы және облыс аумағындағы жағдай тәулік бойы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қатаң бақылауында.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы
мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button