Білім

Облыста қашықтан оқыту екі әдіс бойынша жүзеге асырылады

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет және облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қашықтан оқыту жайында тікелей эфир арқылы брифинг өткізді.
— 6 сәуірден бастап елімізде оқушыларды қашықтан оқыту жүзеге асырылады. Бүгінгі күні облысымызда 151 058 бала оқитын 402 мектеп бар. Осы мектептердің ішінде 186-сы алдағы уақытта «Еларна», «Балапан» телеарналар арқылы оқытылатын болады. Ал 216 мектепте оқитын 134 288 оқушы интернет порталдалдары (Kundelik.kz, BilimLand.kz) арқылы білім алады. Облыстағы мектептердің 70 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан, олардың 93 пайызы электрондық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Төтенше жағдайға байланысты облыста ешқандай мектеп штаттық режимде, яғни дәстүрлі түрде оқытылмайды. Негізінен қашықтан оқыту осы екі бағыт бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ колледж оқушылары да осы бағытта білім алатын болады. Қазір біз қашықтан оқытуға байланысты облыс тұрғындарынан түскен сауалдарға жан-жақты жауап беріп жатырмыз, — деді М.Шермағамбет.
Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта өңірдегі мектептердің балансына 3 мың компьютер беріледі. Оған бюджеттен 500 млн теңге қаражат бөлінбек.
— Биыл 6 сәуір-25 мамыр аралығында орта мектептерде білім беру қашықтан оқыту арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі қашықтан оқытудың 4 әдісін ұсынған болатын. Облыс бойынша біз оқытуды екі әдіс ақылы жүзеге асыратын боламыз. Олар — интернет порталдары және «Еларна» «Балапан» телеарналары арқылы қашықтан оқыту.
Бүгінгі күні 4-тоқсанның сабақ кестесі білім бөлімдеріне, мектептерге таратылып, әлеуметтік желілерге салынуда. Ал оқушылармен кері байланыс Kundelik.kz, BilimLand.kz, Daryn.onlinе порталдары және WhatsApp арқылы жүргізіледі, — деді Л.Оразбаева.
Елімізде бұған дейін шалғай ауылдарда білім беру, яғни контингенті 80 баладан аз мектептердің оқушылары дәстүрлі түрде оқытылатындығы айтылған. Алайда соңғы өзгерістерге байланысты төтенше жағдай кезінде мектептерде дәстүрлі оқыту жүргізілмейді. Қазіргі таңда облыстағы мектептерде 7 мыңға жуық оқушы мектептің балансындағы компьютермен қамтамасыз етілген.
— Оқушыларға берілген мектеп балансындағы компьютерлер 4-тоқсаннан кейін кері қайтарылады. Сондықтан ата-аналар мен оқушылардан оларды ұқыптап ұстау және тек қана қашықтан оқытуға пайдалану сұралады, — деді Л.Оразбаева.
Оның айтуынша, ертеңнен бастап облыстық білім басқармасының YouTube каналына 0-11 сыныптар аралығындағы барлық пәндерден берілетін тапсырмалар жүктеледі. Сонымен қатар телесабақтардың барлығын алдағы уақытта қосымша интернеттен көруге болады.
— Қосымша білім беруге келсек, бұл мекемелер қазір жұмыс жасамайды.
Дегенмен бірқатар қызметкерлер әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы би, бейнелеу өнері, музыка, технология пәндері бойынша қосымша бейнесабақтар жүргізетін болады. Ал балабақшалардағы тәрбиешілер мен қызметкерлердің орны, еңбекақысы 100 пайызға сақталады, мемлекет тапсырыс төленеді, — деді басқарма басшысы.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button