Жаңалықтар

Тұрғындар сауалдарына тікелей эфирде  жауап берді

Брифинг

Бейсенбі күні жергілікті «Aqtòbe» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова тікелей эфирде (87132-22-11-55) облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Бағдарламада алдымен Нұржауған Қалауов облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен шектеу кезінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Қазіргі таңда облыста жағдай қалыпты. Өкінішке қарай, республикада эпидемиологиялық ахуал күрделірек. Күн сайын өзге өңірлерде індетке шалдыққандардың саны артуда. Бүгін облыста коронавирустық инфекция жұқтырған бесінші науқас тіркелді. Бұл науқас осыған дейін инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Қазіргі таңда барлық науқастар мен инфекцияның белгілері бар азаматтар ауруханаларда жатыр. Негізінен, инфекция жұқтырған азаматтардың барлығы — шетелдерден және осыған дейін шектеу жарияланған қалалардан келгендер.

Бүгінгі күні облыста тұрақты штаб жұмыс жасауда. Барлық мәселелер облыс басшысының бақылауында. Шектеу жағдайында бүгін үшінші күн жұмыс жасап жатырмыз. Біздің облысымыз еліміздегі транзиттік орталық болып саналғандықтан, өңір аумағына 28 блок-бекет қойылды. Атап айтсақ, оның жетеуі Ақтөбе қаласының маңында орналасқан. Олар қауіп-қатерді азайту, көлік ағымдары мен адамдар қозғалысын шектеу мақсатында қойылып отыр. 31 наурыз-2 сәуір аралығында облыс аумағымен 3600 жүк көлігі өткен. Қазір аталған барлық блок-бекеттерде қауіп-қатерді азайту бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Ал бүгінге дейін облыс тұрғындары шектеу шараларына байланысты 906-606 call-орталығына хабарласып, өз сауалдарын жолдауда. Аталған call-орталыққа күн сайын мыңнан аса сұрақ келіп түседі, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Бұдан кейін Нұржауған Қалауов пен Бұлбұл Елеусінова тұрғындардың әлеуметтік желілер мен бағдарламаның тікелей эфирі арқылы қойған сауалдарына жауап берді.

Студияға келіп түскен алғашқы сауалда К.Нокин ауылының тұрғыны елді мекендегі әлеуметтік дүкеннің неге жұмыс жасамай тұрғанын сұрады.

Бұған облыс әкімінің бірінші орынбасары былай деп жауап берді:

Облыс аумағына шектеу енгізілгенмен, азық-түлік дүкендері, дәріханалар жұмыс жасайды. Қазіргі таңда облыста азық-түлік қоры жеткілікті. Қала аумағында орналасқан әлеуметтік дүкендер жұмысын жалғастыруда. Біз алдағы уақытта аталған дүкеннің не үшін жұмыс жасамай тұрғанын анықтайтын боламыз. Жалпы азық-түлікке қатысты сауалдарыңыз болса, call-орталыққа немесе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласуларыңызға болады.

Бұдан кейін бала күтімімен отырған үш баланың анасы тікелей эфир арқылы өзіне әлеуметтік көмек тиесілі ме екенін, сондай-ақ балаларын қашықтан оқытуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, сауалын жолдады.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде республикалық бюджеттен аударылған қаржы аясында қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 6-18 жас аралығында әр балаға 5647 теңге көмек көрсетілетін болады. Мәселен, төрт баласы бар отбасы төтенше жағдай кезінде бір реттік 20 мың теңге көлемінде көмек алады. Яғни сәуір айынан бастап әр жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі 27666 теңгеден кем болса, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Облыста осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 890 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда облыс бойынша 44500 тұрғын осы көмекке ілігіп отыр. Ал қашықтан оқытуға келсек, егер сіздің қолыңызда компьютер немесе смартфоныңыз болмаса, балаларыңызды «Еларна», «Балапан» телеарналары арқылы оқытуыңызға болады, — деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Бағдарлама аясында келіп түскен сауалдардың көбі төтенше жағдай кезінде берілетін ең төменгі жалақы мөлшеріндегі, яғни 42500 теңге жәрдемақы алуға қатысты болды.

Тұрғындардың бұл сауалына басқарма басшысы:

— Бүгінгі күні Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем енгізілген, табысынан айырылған тұлғаларға 42 500 теңге беріледі. Қазіргі таңда облыс бойынша аталған жәрдемақыны алуға 4 мыңнан астам өтініш түсті. 500 адамның құжаттары тексеріліп, комиссияға жолданды. Бұл жерде айта кету керек, тұрғындар жәрдемақы алу үшін алдымен «Электронды үкімет» порталы арқылы өтініш беріп, ондағы қосымшаларды сауатты, сапалы толтыруы керек. Бірқатар азаматтар аталған қосымшаларды толтырған кезде қателік жіберіп, кейін шағым айтып жатыр. Сондықтан аты-жөніңізді, мекенжай және ЖСН нөміріңізді қатесіз жазуларыңызды сұраймыз.
Ал сіз ресми түрде еш жерде жұмыс істемейтін болсаңыз, 42500 теңге жәрдемақы алу үшін «Халық банк», «Fortebank», «Сбербанк», «Bank Center Credit», «Каспи банк» мобильді қосымшалары және «Қазпошта» бөлімшелері арқылы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуіңіз керек. Атап айтсақ, қалада тұрсаңыз, төлем жарнасы — 2501 теңге, ауылда тұрсаңыз 1325 теңге төлейсіз. Аталған өтініміңіз үш жұмыс күні ішінде қаралатын болады,
— деді.

Сондай-ақ бағдарламада қаладан ауылға қайту үшін блок-бекеттен өтуге рұқсат қағазын алу, атаулы әлеуметтік көмек алудың шарттары, мүгедек балалардың жәрдемақы алуға мүмкіндігі, қашықтан оқыту үшін балаларды компьютермен қамту, т.б. мәселелерге қатысты сауалдар қойылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов көлік қатынасы шектеліп, блок-бекеттер қойылған, қалаға қарасты ауылдардың тұрғындарынан түскен сауалдарға да жауап берді.

— Қазіргі таңда блок-бекеттердегі шектеулерге байланысты Өлке, Шилісай, Бауырластар сияқты қалаға қарасты елді мекендердің тұрғындары қатынай алмай отыр. Себебі бұл ауылдарға баратын көліктер айналма жолдар арқылы өтеді. Сондықтан алдағы уақытта аталған елді мекен тұрғындары қалаға өздерінің учаскелік инспекторлары мен әкімдік қызметкерлерінің рұқсатымен ғана келе алады.

Негізінен біз облыста енгізілген шектеу шаралары 15 сәуірге дейін жалғасатынын, облыс орталығы мен аудандар арасына көлік қозғалысы мен адамдардың қатынауына шектеу болатынын алдын ала ескерткенбіз. Дегенмен қазір жұмысына байланысты қала мен ауыл арасына қатынай алмай отырған азаматтар тарапынан сауалдар көптеп түсіп жатыр. Бұл мәселе бойынша аталған азаматтар Ақтөбе қаласы, Астана, Алматы аудандары әкімдіктеріне барып, рұқсат қағаз алуына болады. Бұл жерде атап өту керек, блок-бекеттер қауіпсіздікті нығайту үшін қойылды. Сондықтан біз облыс тұрғындарына аса бір қиындық тудырған мәселе болмаса, бейберекет жүруге болмайтындығын ескертеміз. Сондай-ақ үйден шықпай, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамыз, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button