Мереке

Этноәшекей — әрдайым сұраныстағы бұйым

Ақтөбелік Нұржігіт Олжаев ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға тапсырыс берушілер қай кезде де көп болатынына сенімді. Жас зергердің сөзінше, ою-өрнектермен бедерленген білезік, сақиналарға тек наурыз айында халықтың қызығушылығы оянады деу — қате пікір. Таяуда ғана «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы арқылы Үкіметтің қаржылай грантын иемденген ол, осылайша, өңірде этнобизнесті дамытпақ. 

21 жастағы жігіт былтыр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне әу баста мектептегі ұстазы әсер етіпті.

— Темір ауданында туып-өстім. Жастайымнан қолөнермен айналысып, соның ішінде ағаш жонуыма, одан түрлі бұйымдарды жасауыма көмектескен — мектептегі еңбек пәнінің мұғалімі Бағдат Есенғұлов. Сол кісіні алғашқы ұстазым деп есептеймін. Кейіннен түрлі металдардан басқа да заттарды әзірлей бастадым. Марқұм боп кеткен ағайымнан көп нәрсені үйрендім, — деп әңгіменің тиегін ағытқан Нұржігіт бірте-бірте зергерлік өнерге ден қойғанын атап өтті. Бұл істе, әлбетте, өзі білім алған жоғары оқу орнындағы педагогтардың да септігі мол.

Өткен жылдың соңында «Бастау» жобасының арқасында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 1 ай білікті мамандардың дәрісін тыңдаған жас талап іле-шала арнаулы комиссияның алдында бизнес-жоспарын сәтті қорғап шығады. Көп ұзамай 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанады. Аталған қаражатты қалай жаратқаны жөнінде: «Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. 2019 жылдың күз мезгілінде өткен курс білімімді шыңдап қана қоймай, оқу-ізденістің адамға тек оңды әсер ететінін кезекті рет ұғындырды. Кейіннен алматылық шебер Абзал Молдабектің тәжірибесіне қанық болып, оның әдіс-тәсілдерін өз көзіммен көруге мүмкіндік туды. Болашақта өзімнің қолтаңбамды қалыптастыруда бұның шарапаты тиетініне күмәнім жоқ», — деп сыр шертеді жас зергер.

Бүгіннің өзінде Нұржігіттің авторлық жұмыстары бар. Айталық, ол өзі үлгісін (эскиз) сызып, қолдан соққан білезік, алқаларына тапсырыс беретіндер баршылық көрінеді. Мұндағы ерекшелік — оның әр еңбегін ою-өрнекпен көмкеруі, сұранысқа қарай адамның есімін, белгілі бір датаны, тіпті қысқа тілекті де қашауы. Ер адамдар тағатын жүзік, шашбау, басқа да әшекей бұйымдарды жасайтынын айтқан әңгімелесушіміз әзірге тек күміс металмен жұмыс істейді екен. Ал материалды ол Алматы қаласынан алдыртады. Зергерлік бұйымдардың бағасы туралы бірер сөз: бәрі жасалу күрделілігі мен салмағына байланысты. Мысалы, алқа мен сақина-жүзіктердің құны — 10  мың теңге, білезік 25-30 мың теңгеден жоғары.

— Тапсырыстар негізінен әлеуметтік желі арқылы түседі. Есептеп қарасам, ақпан айынан бері 30-дан астам адамға зергерлік бұйым жасаппын. Бір жағынан, халықаралық әйелдер күнінің де әсері болды. Қазір көпшілігі ешқайсысына ұқсамайтын, ерекше сый жасағанды тәуір көреді ғой, — дейді Н.Олжаев.

Әңгіме арасында сурет те салатынын айтқан өнерлі жігіт кезінде бұл бойынша тапсырыс та қабылдаған екен. Дей тұрғанмен, ол енді зергерлік қабілетін одан әрі жетілдіріп, осы мақсатта байқау-симпозиумдарға қатысып көргісі келеді. Өзінің авторлық топтамасын дайындау да арзу-арманы. «Жеке шеберханамды ашсам, Ақтөбеге танымал зергер болсам деген тілегім де бар. Өзімнің брендімді қалыптастыру — басты мұратым», — деді сөз соңында этнобизнеске енді қадам басқан ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button